Жан жылуы жетіспейді

Бұл өмірде әрбір адамның маңдайына жазылған тағдыры болады. Бірақ, соған қарамастан, бәрі де бақытты болуға лайықты. Жылуды да, жақсылықты да отбасынан іздеген жетімдер үйлеріндегі балақайлар үшін ата-ананың мейірімінен артық ештеңе жоқ.

Мен еңбек ететін Есіл қаласындағы №2  балалар үйінде 5 жас пен 18 жас аралығында 93 бала тәрбиеленуде.  Оның 49-ы қыз, 44-і ер бала. Олардың әрбірінің тағдыры әртүрлі. Мәселен, қайбірінің ет жақындары айықпас дертке шалдығып, баланы күтіп-бағатын басқа ешкім болмаған соң, бізге әкеліп тастаған. Ал, қайбірі ата-анасы есірткі қолданып, ішкілікке салынғандықтан, енді бірі сол туғандары мезгілсіз қайтыс болып, қараусыз қалғандықтан балалар үйіне тап болған. Түрлі себептерге байланысты өз балаларынан бас тартқан ата-аналар да кездесіп жатады.  
Бала – ата-ананың бауыр еті. Бауыр етіңнен жаралған соң, сол көз қуанышыңның бақытты ғұмыр кешіп, толыққанды отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленгені дұрыс қой. Әрине, ата-ана ол үшін барын да, жанын да беруге даяр. Десек те, мұндай бақыттың жұрттың бәріне бірдей бұйыра бермесі белгілі. Қазіргідей бейбіт заманда ұрпағымыздың өзге ортада жәутеңдемей, өз үйінде өскені жөн болар еді. Бірақ, дүниеге шыр етіп келген сәбидің тірі жетімге, я болмаса тұл жетімге айналуы – бүгінгі қоғамның ауыр дертіне айналып барады. Жетімдер үйіндегі балалар ғимаратқа енген әрбір жанға жалтақтап, солардың арасынан бір жақын адамын іздейді. Оларға қарап тұрып, жан-жүрегің езіледі, көзіңе еріксіз жас келеді.
Әрине, жетім балалар туралы сөз қозғағанда, әңгіменің бір ұшы оларды асырап алуға келіп тірелетіні белгілі.  Қазақстандық балақайлардың мұхит асып кеткенінен өз елімізде қалғаны дұрыс қой. Әрбір бөбектің өз ата-анасының қамқорлығында өскеніне, ал жетім балалардың отандық отбасыларда тәрбиеленгеніне не жетсін?! Бұл еліміздің демографиялық ахуалының сәл де болса жақсаруы үшін де аса қажет. Қазақ қашанда жетімін жылатпаған, жатқа бермеген, олардың тағдырына бейжай қарамаған халық. Сондықтан да, қазіргі қаракөз сәбилер де шетел аспай, өз топырағында тәрбиеленуі керек.
Ол үшін патронаттық тәрбиені кеңінен насихаттаған абзал. Мәселен, біздің балалар үйінен бала  асырап алу үшін аудандық білім бөлімінің қамқоршы және қорғаншылық бөліміне хабарласуларыңызға болады. Қазіргі таңда патронаттық тәрбиеге бала алған отбасыларға мемлекет тарапынан еңбекақы төленеді, еңбек өтілімі жүреді, бір балаға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаражат бөлінеді. Бізде осы оқу жылы басталғалы бері екі бала патронаттық тәрбиеге берілді, тағы бес баланың ата-анасы табылып, олар өз отбасына оралды.
Балалар үйіндегі бүлдіршіндер жатар орын, киер киімге кенде емес. Олар жақындарының жан жылуына  зәру. Сондықтан да, оларды осы мейірім шуағына бөлеуге, яғни, көздері мөлдіреген сол жетімдерді шамамыз келгенше асырап алуға  тырысайық демекпін.

Құдайберген ХОНАРБАЙ,  
Есіл қаласындағы №2 балалар үйінің балалар құқығын қорғау маманы, әлеуметтік педагог.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар