Атбасардағы қоныс тойы

Еліміздегі ұлық мерекелердің бірі – Тұңғыш Президент күні қарсаңында Атбасар қаласының біраз тұрғындары баспаналы болып, қуанышқа кенелді. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде салынған үйден пәтер алғандардың қатарында ата-ана қамқорлығынсыз өскендер мен әлеуметтік жағынан әлжуаз топтарға жататын отбасылары, бюджеттік мекемелердің қызметкерлері бар.

Атбасар ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бірлік Қамбатыров пен аудандық мәслихаттың хатшысы Бағдат Боранбаев жаңа пәтердің кілтін салтанатты жағдайда табыс етті. Баспаналы болғандардың қатарында Күләнда Қаражігітова, Күнназ Омарова, Оксана Слипенко, Ләззат Байдашева, Дмитрий Сахаров, Ақжол Әбдуахитов бар. Мереке қарсаңында жаңа үйден пәтер алып, қуанышқа кенелген Күләнда Қаражігітова үй алу кезегінде 1988 жылдан бері тұрады екен. Міне, отыз жылдан кейін ол арманына жетіп, баспана алды. Екі бөлмелі жаңа пәтерге немересін алып кірген әжейдің қуанышы ерекше. Атбасар аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет істейтін Талғат Секеров үй алу кезегінде 12 жыл тұрған.
Пәтер кілтін алғандардың арасында аудандық аурухананың қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер де бар. Аудандық аурухананың жансақтау бөлімшесінің меңгерушісі Әбілхайыр Шерімбеков те бас-паналы болды. Ал, пәтер алып, қуанышқа бөленген Оксана Слипенко жиырма жас-та. Ата-анасыз жетім өскен келіншек екінші сәбиін дүниеге әкелуге дайындалып жүр. 12 жылдан бері кезекте тұрған Майра Шүкековаға үй алатын болдыңыз деп телефон соққанда қатты қуанғанын айтып, қалада кезекте тұрғандарға арнап жаңа үйлердің салына бастағаны жағымды жаңалық екендігін жеткізді.
45 пәтерлі жаңа үйдің құрылысы биыл көктемде басталып, қараша айының 27-інде пайдалануға берілді. Кірпіштен салынған үйдің айналасы абаттандырылып, қала көркін аша түсті. Алдағы уақытта да осындай қоныс тойлары көбейе берсін дейміз.

Елена ВЕРГУН.
Атбасар қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар