«Болашаққа – Елбасымен бірге!»

Осындай тақырыппен Тұңғыш Президент күні қарсаңында Көкшетау қаласындағы қалалық қазақ кітапханасында библио-студия ұйымдастырылды. Аталмыш іс-шараның басты мақсаты – Елбасының ел еңсесін тіктеудегі ерен еңбегі мен сындарлы саясатының нәтижелерін көрсету, сонымен қатар, Елбасының қаламынан туған бағдарламалық мақалалардың мән-маңызын кітапхана оқырмандарына, қалың жұртшылыққа жеткізіп, насихаттау және басым бағыттарын айқындау болып табылады.

Аталмыш шараға облыстық «Нұр Отан» партиясының мүшесі, «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов пен Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Еспайқызы және студенттер қауымы мен кітапхана оқырмандары қатысты. Мәдени шара барысында «Әдеби Көкше әлемі» клубының мүшелері Мадина Төлетаева, Аружан Мұқанова, Абылай Наурызхан, Еламан Оспанов, Аружан Сейітханқызы, Нұрлан Қыстаубаев есімді жас ақындар Тұңғыш Президентке арнаған жүрекжарды жырларын оқыды.
Мейрамбек Қиықов жақында жарық көрген Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жайлы өз ойын ортаға салды.
– «Ұлы даланың жеті қыры» мақала ғана емес, ол бізге Елбасының берген бағыт-бағдары» дей келіп, мақалада атап өтілген ұлы даланың жеті қырына жеке-жеке тоқталып өтті. Атқа міну мәдениеті, ат жалында ойнаған ата-бабамыздың жылқы жануарын алғаш боп қолға үйреткені жайлы нақты деректер келтірді. Ұлы даладағы ежелгі металлургия қазақ жерінен табылған археологиялық қазбалар, «Алтын адам», Алтын адамның киіміндегі аң стилі, Ұлы Жібек жолының тарихи-экономикалық маңызы, түркі әлемінің бесігі Қазақстанның алма мен қызғалдағы туралы дәйекті де деректі, әсерлі әңгіме өрбітті. Халқымыздың салт-дәстүрлерін жаңғыртуда, қазақы тәрбиені насихаттауда зор үлес қосып келе жатқан Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Еспайқызы Елбасымен кездескен сәттерін еске алып, Ұлт Көшбасшысының бойындағы қарапайымдылықты, биік парасатты жастарға үлгі етті. Ел тағдырын арқалаған Қазақстанның Тұңғыш Президентінің төңірегіне топтасқан ел-жұрт батыл реформаларына тірек болып, Елбасының шешімдерінің нәтижесінде экономикамыз көтеріліп, мәдени-әлеуметтік даму процесі қарқынды жүзеге асырылып жатқандығына тоқталды. Сондай-ақ, игі шарада «Елбасы жолы» фильмінен үзінді көрсетіліп, «Елбасының ұтымды ойлары мен батыл бастамалары» атты көрме ұйымдастырылды. Көрмеге «Қазақстан жолы», «Тәуелсіздік дәуірі», «Қызмет хроникасы», «Елі сүйген, елін сүйген Елбасы», «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Бітімгер», «Фотошежіре», «Елбасы сыныптастары» және тағы басқа еңбектері қойылған.
Шара соңында жастар көрмемен ондағы Елбасының еңбектерімен танысты.
Гүлжанар БОДАУБАЙ,
Көкшетау қалалық үлгілі қазақ кітапханасының қызметкері.

Менің кәрі жүрегім,
Елбасына дән риза!

Мың өліп, мың тірілген,
Біздің қазақ баласы.
Тәуелсіздікке жете алмай,
Армандап өткен бабасы.

Іргесі ерте қаланған,
Мықты елдердің ішіне,
Сыналап кіріп қазағым,
Танылдың жер жүзіне.

Аз уақыттың ішінде,
Астананы нұр қылдың.
Қалай жылдам болды деп,
Көрген жанды таң қылдың.

Еңбегің көп еліңе,
Айтпай қалай тұрайын.
Сенің арқаң, орнықса,
Шеттен келіп ағайын.

Өлеңмен көңілін білдірген,
Нұрдың қызы Фәрида.
Менің кәрі жүрегім,
Елбасына дән риза!

Фәрида НҰРҚЫЗЫ,
зейнеткер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар