Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев: «Үкімет басшысы нақтылы міндеттер қойды. Біз – орындауға тиістіміз!»

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев әкімдіктің кезекті аппарат кеңесінде Үкімет басшысының облысымызға жасаған жұмыс сапарының қорытындылары туралы айтып, «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру, өңіріміздің экономикалық дамуы мен әлеуметтік атаулы көмек беру мәселелеріне назар аударды.

Өңір басшысы өз сөзін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминнің Ақмола облысына өткен дүйсенбі күні жасаған жұмыс сапарынан бастады. 2020 жылы Көкшетауда Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы өтетінін айта келе, бұл маңызды шараға мемлекет тарапынан зор көңіл бөлініп отырғанын, Үкімет басшысы өңірге сапары барысында форумға дайындық жұмыстарымен танысқандығына тоқталды.
–Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Қопа көлінен қалаға дейінгі жол құрылысы басталады. Жоба Үкімет басшысының қолдауын тапты. Премьер-Министр сапар кезінде қонақ үй бизнесі нысандарын аралап көрді. Атап айтсақ, «Көкшетау», «Достық», «Green Which Hotel» қонақ үйлерінде болды. Келер жылы облыс орталығында өтетін форумға 1,5 мыңнан астам адам келеді деп жоспарланып отыр. Олардың барлығын қонақ үйлерде орналастыруымыз керек. Форумның облысымыз үшін маңызы өте зор. Сондықтан, баршаңызды осы іске жауапкершілікпен қарауға шақырамын, – деді Ермек Маржықпаев бұл сөзін өз орынбасарлары мен ведомство басшыларына қарата айтып.
Сондай-ақ, Үкімет басшысының Сарыарқа шағын ауданындағы тұрғын үйлердің құрылыс қарқынына оң баға бергенін, Көкшетау мен Бұланды, Бурабай аудандарындағы бірқатар ірі кәсіпорындарда болып, өндіріс көлемін арттыруды тапсырғанын атап өтті.
Аппарат кеңесінде Атбасар қаласында мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйлердің сапасы облыс әкімінің сынына ілінді. Ермек Маржықпаев «Ауыл – ел бесігі» жобасының дұрыс жүзеге асырылмай жатқанын айтып, жауапты мекемелерге осы істі қолға алуды тапсырды. Жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова атаулы әлеуметтік көмек алатындар арасында табыстарын жасыратындардың кездесетінін айтты. Облыс басшысы осыған орай, атаулы әлеуметтік көмек беруде заңсыздықтарға жол берілмеуін ескертті.
–Алдымызда өте маңызды міндеттер тұр. Мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету, жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының тиісті деңгейде орындалуы қадағалансын. Мемлекеттен бөлінген қаржыны дұрыс игеріп, артық шығындардың бәрін қысқарту керек. Күзгі орақ науқаны да жақындап келеді. Премьер-Министр облысымызға сапары кезінде егіс алқаптарын қарап шықты. Бәрі ойдағыдай болуға тиіс. Биылдың өзінде облысымыздың шаруашылықтары 361 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Әлеуметтік-экономикалық, басқа да салалар ауқымды жүйелі жұмыстарды қажет етеді, – дей келе, облыс әкімі алдағы сенбіде өтетін жалпықалалық сенбілікке барлық мекемелерді белсене араласуға шақырды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суретті түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар