Дәрілік заттарға міндетті таңбалау және бақылау енгізіледі

Таңбалау өндірушіден, тарату құрылымынан, дәріханалар мен медициналық ұйымдардан бастап, соңғы нүкте – пациентке дейінгі барлық жеткізу тізбегі бойынша дәрілік заттардың қозғалысын бақылаудың ең маңызды құралы және цифрлық экономикаға маңызды қадам.

Міндетті таңбалауды және бақылауды енгізу дәрілік препараттардың сапасын бақылау, дәрілік заттардың өндіріс кезеңінен бастап түпкі тұтынушыға дейінгі айналым циклін мониторингілеу, заңсыз айналымға, оның ішінде жалған өнімге қарсы іс-қимыл мақсатында енгізіледі. Жоғарыда айтылғандарға сәйкес, 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасында дәрілік заттарды міндетті түрде таңбалау және қадағалау іске асырылған болады.

–Таңбалау жүйесіне дәрілік заттардың айналымына қатысушылардың барлығы кіреді. Қажетті ақпараттық жүйелер кеденге кіруден бастап, соңғы алушыға жеткізуге дейін біріктірілген. Таңбалауға жататын дәрілік заттардың тізбесі «Таңбалауға жататын тауарлардың тізбесін айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің №568 Қаулысымен бекітілген. Дәрілік заттарды таңбалау барлық денсаулық сақтау субъектілеріне, соның ішінде жеке дәріханаларға, көтерме сауда ұйымдарына және тағы басқаларына жүргізілетін болады. Таңбалауды жүзеге асыру үшін 2-D сканерлері, деректер жинау сияқты дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жабдықтарын сатып алу қажет, – деді өз сөзінде Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Саят Толықбаев.

Дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесі бойынша жұмыс істеу үшін дәріхана ұйымдары бірқатар шараларды жүзеге асырулары қажет. Дәрілік заттарды өткізу үшін дәріханаларда бақылау-кассалық аппарат болуы шарт.

«Тауарларды таңбалау және қадағалаудың бірыңғай операторын айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 3 наурыздағы № 95 Қаулысына сәйкес «Қазақтелеком» АҚ Тауарларды таңбалау және қадағалаудың бірыңғай операторы болып айқындалды.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Бибігүл Иманқұлованың айтуынша, қазіргі уақытта дәрілік заттарды таңбалау және бақылау үшін  қолда бар 382 дәріхананың 227-сі немесе 61 пайызы 11 дәріхана қоймасының 9-ы немесе 82 пайызы арнайы жабдықпен жабдықталған. Бүгінгі күні министрлік дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау қағидаларын бұзғаны үшін бірқатар нормативтік-құқықтық актілердің әкімшілік шараларды қолдану бөлігіне өзгерістер енгізуде. Бүгінгі таңда таңбалау жөніндегі барлық сұрақтар бойынша кеңес алу үшін «Қазақтелеком» АҚ-ында 8 (800) 080 65 65 тегін сенім телефоны жұмыс істейді.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінде дәрілік заттардың таңбалануы мен қадағалануын енгізуді түсіндіруге жауапты тұлға Арман Серікбайұлы Шерияздановтың телефоны: 8-716-2-50-11-99.

Бүгінгі таңда 35 медициналық ұйымда 71 2D сканері және 11 TСД қондырғысы бар. Яғни, жабдықтың қолжетімділігі 100 пайызды құрайды. Осы ұйымдардың 28-і медициналық ақпараттық жүйені 1С-пен біріктірді. Бұл – жоспарланған медициналық ұйымдардың 80 пайызы. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасуда.

Салтанат ДОСЕТОВА.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар