Қоршаған ортаға жанашырлық акциясы 5 аптаны қамтыды

Бүгінде бүкіл әлем қоқыстарды сұрыптап, кәдеге жаратады. Бұған біздің қоғам да жақындап келе жатқаны қуантады. Осыған байланысты облыстық жастар ресурстық орталығы «АMANAT» партиясы жанындағы  «Жастар рухы» жастар қанатымен бірлесіп, «Таза Қазақстан» республикалық эко-акциясын ұйымдастырды. Сәуірдің 8-інде еліміз бойынша «Таза Қазақстан» республикалық акциясы басталды. Бес аптаға созылатын шараның әр аптасы белгілі бір тақырыпқа арналады.

Ақмолалықтар да ауқымды тазалық акциясына қолдау білдіріп, белсенді қатысып жүр. Науқанның бірінші аптасы «Таза өлке» деп аталды. Оның аясында жастар, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындар қызметкерлері Қопа көлінің жағалауын тазартты. Акцияның басты мақсаты жастар мен қала тұрғындарын тазалықтың, қоршаған ортаға және табиғатқа ұқыпты қараудың маңыздылығын түсіндіру, адамдардың экологиялық мәдениетін дамытуға жәрдемдесу, еңбек арқылы табиғат мазмұнын оқыту болып табылады.

–Облыстық жастар ресурстық орталығының бастамасымен және қала колледждерінің студенттерінің қатысуымен Қопа көлінің жағасында экологиялық акция ұйымдастырылды. Бұл науқан 13 сәуірге дейін жалғасады. Тиісінше күн сайын түрлі ұйымдар, жастар қаланы тазарту жұмыстарын өткізуде, – деп атап өтті облыстық мәслихаттың депутаты Умар Шоназаров.

Сондай-ақ, «Jas Otan» жастар қанатының Ақмола облыстық филиалының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Сұлтанбек Бекешев көкшетаулықтарды қаланың тазалығын сақтауға шақырды.

–Бұл адамдар көп шоғырланатын жерлердің бірі. Өкінішке қарай, тұрғындар барып демалатын жерлер ластанған. Көкшетаулықтарды қаламыздың тазалығын, жергілікті экологияны сақтауға шақырамын. Осындай іс-шаралар көп болса, бұл еліміздің өркендеуіне септігін тигізеді, – деді өз сөзінде Сұлтанбек Бекешев.

Жалпы, акция  барысында 200 қапқа жуық қоқыс жиналды. Көл жағалауын тазартуға атсалысқан жастардың бірі – қалалық құрылыс-техникалық колледжінің студенті Расул Айтаманов мұндай шаралардың маңызы зор  екендігін атап өтті.

–Мен өз оқу орнымыздың атынан келіп отырмын. Мұндай шаралардың маңызы зор деп санаймын. Барлығымыз бір адамдай өз ауламыздың, үйіміздің маңайын таза ұстауымыз керек, – дейді ол.

Осы аптадан бастап белсенділер шаһардың басқа ластанған жерлерін тазалауға кіріседі. «Киелі мекен» деген атаумен басталатын бұл апталық 20 сәуірге дейін жалғасады. Бұл кезде қаладағы тарихи-мәдени ескерткіштердің аумақтары абаттандырылмақшы.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар