Мәншүк ерлігінің куәгері

 Өкінішке орай, Алаш даласынан майданға аттанған ата-бабаларымыздың есімдерін толық біле қоймаймыз. Менің атамның да есімі еш кітапқа енгізілмей қалды. Болашақта атам жайлы кітап шығаруды жоспарлап отырмын. Енді  осы тұлғаның өмірі мен ерлігіне тоқталсам.

  Ол кісі 1916 жылдың 25 желтоқсанында бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Чкалов ауданының Амандық селосында қарапайым отбасында дүниеге келген. Шоң атам жастайынан ержүрек, батыл, ақылды, зерек болып өседі. Әсіресе, математика пәніне құштар болыпты.  Отбасында үш ұл, үш қыз бала екен. Әкесі Рақым Жантілеуов бұрынғы Красноармеец ауданының Ново-Сухотино орта мектебінде физика-математика пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастаған. 1939 жылы Шоң атам қызыл әскер қатарында ақ финдермен болған майданға қатысқан. 1940 жылы Краснодар әскери зенит-артиллериялық училищесінде оқыған. Неміс-фашист басқыншыларымен 1941 жылдың 22 маусымында соғыс басталғанда оларды мерзімінен бұрын, қазан айында училищеден шығарып, лейтенант атағын берген екен. Осы жайлы өзінің майданнан оралғаннан бастап қазіргі кезге дейін сақтаулы тұрған күнделігінде жазады: «Лейтенант шенін бергеннен кейін Мәскеуге Бас командованиенің қарамағына шақырылдық. Бұл Мәскеу үшін айқастың нағыз қызып тұрған кезі болатын. Қараша айының басында Дзержинский атындағы әскери академияның подвалында тағы да бір айлық оқуға қатыстық. Бұл жолы оқу ерекше болды. Себебі, біз мұнда алғаш «Катюшаның» ату тәсілін оқыған едік. Ал, желтоқсан айында Бас қолбасшының бұйрығымен Кенжеғалиев, Құттығұлов, Серікбаев секілді жас офицерлермен бірге мені Алматыға көмектесуге жіберді. 1942 жылдың шілде айында әскери дайындықтан өткен 100-бригаданы майданға аттандырды. Бізбен бірге шығыстың болашақ батыр қызы Мәншүк Мәметова өз еркімен майданға аттанған еді. Алғашында Мәншүк штабта қызмет істеді де, кейін пулеметші оқуын оқыды. Мәншүкпен мен Ржев, Великие Луки, Невель қалалары үшін болған шайқастарда бірге болдым».
 Қаһарман офицер мына бір шайқасты саралап жазыпты. 1943 жылдың 15 қазанында Калинин облысының Изочи стансасын босатып алу жөнінде шұғыл бұйрық беріледі. Бұл екі жаққа да стратегиялық маңызы орасан зор пункт болатын. Қаһарман совет жауынгерлері немістерге шабуылды таңғы сағат бестен бастады. Екі жақ та оқты қарша боратып жатыр. Талай өрім жастар қыршынынан қиылды, қан судай ақты. Изочи станциясы біресе жау қолына, біресе біздің қолға көшті. Өмір мен өлім арпалысқан сын сағатта Мәншүк Мәметованың пулеметі жауды баудай түсіріп жатты. Батыр қыздың көмекшілері оқ әперуге әзер үлгеріп отырды. Жүздеген жау жер жастанды. Біздің жаяу әскерлеріміз немістердің алғы шептерін бұзып өтіп ілгері қарай жылжи берді. Совет жауынгерлерінің мұндай жанқиярлығы фашистердің ашу-ызасын туғызды. Олар енді көмекке авиация күштерін шақырды. Ондаған ұшақтар аспанда күндей күркіреп, ажал оғын дамылсыз себеді. Олар бірінен соң бірі Мәншүктің пулемет расчеты тұрған жерге шүйлікті. Мәншүк зеңбірек атылған кездерде талай рет топыраққа көміліп қалды. Ондайда қасындағы Ибраһим деген жолдасы: «Мәншүк!», «Мәншүк!» деп оны таба алмай жүргені. Бір кезде Мәншүк жараланды. «Мәншүк қалқам, жараландың, медсанбатқа баруың керек» дегенге қарамастан, ол пулеметін тастамады. Кенет төпелеген жау артиллериясы оғынан Мәншүктің пулеметі үнсіз қалды. Бұл жаужүрек қазақ қызын мақтан тұтушы бүкіл бригада үшін аса ауыр қаза болды.
Шоң Рахымұлы естелігінде көне орыс қаласы Невельдің орталық алаңындағы бауырластар зиратына қарулас қос серігі Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова мен дивизия командирінің орынбасары, подполковник Әбілқайыр Баймолдиннің қатар жерленгенін ет жүрегі елжіреп жазады. Рахымов осы ұрыста дивизион командирінің орынбасары, Невель қаласы үшін болған қан бұланған соғысқа 100-атқыштар бригадасының автоматшылар батальонының командирі болып қатысқан қанды көйлек досы лейтенант С.Қасымовтың да ерлікпен қаза тапқанын айта кетеді.
– Әсіресе, деп жазады Шоң Рахымұлы одан әрі күнделігінде, 1944 жылғы Вильнюс қаласы үшін шайқас шиеленісті өтті. Мұнда немістер ең мықты деген дивизияларын шоғырландырған болатын. Жау қанша күшті болғанымен, үшінші Беларусь майданының от жүректі жауынгерлерінің тегеурінді қимылы қайдан шыдатсын. Бір күнде жаудың 12 шабуылына тойтарыс берілді.
Вильнюс қаласы үшін болған шайқаста асқан ерлік көрсеткен Шоң Рахымов екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды. Бұл оның жетінші наградасы еді. Солардың ішінде даралап айтарымыз, қаһарман офицердің Александр Невский ордені. Шоң Рахымұлы аталмыш орденге 1945 жылы Манжурияда жапондармен болған шайқаста ие болған еді. Ол мұнда Бас командование резервіндегі 555-пулеметшілер полкының дивизион командирі болатын. Оның дивизионы жау әскерлерін қоршауға алып, құртып жіберуде айрықша қимылымен көзге түсті. Қаһарман офицердің ерлігін Отан жоғары бағалады. Ол Александр Невский, жауынгерлік Қызыл Ту, бір рет бірінші, екі рет екінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, 12 медальмен марапатталған екен. Барлығы – 18 награда.
Ұлы Отан соғысынан елге оралған майдангер Шоң Рахымов халық шаруашылығын көтеру ісіне белсене араласып, адал қызмет жасады.Тың игерудің алғашқы үш жылында Қазақстанға 640 мың адам жаңадан қоныс аударды. Осыдан 60 жыл бұрын бұрынғы КСРО-ның түкпір-түкпірінен елімізге жастар ағылып келе бастады. 1954-1955 жылдары 6000 агроном, зоотехник, инженер мен механик және басқа да мамандар Қазақстанның ұжымшарлары мен кеңшарларына жұмысқа жіберілді. Тыңның алғашқы жылдары бұрынғы Ленин ауданына қарасты «Жаңаауыл» совхозының алғашқы қазығын қағып, оның экономикасын, мәдениетін көтеру жолында көп еңбектенді. Келген адамдарды жайғастырып, жұмысты ұйымдастыру керек еді. Қайта құрылған Көкшетау облысының Қызылту ауданындағы «Жаңаауыл» совхозының 1957 жылдан 1964 жылға дейін бірінші директоры болып атам Шоң Рахымов тағайындалды. Кейін де бар өмірін ауыл шаруашылығы қызметіне арнады. Атам 1970 жылы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысты.
Шағын мақалаға бар ғұмыры еңбекпен өткен атамның майдандағы ерлігі мен еліне сіңірген қызметі сыя қоймайды. Мереке қарсаңында қадау-қадау деректерді ғана тілге тиек еттік. Қалғаны болашақтың еншісінде.
Әнел РАХЫМОВА,
немересі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар