Эвересті бағындырған альпинист

Зеренді ауданындағы «Зерен» демалыс орталығында республикалық жастар білім беру лагерінің екінші ауысымы ашылды.

Зеренді көлінің көрікті табиғат аясындағы республикалық жазғы жастар білім беру лагері бірінші маусымының жұмысы жайлы осыған дейінгі газетіміздің санында оқырмандарды құлағдар еткенбіз. Мазмұны терең мәнді іс жалғасын тауып, «Жас кәсіпкерлерді даярлау. Жаңа стартап жобаларды үйрету» тақырыбымен екінші ауысым есігін айқара ашты.

Оған бұл жолы да еліміздің әр өңірінен келген жастар ұйымдарының көшбасшылары, жастар ресурстық орталықтарының мамандары, кәсіпкерлер мен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары қатысуда.
Жастармен тартымды лекция өткізген қазақстандық танымал альпинист, бірнеше дүркін әлем және республика чемпионы, альпинизм спорты бойынша ұлттық құраманың капитаны, еңбегі сіңген спорт шебері Мақсұт Жұмаев өзінің спорттағы тәжрибесімен бөлісе отырып, еліміздің белсенді жастарымен салауатты өмір салтын ұстану, спортқа бет бұру туралы әңгіме өрбітті. Альпинизм спортынан әлемдік бәсекеде бағы жанып жүрген ол осы спорт түріне қалай келгендігін, қандай биік шыңдар мен қиындықтарды бағындырғанын, жастар тәрбиесі, ер жігіттерге қандай қасиеттер тән болу керектігін айта отырып, жастарды өз елінің патриоты болуға үндеді.
Жалпы, Мақсұттың жетістігіне келетін болсақ, ол Эвересті бағындырған санаулы саңлақтардың бірі. Әлемде биіктігі
8 000 метрден асатын 14 таудың барлығын бағындырған. Әрі ең жас және ең қысқа мерзімде биіктерді бағындырған альпинист. Жиырма жылға жуық альпинизммен айналысқан отандасымыз бүгінде әскери салада қызмет етеді.
Ауысым бойы демалушыларға арналған семинарлар мен тренингтер өткізіліп, тақырыптық жобалар әзірленіп, идеяларды іріктеу ұйымдастырылатын болады.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар