Қызылша ауруы бел алып тұр. Сақ болыңыздар!

Ақмола облысы бойынша 2018 жылдың 1 қарашасы мен 2019 жылдың 14 қаңтары аралығында қызылша дертімен ауырған 77 адам дәрігер көмегіне жүгінген. Оның 26-сы – 1 жасқа дейінгі сәбилер, 26-сы 1-14 жас аралығындағы балалар және 2 жасөспірім мен 23 ересек адамның бойынан аурудың белгілері табылды. Осы 23 ересек адамның 6-уы медициналық қызметкер екен. Аурудың белгілері байқалған 77 адамның 43-і арнайы сараптама нәтижесінде дертке шалдыққаны анықталып отыр.

Атап айтсақ, Есіл, Аршалы, Зеренді аудандарында – 1, Целиноград ауданында – 6, Сандықтау ауданында – 23, Көкшетау қаласында – 11 жағдай тіркелген. Сырқаттанудың 91 пайызы вакцина алмағандар. Мәселен, осы науқастардың 8-і вакцинациядан саналы түрде бас тартқан болса, үшеуі денсаулығына байланысты егілмеген. Сонымен қатар, егу жасына жетпеген 19 жағдай тіркелген.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Ақмола облыстық департаменті берген мәліметтеріне сүйенетін болсақ, қазіргі таңда барлығы 25 науқас емделуде. Оның ішінде18-і стационарлық және 7-уі амбулаторлық ем-дом қабылдауда. Олардың барлығының жағдайы қанағаттанарлық. Қазіргі уақытта облыс бойынша эпидемияға қарсы және алдын-алу іс-шараларының кешені жүргізілуде. Науқастар тығыз қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, оларға медициналық бақылау ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының санитарлық ережелеріне сәйкес және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 30 жасқа дейінгі егілмеген және қызылшаға қарсы егілгендігі туралы деректері жоқ 96 адамға екпе жасалды. Қызылшаның және жедел респираторлық ауруларының алдын алу мақсатында облыс стационарларында науқастарға баруға шектеулер енгізілген. Профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу жалғасуда. Мұның барлығы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау комитеті Ақмола облыстық департаментінің тұрақты бақылауында.
Қызылша – бұл жылдам таралатын жұқпалы ауру, әсіресе, әлжуаз немесе туберкулез ауруына шалдыққан балаларға қауіпті. Ауру адаммен байланыста немесе қасында болғаннан кейін он күннен соң суық тию белгілері түрінде басталады. Бұлар – дене қызуы, тұмау, көздің қабынуы және жөтел. Ауру уақыт өткен сайын үдей түседі. Ауыз іші қабынып, ісініп, іш өтуі мүмкін. 2 немесе 3 күннен кейін ауыздың шырышты қабығында кішкентай ақ дақтар көріне бастайды. Одан кейін екі немесе үш күн өткен соң құлақта және мойында, сосын бетте және денеде, ең соңында қол мен аяқта бөртпелер пайда болады. Денеге бөртпелер шыққаннан кейін баланың жағдайы әдетте жақсарады. Бөртпелер 5 күннің ішінде шығып болады. Кейде тері астына қанның құйылуы (қара қызылша) салдарынан шашыраңқы қара дақтар (көгерген жерлер) байқалады. Бұл дерттің алдын-алудың ең тиімді және сенімді әдісі – иммундау. Осыған байланысты Департамент қызметкерлері ата-аналарға профилактикалық арнайы екпелерден бас тартпауға кеңес береді. Әрине, ауру айтып келмейді, десек те, оның алдын-алу өз қолымызда.
Осы орайда, қызылша ауруының белгілері орын алды деп қауіптенсеңіз, дереу дәрігер көмегіне жүгініңіз. Ең бастысы, әлемде ауру азабын тартқан бала болмасыншы!

Ұлмекен Тыныштыққызы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар