Үздік спортшылар марапатталды

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен «Ақмола облысының спорт тарландары» атты облыстық форумға қатысып,

құттықтау сөз сөйлеп, жыл ішінде үздік нәтижелерге қол жеткізген спортшылар мен жаттықтырушыларға, сондай-ақ, спорт тақырыбына жазатын БАҚ өкілдеріне арнайы сертификаттар мен ақшалай сыйлықтарды табыс етті.

Форумға өңірдегі спорттық мектептер пен ұйымдардың өкілдері, бапкерлер, спортшылардан құралған 300-ге жуық адам қатысты. Салтанатты шара алдында, жиналған қауым көрмемен танысып, түрлі дүбірлі додаларда топ жарып, облыс, республика атын аспандатып жүрген ақмолалық спорт тарландары туралы деректі фильмді тамашалады.
– Спорт әлемдік бәсекеге қабілетті қоғам құруға мүмкіндік береді. Ақмола облысы өзінің спорттық тарихын және оның даңқты дәстүрлерін мақтан тұтады. Өңірде атақты чемпиондар мен рекорд-смендер, елеулі нәтижелер мен жеңістерге қол жеткізген спорт тарландары бар. Ақмола облысының спорт қауымдастығының үздік өкілдерін марапаттау жақсы дәстүрге айналды. Осы орайда, біздің өңірде бұқаралық спортты дамытуға және спорт мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға үлкен көңіл бөлінетінін баса айтсақ дейміз. Осының арқасында ақмолалықтардың спорттық жеңістері жыл сайын көбейіп келеді. Мұндай қадам өскелең ұрпақ үшін зор өнеге деп білеміз,–деді облыс әкімі өз сөзінде.
Спорттың олимпиадалық түрлері ішінде «2018 жылдың үздік спортшысы» аталымы бойынша Дмитрий Алексанин үздік деп танылып, оған Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы арнайы жүлдемен қатар, ақшалай сыйлық табыс етілді. Бокстан Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген бапкері Александр Высоцкий «2018 жылдың үздік жаттықтырушысы» аталымы бойынша марапатталды.
Сондай-ақ, спорттық форумда «Үміт», «Олимпиада үміті», «Алтын резерв», «Ұлттық спорт түрлерінен 2018 жылдың үздік спортшысы», «Жас спортшы», «2018 жылдың үздік спорт мектебі», «2018 жылдың өңірлік спорт басшысы» және тағы да басқа аталымдар бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге сый-сияпаттар жасалды. БАҚ өкілдері арасында қалалық «Любимый город» газеті мен Sinegor.кz порталы және «Қазақпарат» агенттігінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі Аслан Оспанов марапатталды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар