Бәрі де адамдардың игілігі үшін!

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облыс әкімі Мәлік Мырзалин Көкшетау қаласында салынған 90 пәтерлі жаңа тұрғын үйден баспаналы болған бір топ көкшетаулықтарға жаңа пәтерлердің кілтін тапсыру рәсіміне қатысып, шаңырақ иелерін қуаныштарымен құттықтады. Сондай-ақ, облыс орталығында жаңадан салынған бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандарды аралап көрді.

Боровской шағын ауданында өткен салтанатты шарада облыс әкімі М.Мырзалин жаңа баспана иелерін құттықтай келе, осынау игі істің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, жергілікті биліктің қолдауымен жүзеге асырылып отырғанын ерекше атап өтті.
– Бүгінгі күні пәтерлі болу кез келген адамның арманы. Жылдан-жылға көркейіп келе жатқан облыс орталығында бүгінгідей жаңа көп қабатты үйлер көптеп бой көтеріп, қоныс тойын тойлайтын тұрғындар қатарының көбейе түсетіндігіне сенім мол. Биылғы жылдың өзінде Көкшетау қаласы бойынша барлығы 170 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 1700 адам баспаналы болды, – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.
Жылу жібермейтін панельден салынған 90 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын «Регион строй» серіктестігі жүзеге асырған. Құрылыс компаниясының басшысы Александр Дворцевойдың айтуынша, құрылыс материалдардың барлығы жергілікті өнімдер. Жоба 908 миллион теңге болса, оның
530-ы несиеге алынған да, қалған 378 миллион теңгесін серіктестік өз қалтасынан салып отыр. Баспаналы болғандар негізінен «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламасына қатысушылар.
Облыс әкімі М.Мырзалин жаңадан салынған №19 «Нұрбала» балабақшасында болып, құрылыс жұмыстарының нәтижесіне көңіл бөлді. Мектепке дейінгі білім беру мекемесі алдағы қаңтар айынан бүлдіршіндерді қабылдай бастайды. Мекеме меңгерушісі Алданыш Айжарықова 280 орынға арналған балабақшада 3-тен 6-жас аралығындағы балалар жеті мемлекеттік тілдегі топ, 5 орыс тілді топқа бөлініп тәлім-тәрбие алатынын айтты. Набережная және МПС көшелерінің аралығындағы Қылшақты өзенінің бойында жаңадан салынған көпірде облыс әкімі жергілікті тұрғындармен кездесті. Осыған дейін теміржол вокзалы маңында тұратын тұрғындар өзеннен тура өтетін көпірдің жоқтығынан теміржол ауруханасына бару үшін айналып жүруге тура келген. Бұл мәселені «ЭкспертАрсенал» серіктестігі 32 миллион теңге қаржыға көпір салып, шешіп берді. Осы орайда, облыс әкімі тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау әкімдіктің басты назарында екенін айта келе, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың аулаларын абаттандыру жұмыстары одан әрі жалғастырылатынын атап өтті.
Бұдан әрі облыс әкімі Көкшетаудың іргесіндегі Станционный кентінде биылғы жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүгізілген «Астананың он жылдығы» саябағы және «АгроKZ» серіктестігінің жылдық 18 мың тонна астық қабылдайтын элеваторды аралап көрді. Саябаққа 40 миллион теңге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұрындары кент көркінің шырайы мен шырқын бұзып тұратын саябақ осы күні тұрғындардың бос уақыттарында серуендейтін сүйікті орнына айналып отыр. Облыс орталығының іргесінде орналасқанымен 2500-ге жуық тұрғыны бар кентте әлеуметтік мәселелер де жоқ емес. Фельдшерлік-акушерлік пункт пен дәріхананың жоқтығынан тұрғындар облыс орталығына баруға мәжбүр. Облыс басшысы тұрғындардың бұл пікірін тыңдай келе, мәселенің үш-төрт айдың ішінде шешілетінін айтып сендірді.
Сонымен қатар, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенттерге қызмет көрсету орталығы мен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенттер саябағында болған облыс басшысы мұндағы атқарылған жұмыстардың да нәтижесіне қанықты.

Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар