Халық алдындағы есеп халықтың көңілінен шықты

Ақмола облысы полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Ержан Сәденов қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен, тұрғындармен кездесіп, Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер мен құрылымның алдында тұрған заман талабынан туындайтын жаңғыртулар туралы баяндап берді және облыс полицейлерінің биылғы жылғы атқарған жұмыстары жайында есеп берді, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.

– Полиция департаменті бастығының халық алдында есеп беруі бірінші рет болып отыр, – дей келе, Ержан Сәденов Елбасы Жолдауынан туындайтын полиция қызметінің алдында тұрған міндеттерге тоқталды. Полиция қызметінің алдында таяу болашақта біраз жаңғыртулар күтіп тұр. Оның бәрі Елбасы Жолдауында алға қойылған міндеттер шеңберінде жүзеге асырылмақ. Ең алдымен, полицияны өзіне қатысты емес міндеттерден босату, полиция құрамын оңтайландыру, кәсіби білім мен біліктілікті көтеру, техникалық базаны нығайту қажет. Бұның бәрі де полиция қызметінің алдында тұрған қоғамдық тәртіпті сақтап, қылмысты ауыздықтау міндетін орындауға игі ықпалын тигізбек.
Облыстың бас полицейінің баяндауынша, қылмысқа қарсы күресте біршама жетістіктер бар. Ең алдымен, аса ауыр және рецидивті қылмыстар, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар кеміген. Мәселен, адам өлтіру 10,3 пайызға, мал ұрлығы 7,7 пайызға, жасөспірімдер арасындағы қылмыс 13,3 пайызға азайған. Қылмысты ашу көрсеткіші біршама өсе түскен. Ауыр қылмыстарды ашу деңгейі 88,4 пайыз болып, облысымыз еліміз бойынша бұл көрсеткіште алдыңғы орындардан көрініп отыр. Тағы бір атап өтерлік жай, өткен жылдардан қалған 422 қылмыс биыл ашылып, қылмыскерлер заң шеңберінде жазаларын алыпты. Осы орайда, департамент бастығы ашылмай қалған қылмыстар сол күйінде жатып қалмайтындығын, басқа қылмыстар бо-йынша іздестіру жұмыстары кезінде өткен жылдардан қалған қылмыстар бойынша да тергеп, тексерулер жүргізілетіндігін атап өтті.
– Жыл басынан бері автокөлік рөліне есірткі заттарын қабылдап алып отырған 224 жүргізуші ұсталды. Арақ ішіп көлік жүргізетіндерге енді есірткі қабылдап рөлге отыратындар қосылды, бұл өте қауіпті құбылыс, – дейді департамент бастығы. Жыл басынан бері облыс полицейлері 880 келі есірткі заттарын тәркілеген, 64 есірткі саудагері ұсталып, жауапқа тартылған. Қылмысты ашу мен алдын алуда қазіргі заманғы құрылғыларды, оның ішінде бейнеқондырғыларды қолданудың маңызы зор. Осы орайда, департамент «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп «Бұлтты бейнебақылау» жобасын жүзеге асыруда. Осы жоба аясында Көкшетау қаласы мен аудан орталықтарында көп қабатты үйлердің аулаларына 928 бейнебақылау қондырғылары орнатылған. Сонымен бірге, полиция қызметінде электрондық әкімшілік жүргізу енгізілуде. Қазіргі күні полиция қызметкерлері 34 планшетті қолдану арқылы жыл басынан бері 12 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырыпты. Таяуда 120 планшет сатылып алынып, көп ұзамай қолданысқа енгізілмек. Бұл әкімшілік хаттамалар жүргізуді жеделдетіп, оңтайландырады.
Полиция қызметі жыл өткен сайын ашық бола түсуде. Азаматтардың департамент бастығы мен орынбасарларына, аудандық құрылым басшыларына жеке қабылдауына кіріп арыздану мүмкіндігімен қоса, барлық құрылымдарда сенім телефондары тәулік бойы жұмыс жасайды. Оған қоса, полиция қызметкерлері интернет ресурстарды, оның ішінде ведомстволық сайт пен әлеуметтік желілерді тиімді пайдалануда. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпараттар үнемі беріліп тұрады.
Кездесудің екінші бөлігінде департамент бастығы жиналған жұртшылық тарапынан қойылған сан түрлі сауалдарға жауап берді. Мәселен, Көкшетау қаласының тұрғыны Светлана Самоченко үш жыл бұрын кісі қолынан қаза тапқан ұлының өліміне қатысты қылмыскерлердің әлі күнге дейін ұсталмағандығын айтып, осы іске қозғау салуды сұраса, Зеренді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы шетелге шығатын балаларға шетелдік паспорт беріледі деген рас па деген сауалын қойды. Келесі жылдан бастап заңдағы өзгерістерге сай, шетелдерге шығатын кәмелетке толмаған балалардан да паспорт талап етілетін болады. Бұл әрине, тек шетелге шығатындарға ғана қатысты. Департамент бастығына кездесуге жиналғандар тарапынан ғана емес, алдын ала электрондық пошта арқылы да сауалдар көптеп түсіпті. Соның бірі Жақсы ауданының тұрғыны жол ережесін бұзуды азайту бағытында қандай шаралар жасалатындығы туралы сұрапты. Жол апаттары көбейіп кеткен қазіргі кезде оның алдын алудың бір тәсілі – жол ережесін сақтау екендігі түсінікті. Осы орайда, департамент бастығы жол апаттарына көп жағдайларда жол сапасының нашарлығы да себеп болатындығын алға тартып, қазіргі күні зертханасы бар арнайы автокөлік сатып алынғандығын, сол арқылы жол учаскелерінің сапасын анықтап, жол салушылар мен қызмет көрсетуші кәсіпорындарға ескерту қағаздарын жіберіп жатқандығын айтты.
Шаңтөбе кентінің тұрғыны елді мекеннің Сандықтау ауданының аумағында тұрса да, Степногорск қаласына қарайтындығын, осыған орай тіркелудің көп машақат әкелетіндігін айтып, осы мәселені шешуге көмектесуді сұрады. Департамент бастығының айтуынша, бұл мәселе қазіргі күні шешімін тапқан. Биылғы жылдың қарашасынан бастап, ішкі істер департаментінің сұрау салуымен, Шаңтөбе кентінің тұрғындары Степногорскіге ат сабылтып бармай-ақ, жақын жердегі Балкашин селосынан тіркеле алатын болыпты.
Бейнебайланыс арқылы Қосшы кентінің тұрғынының елді мекеннің өсуіне байланысты қылмыстың көбейіп бара жатқандығын, осыған орай көше тәртібін қадағалайтын күзет патрульдерін енгізу қажеттігін айтқан өтінішіне департамент бастығы бұл мәселенің министр деңгейінде шешімін тапқандығын, ендігі мәселе – арнайы ғимарат табу екендігін мәлімдеді.
Департамент бастығының айтуынша, халықпен мұндай кездесулер алдағы уақытта тұрақты өткізіліп тұратын болады. Бұның өзі полиция мен халықтың арасын жақындатып, ол өз кезегінде ішкі істер құрылымының жұмыс сапасын көтеруге игі ықпалын тигізеді деген үміт бар.
Қалкөз ЖҮСІП,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар