Су қоймасында болды

Облыс әкімі Сергей Кулагин Көкшетау қаласы мен оның іргесіндегі Краснояр кентінде бірқатар әлеуметтік, коммуналдық және су шаруашылығы нысандарының жұмысымен танысып, көктемгі су тасқынының алдын алу, салынып жатқан құрылыстарды тездетіп іске қосу мәселелерін қарастырды.

  Бұл жолы өңір басшысы облыс орталығының бас гидротехникалық нысаны – Шағалалы су қоймасында болып, қар суының тасқынына жол бермеу мәселесіне айрықша назар аударды. Көкшетау қаласының іргесіндегі бұл гидротехникалық нысан қыс және көктем мерзімінде Шағалалы өзенінің суын тоқтатып, реттеп отыруға арналған. Су торабының тасқын су қабылдау мүмкіндігі 28 миллион текше метрді құрайды. Бүгінгі күні мұнда 23,7 миллион текше метр су қоры жиналған. Су қоймасы Көкшетау қаласын жылына 10 миллион текше метр сумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, жақын елді мекендерде тосын жағдайлардың алдын алу үшін су торабының  шлюздерімен тасқын су жоспарлы түрде  ағызылып отырады. Облыс әкімі тасқынды су деңгейін тұрақты түрде  бақылаудың қажеттігіне тоқталды.
– Қазіргі кезде, Шағалалы су қоймасына қауіп төніп тұрған жоқ. Жазда не болатыны белгісіз. Сондықтан, қоймадағы суды ағызуды біраз азайту қажет. Егер ағып келетін судың көлемі артып жатса, онда суды жіберуді де ұлғайтатын боламыз, – деді облыс әкімі.
Бұдан кейін өңір басшысы Краснояр кентіндегі №3 орта мектеп ұжымы мен 11 сынып оқушыларымен кездесті. Осы мектептің жанынан жапсарлана салынып жатқан 264 оқушыға арналған білім ордасының құрылысымен танысты. Облыс әкімі аталған нысанның құрылысын қолға алған «Альян-ИМ» серіктестігінің жұмысын сынға алды. Кіре берістегі тас плиткалардың сапалы төселмегеніне және құрылыс қарқынының баяу жүргізіліп отырғанына көңілі толмайтынын жеткізді.
Айталық, бүгінгі күні тапсырыс беруші қалалық құрылыс бөлімімен 653 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Қалған 41 миллион теңге мемлекеттік актіге қол қойылғаннан кейін төленетін болады. Осы орайда, облыс әкімі мердігерлерге нысанды маусымның ортасына дейін пайдалануға беруді тапсырды. Өйтпеген жағдайда аталған мердігер құрылыс компаниясы облыс аумағындағы бірде-бір құрылыс нысанына жіберілмейтін болады.
Сондай-ақ, Краснояр кентінің шет жағында орналасқан 4 қабатты үш тұрғын үйді иесіз деп танып, биылғы жылы жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуді қала әкіміне тапсырды.
Сонымен қатар, өңір басшысы тасқын суға қарсы тұрғызылған, яғни, Краснояр кентінің Шағалалы өзенінің жағасында орналасқан үйлерді қоршай салынған су бөгеті және Көкшетау қаласындағы «Оқжетпес» стадионының қазіргі жай-күйімен танысты. Қала әкімі Ермек Маржықпаев пен «Оқжетпес» футбол клубының президенті Юрий Бондаренкоға 7 мамыр күні өтетін команданың кезекті ойынына нысанның толықтай дайын болуын ерекше атап өтті. Осы орайда, футбол алаңындағы табиғи көгалды баптап, жанкүйерлер отыратын орындарды сырлап, ретке келтіру жұмыстары тапсырылды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар