1969 жылдың түлектері арада жарты ғасыр өткенде өздері бітірген жоғары оқу орнында бас қосты

Албырт сезімге толы жастық шақтың қуанышты сәті – студенттік кезең. Арман құшағына бөленген әр өреннің мақсаты – кәсіби білім алумен бірге, жоғары оқу орнындағы төрт жылды құрбы-құрдастары арасында сыйластықпен өткізу. Өйткені, студенттік шақта да жастарға достық пен жолдастық қарым-қатынастан артық ештеңе болмақ емес.

Сонау 1962 жылы шаңырақ көтерген Көкше өңіріндегі алғашқы жоғары оқу орны – қазіргі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, бұрынғы педагогикалық институты педагог кадрларын даярлауға бейімделді. Сол үшін бүгінгі Ақан сері мен Кенесары көшелерінің қиылысындағы жұпыны ғимаратқа қоныстанған институттың математика және филология факультеттері болды. Арада төрт жыл салып, 1966 жылы алғашқы түлектері қанат қақты. Бұл – институттың ғана емес, тұтастай облыстың қоғамдық-саяси өміріндегі айтулы оқиға болатын. Содан бергі елу үш жылдың ішінде жоғары білім алған мыңдаған түлектер республикамыздың әр өңірінде жемісті еңбек етуде. Ал, аталған оқу орнын 1969 жылы бітірген түлектерінің бір тобы елу жылдан кейін 30 шілдеде университет қабырғасында кездесті. Бұл жолы Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиевтің ұйытқы болуымен өткен бас қосуға Мәриям Кенжеахметова, Шәрия Бажақова, Раушан Қайырғожина, Мүслима Хасенова, Бақыт Есмағамбетова, Ботагөз Нүркетаева, Клара Құсайынова, Мағрипа Мусина, Масайра Мұқанова, Сара Жаңабековалар келіпті.
Институтқа Түркменстанда әскери борышын өтеп, есейіңкіреп түскен Шияп Шарапұлы курстың көш бастаушысы – комсоргы болды. Алғырлық мінезі оны үнемі алға жетелеп, мектеп директоры, оқу бөлімінің меңгерушісі, департамент директоры қызметтерін атқарған кезде де абыройға бөледі. Ару шаһарымыздың 195 жылдық мерейтойына орай «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атағын алған ел ағасы әлі де биік тұғырда. Кезінде туған елінің мерейін өсіріп, Зеренді ауданының құрметті азаматы атағын иеленгенін де мақтанышпен айтқымыз келеді. Қызылтудың парасатты, ақылды қызы Мүслима Хасеновамен махаббаттары жарасып, бірінші курста отау құрды. Ата-анасының мақтанышына айналған сүйкімді ұл-қыздары: Бота – кәсіпкер, Гүлнәр – университеттің оқытушысы, Жомарт – мемлекеттік қызметші, Дана – құқық қорғау органының қызметкері, Совет – кәсіпкер. Бәрі де абыройлы қызмет істеп жүр. Бәйшешектей жайқалған немерелері отбасылық ізгі дәстүрді жалғастырып, ата-әжесінің үмітін сеніммен ақтауда. –Тағдырдың жазуымен бірге оқыған достарымыздың қатары сейіліп барады. Тіпті алғашқы ұстаздарымыздың көбі дүние салды,–дей келе Шияп Әлиев жылы шырайлы қабылдау ұйымдастырғаны үшін университет ректоры Марат Сырлыбаевқа шынайы алғысын айтты.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыс жөніндегі проректоры Темірхан Жарқынбеков жоғары оқу орнының бүгінгі қызметі жайлы баяндап берді. 1996 жылы педагогикалық және ауыл шаруашылығы мен Қарағанды политехникалық институттарының негізінде құрылған университетте бүгіндері 6600 студент оқиды екен. Студенттердің мемлекеттік стандарттарға сәйкес сапалы білім алуларына қолайлы жағдай жасалған. Еліміздегі жетекші 20 жоғары оқу орнының қатарына кіру жөнінде де талпыныс жасалып жатса керек. Бұл – құптарлық жағдай. Әріптесінің жағымды жаңалықтарын әрі қарай сабақтаған университеттің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Аманбай Сейітқасымов студенттерді баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша 1000 орындық жаңа жатақхана салынатындығын айтты. Ал, қазіргі жұмыс істеп тұрған екі жатақхананың біреуі – 2016 жылы салыныпты. Тұрғын үй үлгісіндегі бұл баспанада тұрмыстық қызметтің барлық түрі қарастырылған. Тағы бір жаңалық, «Самұрық-Қазына» әлеуметтік қоры 62 миллион қаржы жұмсап, университеттің қарсы бетіндегі скверді абаттандырып, спорт алаңын жасап беріпті.
Кездесуге келген түлектер студенттік шақтарын сағынышпен еске алып, ақ тілектерін ақтарды. Омбыдан келіп оқыған Мағрипа Мусина институт бітірген соң арнайы жолдамамен Жамбыл облысына барып, 42 жыл білім саласында абыройлы еңбек етіпті. Оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін атқарып, «Білім саласының үздігі» атағына да ие болған. Өнегелі өмір жолынан сыр шерткен Біржан сал ауданының ерке қызы Бақыт Есмағанбетова бүгінгі таңда сүйікті жары, білікті дәрігер Қайыргелді Қиықов екеуі – бес баланың ата-анасы, немерелерінің ата-әжесі. Өмірден түйгені мол ұлтжанды азамат Қайыргелді Қиықов: «Бір кезде бәрің де арман қуған албырт жас едіңдер. Енді міне, алдың сексенге қадам басқан ақсақал, әже болдыңдар. Тағдырдың жазуымен әр тарапта жүрсеңдер де, уақыт тауып келгендеріңе курстың «күйеу балалары» атынан алғысымды білдіремін. Достықты, жолдастықты бағалай білу – халқымыздың асыл қасиеті» – деп ағынан жарылды. Көкшетау қаласында Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің, әдебиет және өнер музейлерінің ашылуына тікелей қамқоршысы болған Мәриям Кенжеахметованың өңірдің мәдениет саласын өркендетуге қосқан үлесі зор. Дарынды жастардың тұсауын кесіп, өнерге қанат қақтырып, туған жер, туған ел жайлы көптеген әндер жазды. Көкшетау қаласының құрметті азаматы Мәриям да жастар тәрбиесі жайлы әсерлі әңгіме айтты.
–Қазақ мектебін бітіргендіктен бе, алғашқыда оқу бағдарламасын емін-еркін игеру оңай болған жоқ. Дегенмен де, осында отырған құрбыларымның көмегімен мен де үздіктер қатарына қосылдым. Құдайға шүкір, өмірге еш өкпем жоқ. Алған біліміме орай абыройлы қызмет істеп, шәкірттерімнің ыстық ілтипатына бөлендім,–дейді Раушан Қайырғожина. Университеттегі бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Тыныштық Ахметова ректорат тарапынан зейнеткерлерге көрсетіліп жатқан қамқорлықтар жайлы айтып, кездесуге келген әріптестеріне ізгі тілегін білдірді.
Ата-баба дәстүрін ардақтай білетін ұрпақ өкілдері болғандықтан, Науан хазірет атындағы орталық мешітке барып, өмірден озған жолдастарының рухына бағыштап құран оқытты. Облысымыздың бас имамы Қуаныш Сәбит имандылықты қастерлей білетін мұсылман жамағатқа ақ тілегін арнады. Студенттік шақтың романтикаға толы сағыныш сезімдері онан әрі дастархан басында жалғасып, естеліктер мен өлең-жыр да көп айтылды. Жастық шағымыз бірге өткендіктен, бұл кездесу маған да жақсы әсер қалдырды. Көкше өңіріне танымал журналист Жанатай Бекенов пен болашақ жеңгем Мәриямның шапағатымен редакцияда бірге істеген әріптесім Тәкен Сәдуақасов екеуіміз Ботагөз, Клара пісірген етті жеп, сорпасын ішіп, мәре-сәре болатынбыз. Қошқарбайдың қырмызы қызғалдағы, жерлесім Ботагөз жайлы айтар болсам, ол – Жаулыбай Дүйсеннің Тоқсанбай әулетінен тарайтын Шойынбек атаның немересі. Зеренді өңірінде ұзақ жасаған діндар-шежіреші ақсақалдың ұлы Нүркетай қария Ленин орденінің алғашқы иегері болса, он құрсақ көтерген Шәрия апамыз ауылымыздың мақтанышы еді.
***
Өскелең ұрпаққа ой саларлық мұндай шараның тәрбиелік мәні жастық және студенттік шақтағы достықты өмірлік ұстанымға айналдыра білу. Өйткені, 69-жылдың түлектері жолдастыққа адал, жақсылыққа жаны құмар жайсаң жандар.
Балталы СӘРСЕНБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар