Панкреатит: себептері мен белгілері

Панкреатит – ұйқы безінің қабынуы. Адамдарда жиі ұшырасатын сырқат түрі. Көп жағдайда арақ ішу мен өтте тастың жиналуы басты себеп болып табылады. Дуоденит, асқазанның ойық жарасы, іштің сыртқы жарасы мен В,С гепатиттері, зат алмасуының бұзылуы, қан тамырлары аурулары, тұқым қуалаушылық та панкреатит сырқатына алып келуі мүмкін.

Ауру жылдам дамуы немесе созылмалы түріне ауысуы ықтимал. Ұйқы безінің сау кезінде онда ферменттер қалыптасады. Әртүрлі факторлардың әсерінен, мысалы, өт жолына тас тұрып қалғанда онда қысым артады, сөйтіп, ферменттердің уақытынан бұрын белсенуі байқалады. Осының салдарынан тағамды қорытудың орнына ферменттер ұйқы безінің өзін қорыта бастайды. Яғни, тез арада қабыну басталады.
Созылмалы панкреатитте ұйқы безінің қалыпты тіні біртіндеп өзгереді де, темірдің экзокринді және эндокринді функцияларының тапшылығы дамиды. Мұның алғашқысы, яғни, экзокринді дегеніміз ферменттер қалыптастыру, ал, эндокринді гармондар соның ішінде инсулин қалыптастыру болып табылады.
Ауру қалай басталады? Іштің жоғары жағында, сол жақтағы қабырғаларға қарай қатты шаншу пайда болады. Ол спазмолитикалармен (ношпа) және анельгетикалармен басыла қоймайды. Көп жағдайда құсу, іш дәретінің бұзылуы, әлсіздік, бас айналуы байқалады. Қанның биохимиялық талдауында альфа-амилаздар ондаған есе арта түседі. УЗИ-де панкреатиттің негізгі белгілері – формасы мен шеттерінің өзгеруі, кистаның пайда болу ықтималдылығы. Сырқат ауыр жағдайда өрбиді. Соның салдарынан науқастың қайтыс болып кетуі де орын алатын жағдайлар жоқ емес. Созылмалы панкреатитте науқасты бірінші кезекте ұйқы безінің батып ауырғандығы мазалайды. Ол кей жағдайда сол және оң қабырғаға, арқаға береді. Арқаға жатқанда күшейіп отырып, алға бүгілгенде саябырсиды. Көбіне тамақ ішкеннен кейін 40-60 минуттан соң пайда болады және күшейеді.
Панкреатиттің тағы бір жағымсыз белгілері – іштің өтуі. Оның барысында тамақтың қорытылмаған бөліктері байқалуы мүмкін. Көп ретте панкреатитке холецистит (өттің қабынуы) келіп қосылады. Немесе холециститтің өзі панкреатитті тудыруы ғажап емес. Оған кейде инфекция жұғады. Сөйтіп, флегмона немесе ұйқы безінің абцессі туындайды. Кейде бұл іш құрылысына қан кетуіне әкеліп соғады. Бұдан басқа ұйқы безі ыдырап бұзылып, адам өміріне тікелей қауіп төндіретін перитонит ауруына әкеліп соғатын салдары да бар. Міне, панкреатиттің қаншалықты қауіпті сырқат екенін, оны елемей жүре беруге болмайтынын көріп отырсыздар.
Ал, диагнозын қойып, емдеуіне келсек, мұның бәрін гастроэнтеролог дәрігер анықтап, белгілейді. Алдымен, қанның жалпы клиникалық және биохимиялық анализдері, сосын несеп талдауы, ішкі құрылысты УЗИ-ге түсіру, гастроскопия. Бұдан басқа да бүгінгі медициналық диагнозды анықтау мен ем-шаралар тәсілі осы елеулі сырқаттың бетін қайтаруда өзінің тиімді нәтижесін беретін мысалдар көп.
Сондықтан, панкреатиттің осы жоғарыда айтып отырған белгілері байқалысымен, бірден дәрігерге көрінген абзал.
Сөз соңында ескерткіміз келетіні, жедел панкреатиттен кейін сырқат созылмалы түріне ауысады. Тұзды тағам, алкоголь оны тек қозғап, одан әрі өрбітіп отырады. Сөйтіп, созылмалы панкреатит қант диабетінің дамуының бір себебіне айналады.
Сая АХМАДИЕВА,
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Ақмола облысы
бойынша департаментінің №5 бөлімінің бас маманы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *