Сегіз қырлы, бір сырлы

 Адам баласының жан сұлулығы туған жердің табиғатына байланысты болатыны бар. Аузын ашса, жүрегі көрінетін әріптесіміз Қалымбек Мұхамед-жанов Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының Бірлестік ауылында дүниеге келді.

  Ал, балдәурен балалық шағы табиғаты әсем Сырымбет тауы маңындағы Сарыбұлақ ауылында тұрған атасының шаңырағында өтті. Атасы Мұхамеджан Есімхан төреден тарайды. Жастайынан жетімдік пен жоқшылықты көрген, әрі сөзге шешен жан болатын. Өзі шопан болып еңбек ете жүріп, ұл-қыздары Әрнәш, Сәрсен, Күлмарай, Көпей мен Кенжебекті жоғары оқу орындарында оқытты. Бала Қалымбектің әдебиетке жақын болуына да ықпалын тигізді. Мұхамеджан атай көршілері Ертай, Қабдолла сияқты ақсақалдарды қайыңның аясына отырғызып, немересіне батырлар жыры мен хиссаларды оқытатын. Қалымбек ауылдағы бастауыш мектептің табалдырығын аттады. Одан әрі оқуын Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы № 3 қазақ орта мектебінде жалғастырды. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы»,– дейді дана халқымыз. Осы жылдары Нұртай Баймағанбетов басқаратын мектепте білікті мұғалімдер көп болатын. Ұлағатты ұстаздардың арқасында оқушылардың көбі әдебиет пен спортқа қызығушылық танытты. Қалымбек жоғары сыныпта оқитын ақын Қорғанбек Аманжолов және бокспен айналысатын Еркін Кәмәлиев пен Шаймұрат Қоңыров сияқты ағаларына еліктеп өсті. Алтыншы сыныпта бокс секциясына қатыса бастады. Кейін бокстан қала мен облыстың чемпионы атанып, республикалық жарыстарда жүлделі орындардан көрінді. Қазақстанның екі дүркін чемпионы болған спорт шебері Қуанышбек Әжіғұловтың жаттықтырушысы болды. Сол кезде Қалымбек өлең жазуға да құштар еді. Қабырға газетіне арнап жазған тұңғыш өлеңін күні бүгінге дейін есінен шығармайды. Оның ауыл өмірі жайлы жазған мақалалары облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде жарық көріп жүрді. Мектеп бітірер алдындағы әдебиет пәні емтиханының шығармасын өлеңмен жазады. Осы өлеңімен республикалық конкурста Ұлықбек Есдәулетовтан кейінгі екінші орынды иемденгені бар.
– Өлең жазуыма, журналистика саласына келуіме ақын Қорғанбек Аманжолов ықпал етті,– дейді Қалымбек Әрнәшұлы, – марқұм Ойрат Асанбаев мақала жазуды үйретті. Алғаш рет облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне мақала апарып жүріп, Маман Ементаев пен Жұмабай Есекеев сияқты ағаларыммен таныстым. Олар өңдеген мақаламды «өзім жаздым ба» деп танымай қалатынмын. Сөйтіп, ағалардан көп үйрендім.
Қалекең әскери борышын Киевтегі спорт батальонында өтеді. Мұнда тек қана спортпен айналысып, әр түрлі чемпионаттардың жүлдесіне ие болды. Бокстан қарулы күштердің кубогі үшін болған жарыста үшінші орыннан көрінді. Елге оралғаннан кейін көп ұзамай Арқалық қаласына ағасы Сәрсенбек Мұхамеджановтың ақыл-кеңесімен қоныс аударды. Мұнда да қалалық спорт комитетінде нұсқаушы әрі жаттықтырушы қызметтерін қатар атқарды. Қолы босаған сәтте облыстық «Торғай таңы» газетіне мақала жазып жүрді. Талабын аңғарған облыстық радионың басшылары өздеріне қызметке шақырды. Осылай Қалымбек Әрнәшұлының журналистика саласындағы өмірі басталды. Кейін облыстық «Торғай таңы» газетіне тілші болып ауысты. Сол кезде мұнда Болат Әлденов, Әбжан Әбілтаев, Мақсұтбек Сүлейменов сияқты дарынды журналистер жұмыс істейтін. Әсіресе, Жақсылық пен Балмағанбет Жүнісовтер Қалекеңнің журналист болып қалыптасуына ықпал етті.
Кейін елге қайта оралып, облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің Рүстем Бермағамбетов басшылық ететін өнеркәсіп бөлімінде тілші болды. Мұнда Октябрь Бұхарбаев, Нұрқан Ысқақовтан журналистиканың қыр-сырын үйренді. Мамандығына байланысты бұрынғы Көкшетау облыстық телерадио комитетіне ауысты. Белгілі ақын, жерлесіміз Қорғанбек Аманжоловтың «Зұлмат пен Ғибрат» атты кітабында да Қалымбек Мұхамеджанов жайында «Кеңес заманында Қазақ радиосы республиканың барлық облыстары бойынша комсомол комитеттерінің сырттай сұхбат-әңгімесін өткізді. Ал, осы сұхбатқа қатысу үшін Көкшетау облыстық комсомол комитеті өз аппаратынан қазақша сөйлей алатын, тіпті дайын мәтінді оқып беретін бір қазақ қызметкерін тауып бере алмайды. Әйтеуір, республикалық сұхбатқа өркенің өскір, облыстық радиодан Қалымбек Мұхамеджанов деген бір елгезек жас журналист қатысып, жандарын алып қалды»,– деген жылы сөздер бар.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдары бұрынғы Көкшетау облысында телевидение ашылып, Қалымбек Әрнәшұлы бас редактор қызметін атқарды. Кейін республикалық «Ақшам», «Қазақстан» және «Хабар» телеарналарының облыстағы меншікті тілшісі болды. Бүгінгі күні ол «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ облыстық филиалының редакторы қызметін жемісті атқарып жүр. Бес жыл бойы «Облыстың ең үздік спорт журналисі» атанды. Алматы қаласында өткен бірнеше әлем чемпионаттарына қатысып, боксшылар мен шаңғышылар жөнінде телехабарлар ұйымдастырды. Боксты өзіне серік еткен Қалекең күні бүгінге дейін жаттығады. Өзінен кейінгі Мереке Жүсіпов, Руслан Мусинов, Теміртас Жүсіпов сияқты жас толқындарға жан-жақты қолдау көрсетті.
Сөз соңында әріптесімізді 60 жылдық мерейтойымен құттықтап, денінің саулығын, отбасының амандығын, еңбегінің жемісін көруін тілейміз.

 

 

Сері жүрек

 

Қалымбек Мұхамеджановқа

 

Тумысың текті төреден,
Көңілің сенің ақ еден.
Қайқайып шығар қара нар,
Қарсыда жатса қара дөң.

Қашаннан Қалым-Бегімсің,
Семсердей сертшіл ерімсің.
Қалымбек Сері атағы,
Бауырым, саған берілсін.

Адалдық сөзін қозғаған,
Ақындық шоғы қоздаған.
Қалымбек, сенің кеудеңде,
Серілік жүрек маздаған.

Жарың бар жаздай жайнаған,
Жарыққа жаның тоймаған.
Балалар нағыз бал бақыт,
Кіндігін саған байлаған.

Азамат болған даңқыңмен,
Алаштай асыл халқыңмен.
Жасай бер, сері бауырым,
Жайнаған жаздай қалпыңмен.

Қорғанбек АМАНЖОЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар