Біз сізбен қашанда біргеміз

Айрықша қасиетті, ерекше берекелі Есілді жағалай қонған тәуелсіз елдің Елордасына көгілдір көктемнің алғашқы шуағы уылжыған нұрын төгіп, жарық сәуле болып құйылып тұрғандай. Лүп еткен самал желмен желбіреген көгілдір тулардың өзінде де ерекше бір сән мен салтанат бар екендігін сезінеміз.

Биылғы жылдағы сәуірдің 26-ы күні өткен кезектен тыс Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауында туған еліңіздің зор сенімі мен тұтас қолдауына ие болып, құрметті Президент тәуелсіз мемлекет тізгінін тағы да қолыңызға алдыңыз. Туған елдің сенімін ақтау жолында, қазақ елін ел қылудың тауқыметті тірлігімен тар жол тайғақ кешулерден өтіп, күллі дүниеге Қазақстан Республикасы атты мемлекетті ақыл-парасатыңызбен, дана да даралығыңызбен, көреген көсемдігіңізбен таныта білдіңіз. Сондықтан да, Нұрсұлтан Назарбаевты қазақ елінің тұтас бір өрлеу жолындағы өміршең тарихы деп түсінеміз.
Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі басталған сәтте біздің көңілімізді айрықша қуаныш биледі. Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған қасиетті Көкшетау мен Қараөткелдің кең жазирасын жайлаған барынша еңбеккер, ғажайып дарынды, айрықша талантты елдің жан дүниесінде іңкәр сезімдердің болғандығы даусыз. Ақмола облысының мәдениет саласында қызмет етіп жүрген жүздеген қызметкерлер Елбасының сарабдал саясатын туған еліне жеткізіп, игілікті істерге ұйытқы болып, адал еңбектің, мінсіз қызметтің қаншалықты қуатты екендігін насихаттауда. Біз бұл жолы да Сіздің жеңетініңізге кәміл сенімді едік. Сіздің ғана жеңісіңіз емес, тұтас елдің жеңісі бұл! Тәуелсіздіктің алғашқы арайлап атқан таңынан бергі атқарылған қыруар жұмыстардың қайтарымы.
Құрметті Елбасы! Сізді, бүгінгі жеңісіңізбен көгілдір Көкше, қордалы Қараөткел жұртының атынан, осы облыстағы мәдениет саласы қызметкерлерінің атынан шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіз. Біз сізбен әрдайым біргеміз. Сіздің көреген де сарабдал саясатыңыздың арқасында Оқжетпестей биік, тіл жетпестей асқақ биіктерге жеттік. Болашақта да Сіздің ойлы да парасатты, орамды да қордалы ой-пікірлеріңізді басшылыққа алып, алға баса беретін боламыз. Біз сізбен қашан да біргеміз!

 

Жібек Бағысова, Қазақстан Республикасының халық әртісі. Иран Тасқара, ақын, композитор. Ғазиза Жұмекенова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі. Төлеген Қажыбай, жазушы, Көкшетау қаласының құрметті азаматы. Мұратбек Оспанов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Құдайберлі Рахымбекұлы, ақын. Арман Бердалин, ақын. Ерболат Баятұлы, ақын. Юрий Попов, суретші, Ақмола облысы Суретшілер одағының төрағасы. Дулат Қоспанов, суретші. Құрмет Сақай, композитор. Шолпан Дүкімбаева, опера әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі. Құмарбек Қалқатаев, композитор, қазақ театрының әртісі. Тұрлықожа Базаров, қазақ халық аспаптар оркестрінің дирижері. Валерия Болиева, опера әншісі. Виктор Крылов,  орыс драма театрының әртісі. Виктор Зайберт, профессор, тарих ғылымдарының докторы. Сырым Рахимов, ақын, Көкшетау қаласының  құрметті  азаматы. Людмила Скуратова, орыс драма театрының әртісі. Қуаныш Оспанов, ақын. Байқал Байәділов, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *