Ел игілігі үшін қолға алынған жұмыстар нәтижесін беруде

Біздің аудан үшін былтыр ерекше жыл болды. Дамудың даңғыл жолына түскен ауданның құрылғанына 90 жыл толды. Елордамыз Астананың 20 жылдығымен тұспа-тұс келген осы мерейтой аясында Целиноград аудандық ішкі саясат бөлімінің мұрындық болуымен ауқымды шаралар ұйымдастырылып, бірқатар жобалар жүзеге асырылды.

Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда атқарылған жұмыстар әлеуметтік саланы дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, экономиканы ілгерілетуге бағытталған. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы өңірге өзгеше серпін берді. Халықтың қызу қолдауына ие болған маңызы ерекше жоба – еліміздегі саяси реформалар мен экономикалық жаңартулардың жалғасы.
Ұлттық кодты сақтай отырып, тамаша ұлттық салт-дәстүрлерді табысты жаңғырудың басты шартына айналдыру – қазақстандық қоғамның бүгінгі әлемдік сын-қатерлерге қайтарар жауабы болды. Адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, патриоттық рухты сіңіре білу, білім мен ғылымға, руханиятқа көңіл бөле отырып, алға ілгерілеу басты міндет.
Ауданымыз Социалистік Еңбек Ерлеріне бай өлке. Өңірден 12 Социалистік Еңбек Ері, 1 Қазақстанның Еңбек Ері шыққан. Өнегелі өмірін, тағылымды тәжірибесін бүгінгі ұрпаққа таныту, үлгі ету мақсатында Социалистік Еңбек Ері Сағила Абдрахманқызы Есенжоловамен «Ғұмыр-дария» атты кездесу ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ауданның ауыл шаруашылығын дамытып, ауылды өркендетудің өрелі үлгісін көрсетіп жүрген Қазақстанның Еңбек Ері, «Родина» агрофирмасы» серіктестігінің бас директоры Иван Адамович Сауэрмен «Жетістікке апарар жол» атты диалог алаңы өткізілді. Жетістікке жетудің қасаң қағидасы да, қарапайым тәсілі де адам болып қалу, адамгершілікке үндейтін ізгі қасиеттерді сақтау. Бүгінде бизнестің қыр-сырын жетік меңгерген кәсіпкердің де айтары осы. Жастарға жігер, санаға серпіліс берген тамаша кездесу болды. Біздің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында ауданның әлеуметтік әл-ауқатынан, руханияты мен қоғам тынысынан үздіксіз хабар таратып отыратын республикалық, облыстық, аудандық БАҚ өкілдерінің басын қосқан «Ұлт руханиятының тұғыры» атты медиафорумда аудан әкімі Мәлғаждар Тәткеев журналистерді төл мерекесімен құттықтап, олардың пікірлерін тыңдады. Сондай-ақ, ұлт руханиятын көтеруге бағытталған аталмыш бағдарлама аясында Целиноград аудандық әкімдігі ғимаратында «Рухани жаңғыру» бөлмесі ашылып, өңірде атқарылған, жүзеге асып жатқан барлық шаралардың фотокөрмесі, ұлттық қолөнер бұйымдары көпшіліктің назарына ұсынылды. Айта кету керек, «Туған жер» бағдарламасы өңірге соны серпін беріп, бүгінде 39 нысан бой көтеріп, күрделі жөндеуден өтті. Олар халық игілігіне қажетті әлеуметтік нысандар, медициналық орталықтар, мектеп, бұқаралық спортты қолдау мақсатында футбол, баскетбол алаңдары. Бұл нысандардың бәріне демеушілік жасаған осы ауылдан шыққан кәсіпкер азаматтар. «Ауылына қарап – азаматын таны» деген сөз осындайда айтылса керек. Осындай әлеуметтік нысанның бірі – мұғалімдерге арналған жатақхана. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Мемлекет басшысы отансүйгіштік сезімнің кіндік қаның тамған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын қадап айтты. Президент бастамасын осы ауылдың тумасы Бауыржан Исабаев та қолдады. Кәсіпкер кезінде өзі тұрған үйдің орнына мұғалімдерге баспана салып берді.
Бұдан бөлек, ауданымызда «Іскер әйелдер қауымдастығы», «Аналар кеңесі» жемісті түрде жұмыс істеуде. Отбасы институтын нығайту, ұлттық дәстүрлерді, отбасы құндылықтарын насихаттау, әйел құқын қорғау бағытындағы жұмыстары орасан зор. Айта кетсек, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық орталығы және аудандық ішкі саясат бөлімі бірлесіп «Отбасы адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамның да басты негізі» атты дөңгелек үстел, көпбалалы аналардың мәселелері мен оны шешу жолдары қарастырылған. «Көпбалалы отбасылардың құқықтарын қорғау» атты семинар-тренинг ұйымдастырылды. Отбасы құндылықтарын нығайту мақсатында «Келін отбасымыздың ырысы» атты облыстық байқау ұйымдастырылып, оған Қорғалжын, Ерейментау, Аршалы, Астрахан, Ақкөл, Целиноград аудандарынан жас келіндер қатысып, бақ сынасты. Бас жүлдені Целиноград ауданынан қатысқан Жанна Сарина иеленді. Бұдан өзге «Отбасы – өмір аясы» атты жас отбасылар арасында сайыс өткізілді. Сайыстың мақсаты – отбасы құндылығын насихаттап, ата-анамен бірлесіп жігерлі, салауатты өмір салтын ұстанған ұрпақ тәрбиелеу, бұқаралық спортқа көңіл бөлу. Жарыс нәтижесінде барлық кезеңдерден сүрінбей өткен Тұрсынаевтар отбасы облыстық сайыста аудан намысын қорғайтын болды.
Сонымен қатар, аудандық ішкі саясат бөлімі құрылған кеңестердін түрлі жұмысын үйлестірумен айналысады. Бүгінгі таңда халық арасында Қоғамдық келісім Кеңесі мен жергілікті өзін-өзі басқару кеңесінің жұмысында түсініспеушілік туындап жатады. Осы тарапта ауылдық округтерде түсіндірме жұмыстарын жүргізу көзделген. Қоғамдық келісім Кеңестерінің мақсаты – Қазақстанды дамытудың стратегиялық мақсаттарына жету бойынша мемлекет пен қоғамның күштерінің бірігуін қамтамасыз ету, тұрақтылықты, азаматтық бейбітшілікті, реформалар бағдарламасын орындаудың басты шарты ретінде қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту болып табылады. Сондай-ақ, қоғамдық келісім Кеңестерінің құрамына ақсақалдар, аналар кеңестері, азаматтық қоғамның өзге де институттары мен қоғамдық бірлестіктердің ассоциациялары енгізілді. Қоғамдық келісім Кеңестері өз жұмысында тұрғындар үшін маңызы бар экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық мәселелердің кең ауқымын қамтиды. Ал, жергілікті өзін-өзі басқару Кеңесі – дегеніміз ортақ мүддесі мен мақсаты бір сол ауылдық округтің тұрғындарының қам-қарекетіне бойлау.
Мемлекет басшысы Бес институттық реформасы аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамы шеңберінде аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу көзделген. 2018 жылдан бастап «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» Заң бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ деңгейінде халық саны 2000 адамнан асатын әкімшілік аумақтық бірліктерде мемлекеттік бюджеттің 4-деңгейі жүзеге асырылуда. Аталмыш деңгейге біздің ауданның 13 ауылдық округі енеді.
Аудандық ішкі саясат бөлімі тек аудан көлеміндегі емес, республика көлеміндегі үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Елбасы Н.Назарбаев «Азаматтық қоғам, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар демократияның ажырамас бөлігі», – деп айтып өткен болатын. Азаматтық қоғамды дамыту демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың маңызды шарты болып табылады. Қоғамдық өрлеу, демократиялық даму, экономикалық өркендеу азаматтардың қоғамдағы тыныс-тіршілігінің барлық маңызды салаларына қатысқан жағдайда ғана мүмкін болады. Бүгінде елімізде үкіметтік емес ұйымдарды нығайту жүйелі және үдемелі сипатқа ие болғанын нық сеніммен айта аламыз. Бөлім ағымдағы жылы ҮЕҰ-мен бірлесіп, бес семинар-тренинг ұйымдастырды. Соның бірі таяуда өткен «SARA» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен «Мемлекеттік органдардың ҮЕҰ өзара әрекеттестігінің нысандары мен әдістері» атты оқыту семинары. Семинарға Целиноград, Қорғалжын, Егіндікөл аудандарынан мемлекеттік орган қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйым мүшелері қатысып, пікір алмасып, басқарудың нәтижелілігі, азаматтық бақылау, азаматтық тәрбие мектебі сынды тақырыптар талқыға салынды.
Ауданымыз өзінің 90 жылдығын толайым табыстармен, үлкен жетістіктермен қарсы алды. Атап өткендей өңіріміз күннен-күнге көркейіп, жаңа әлеуметтік нысандармен толықтырылып, халық игілігі үшін мектептер мен балабақшалар, спорттық алаңдар, мәдени-демалыс орындары ашылуда. Әрине, өңірдің бүгінгі келбеті жұмыла еңбек еткен халықтың арқасы. Осы орайда, «Целиноград ауданына 90 жыл» мерекелік медалі және Құрмет грамоталарымен өңірдің өркендеп-дамуына, әлеуметтік-экономикалық өсуіне өз үлестерін қосып жүрген 970 адам марапатталды. Ауданның мерейтойын атап өту мұнымен толастамайды. Жоспарланған ауқымды шаралар әлі алда.

Жанар БАЙДІЛДИНА,
Целиноград аудандық
ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар