Құрылтай депутаттарының ой-пікірлері

Алқалы жиынның салмағы мен тынысы ерекше сезілді. Елорда төрінде ел болашағына бағыт-бағдар беретін тарихи сәт орын алды. Бірлік пен жауапкершіліктің, сенім мен айқын мақсаттың рухы ескен маңызды жиынға Құрылтай депутаттары, Үкімет пен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, мемлекеттік орган басшылары, қоғам қайраткерлері мен ел еңбеккерлері жиналды. Осы салтанатты да салмақты жиынның бел ортасында Ақмола облыстық «Арқа ажары» және «Акмолинская правда» газеттерінің журналистері де болды.

Мемлекет басшысы айтқанындай, «мәні де, мазмұны айрықша Жолдаудан» кейін біз Ақмола облысынан сайланған Құрылтай депутаттарымен кездесіп, сұхбаттасуды жөн көрдік.

Айнагүл БАЛТАШЕВА,
Құрылтай депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі:

– Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен ел өміріндегі аса маңызды оқиға – халыққа «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты жаңа Жолдау жарияланды. Бұл Жолдау – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа бағытын айқындайтын темірқазық деп санаймын. Әсіресе, инфрақұрылымды дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту және ең бастысы – әлеуметтік салаға баса мән берілуі мені ерекше қуантты. Бұл бағытта денсаулық сақтау мен білім беру салаларын дамыту, ерекше балаларға арналған оңалту орталықтарын ашу, сондай-ақ, спорт пен шығармашылықты қолдау сияқты игі бастамалар көтерілді. Бүгінде Қазақстанда инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар. Өкінішке қарай, соңғы жылдарда ерекше қажеттілігі бар балалардың саны артып келеді. Ақмола облысында бұл бағытта бірқатар жұмыстар жүргізіліп келе жатқанын жақсы білеміз. Білім саласында инклюзивті кабинеттер көптеп ашылып, облыс орталығында арнайы балабақша мен аутизм орталығы ашылған болатын. Қазір онда сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған 280 орындық заманауи арнайы балабақшаның құрылысы жүргізілуде.

Өңірлердің әлеуетін арттыру – мемлекеттің мықтылығының кепілі. Біз өз облысымыз Ақмолада да да бұл бағытта жүйелі жұмыстарды қолға алып, жүзеге асырып келеміз. Мәселен,  логистикалық байланыстарды жақсарту, оның ішінде Көкшетау-Петропавл жолдарын дамыту, әр аумақтың ерекшелігіне қарай ауыл шаруашылығын өркендету, бізде соның ішінде мал шаруашылығы мен ет кластерін дамыту басты назарда болады. Бұл жағынан Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында да біздің облысты ерекше атап өтті.

Сонымен бірге, Жолдауда халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеру туралы маңызды мәселе көтерілді. Бұл – халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған нақты қадам.

Мәдениет және әлеуметтік даму комитетінің мүшесі ретінде айтарым: біздің алдымызда тұрған міндет – осы Жолдаудағы тапсырмаларды сапалы жүзеге асыру. Әсіресе, ұстаздардың қоғамдағы мәртебесін көтеру, сапалы білім беру және жастардың жарқын болашағы үшін бар күшімізді саламыз. Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмалары мен Үкіметпен бірлескен жұмыстарды уақытында атқарып, ел игілігі үшін аянбай еңбек етеміз.

Ерқанат МҰСЫЛМАНБЕК,
 Құрылтай депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі:

– Мемлекет басшысының еліміздегі бизнес-ортаның жай-күйінен толық хабардар екені, әрине, мені қуантты. Ол ұсынған шара – бизнеске тексеру жүргізуге мораторий енгізу – бұған дейін де өз тиімділігін көрсеткен болатын. Депутаттармен және Үкіметпен бірлесе отырып, жуық арада 2027 жылдан бастап шағын және микробизнесті тексеруге жаңа мораторий енгізу туралы салмақты шешім қабылдаймыз деп үміттенемін.

Мораторий енгізілгеннен кейін кәсіпкерлер тарапынан заң бұзушылықтар көбейіп кетеді ме деген қауіпке келер болсақ: жолсыздыққа салынатын бизнес қашан да болған. Бұл орайда, тексеруші және бақылаушы органдардың шағымдар бойынша тексерістерге шығатынын және тиісті шаралар қабылдайтындығын ұмытпаған жөн. Бірақ, жалпы алғанда, біздің бизнес жыл өткен сайын тәртіпке бой ұсынып, жауапкершілігі артып келеді деп есептеймін. Өйткені, мемлекеттің басты мақсаты – тізгінді босатып, бәріне білгенін істеуге рұқсат беру емес. Басты мақсат – барлық процестерді цифрландыру және оларды барынша ашық ету. Бұған қоса, кейбір жекелеген салаларда, мысалы, мектепке дейінгі білім беруде лицензиялау және тексерулерге байланысты басқа да міндетті процедуралардан өту талабын ешкім жойған жоқ.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Салық кодексінің белгілі бір ережелеріне өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы айтқан сөзін де атап өткім келеді. Оның үстіне, осы уақытқа дейін саланың кейбір өкілдері тиісті түзетулерге қатысты өз реніштерін білдіріп келді. Мәселен, бұл оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын компаниялармен және жеке кәсіпкерлермен жасалатын B2B мәмілелері бойынша салықтық шегерімдерге салынған тыйымға қатысты жағдайлар ғой.

Менің көңілімнен шыққан жақсы жаңалықтың бірі – келесі жылдың инфрақұрылым – құрылыс жылы болатыны. Бұл көптеген жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Ал, оның нәтижесі – халыққа ауадай қажет жаңа жолдардың салынып, мектептердің, ауруханалардың және басқа да нысандардың бой көтеруіне жол ашады.

Юлия КУЧИНСКАЯ,
Құрылтай депутаты,  Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттің мүшесі: 

– Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін өте жүйелі әрі мазмұнды құжат болды. Президент қалалар мен өңірлерді дамытуға, атап айтқанда масштабты құрылыстар арқылы экономикаға қаржылық инвестициялар құюға баса назар аударып отыр. Бұл өз кезегінде сұранысты арттырып, құрылыс қана емес, басқа да салалардың дамуына жол ашады.

Ең маңыздысы – мемлекет пен бизнес арасындағы байланысты нығайту, шағын және орта бизнесті мемлекеттік сатып алуларға белсенді түрде тартып, ірі компаниялардың айналасында өндірістік тізбектерді қалыптастыру. Сондай-ақ, бизнестің еркін дамуына кедергі келтіретін артық тексерістерге мораторий қою және Салық кодексіне қайта үңіліп, кәсіпкерлікті тұсаулайтын нормаларды алып тастау – заман талабынан туындаған қажетті қадам деп ойлаймын.

Мемлекет бөліп жатқан қаржы мен жасалып жатқан жағдайлардың нәтижесі тек қағазда қалмай, нақты іске асырылуы тиіс. Ең бастысы – отандық тауарлар мен қызметтерді тұтыну арқылы халықтың әл-ауқатын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашу және жалақы мөлшерін көтеру болып табылады.

Ақмола облысы үшін де бұл Жолдаудың маңызы зор. Өңірдегі қалалар мен аудан орталықтарын сапалы тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп, нағыз өмір сүруге қолайлы тартымды ортаға айналдыру – басты міндет. Себебі, тұрғындар жұмыс орындары мен экономикалық қозғалыс бар жерге ғана шоғырланады, сондықтан инфрақұрылымды дамыту тек құрылыспен шектелмей, сол өңірлердің экономикасын өркендетумен ұштасуы қажет.

Ел Президенті өз Жолдауында тек әлеуметтік-экономикалық бағыт-бағдарды ғана қамтымай, әрбір қазақстандықтың жауапкершілігін оятатын маңызды үндеу жасады. Басты байлығымыз – адам капиталын дамытып, өңірлердің әлеуетін арттыру, отандық өндірісті қолдау мен заң үстемдігін қамтамасыз ету – бәрімізге ортақ міндет. Бастамалардың қағазда қалмай, нақты іске асуы әрбір азаматтың адал еңбегіне тікелей байланысты. Ал, журналистер қауымы бұл үдерістің әділ әрі ашық жүзеге асуына әрдайым мұрындық болып, халық пен билік арасындағы алтын көпір қызметін абыроймен атқара береді.

Қуатты елдің ертеңі – жұмылған жұдырықтай бірлік пен қажырлы еңбекте!

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар