«Суық циклон келе жатыр»

Жуырда редакциямызға белгілі жұлдызшы Назарбек ҚОЖАМСЕЙІТОВ соғып, өзінің біршама болжамдарымен бөліскен еді:

– Менің болжамдарым әрқашан тура келеді. Жалғыз ауа райының болжамдары емес, мен саяси болжамдарды да тура айта аламын. Маған кейбір таныс саясаткерлер алдағы президенттік сайлаудың қалай өтетінін есептеп қой деп тапсырма берді. Оны да есептеп қойдым.
– Оны сіз есептемесеңіз де жұрттың бәрі біледі. Алдағы ауа райы туралы қандай болжам айтар едіңіз?
– Солтүстік облыстарда сәуірдің 10-ында суық циклон келеді. 18-20 сәуірде қара дауыл соғып, қара суық болады. 2 мамыр кезінде де ауа райы бұзылып, арты қар аралас жаңбырға айналады. Күн күрт суытады.
– Қазір ауа райы күрт суытып немесе күрт жылып, халықты әбден мезі қылды. Осының себебі неде деп ойлайсыз?
– Оның басты себебі, Ресейдің Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырып жатқан зымырандарында. Зымыран ұшса болды – ауа райы күрт бұзылады. Және ол қыста күрт жылымық, жазда күрт суық әкеліп, ылғалды шамадан тыс жаудырады. Мәселен, былтыр 17 наурызда «Протон» ұшырылған соң Павлодар қаласында екі күн 30 градус, екі күн 28-29 градус ыстық болды. Бұл уақытта еліміздің солтүстік-шығысындағы осынау қалада мұндай ыстық ешқашан болмауы керек еді. Соның кесірінен қар күрт еріп, көптеген шаруашылықтар мен нысандар судың астында қалды. Қарағанды облысындағы су қоймасы бұзылып, көптеген шығын болып, бес адамның ажал құшқанын да білесіздер. Атбасар ауданы да суға кетіп, зиян шаш-етектен болды. Сол кезде елдің оңтүстік өңіріндегі Таразда ауа райы 23, ал, Алматыда 19-20 градус қана болды. Жуырдағы табиғат ауытқушылықтары да 19 наурызда ұшырылған «Протонның» кесірі. Әйтпесе, Алматыда қыстың аяғында осындай көлемде қар жауар ма еді? «Қазгидромет» мұндайдың себебін ғылыми дәлелі болмаған соң айта алмайды. Ал, мен оны үнемі айтып келе жатырмын. Табиғат өз тыныштығының, өзінің экологиялық теңгерімінің бұзылғанын ұнатпай, оған өзінің қатал жауабын береді. Сондықтан, зымырандарды тек белгілі уақыттарда ғана ұшыруға келісім беру керек. Соның ішінде көктем мен күздегі жиын-терін науқаны аяқталғанша оларды жібермей қоя тұру керек, оған мораторий жариялау керек деп 2009 жылдан бері айтып келе жатырмын. Оған ешкім жауап та бермейді, құлақтарына да ілмейді.
– Зымырандар тек Қазақстан өңіріне ғана зиянын тигізе ме? Америкалықтар да ұшырып жатыр емес пе, оларға да зиянын тигізе ме екен?
– Әрине, жалғыз Қазақстан емес, оның зардабы Ресейдің өзінің аймақтарына тиіп жатыр. Мәселен, 2014 жылдың 27 мамырында ұшырылған «Протонның» кесірінен ыстық пен суық араласып, жаңбыр шелектеп жауды. Ресейдің үш облысын су басты. Зея мен Катунь өзендерінің қосылған жеріндегі судың деңгейі 6 метрге дейін көтерілді. Жақын маңдағы барлық елді мекендерді су басып, келтірілген шығын 200 миллиард рубльге жетті деген ақпараттар айтылды. Ал, Америкаға келетін болсақ… Мен өзімнің «Табиғат апаттарының жиілеу сыры неде жатыр?» деген мақаламда Батыс Америкада қазан айында ауа райы күрт суытып, бір метрден артық қар түскенін айтқанмын. Сондай-ақ, салмағы 300 грамға жететін бұршақ жауып, машиналардың төбесін тескенін айтқан едім… Мұндайлардың бәрінің түбінде адам қолымен істелген техногендік залалдар жатыр. Америкалықтар экономикасы мен әскери қуаты жағынан Ресейден әлденеше есе қуатты мемлекет бола тұра, өздерінің жерсеріктерін орбитаға Ресейдің «Протон» зымырантасығыштарымен миллиардтаған доллар төлеп ұшырып жатқанына неге назар аудармаймыз? Зиянды болмаса олар өздерінде-ақ ұшырар еді ғой…
–  Осындай зияндылықтары бар деп ауызша айта бергеннен гөрі зияндылықты ғылыми жолмен дәлелдеп, Үкіметке неге хат жазбасқа?
–  Мені ешкім де тыңдамайды. 2009 жылдан бері айтып келе жатырмын дедім ғой… Ал, ғылыми орындар оны дәлелдеуге не шамасы жетпейді немесе мұндайды айтпаңдар деп біреулер қорқытып тастаған. Сондықтан, ауыздарын ашпайды.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».
(3 сәуір, 2015 жыл).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар