Суэц каналын салған француздар Көкшетаудың су тазарту жүйесін жаңартпақшы

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласының су тазарту жүйесін жаңғыртуға ынта танытып отырған француздық «Caspian Contractorstrust» компаниясының өкілдерін қабылдап, бірлескен жобаны жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды.

Кездесу негізінен танысу, таныстыру мақсатында өтті. Меймандар арасында «ССТ» компаниясының өкілдері де бар. Екіжақты келіссөз барысында Көкшетау қаласының су тазарту жүйесін жаңғырту жобасы кеңінен талқыланды. Қос тарап қызығушылық білдіріп отырған жоба қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы ретте, облыс әкімі қаланың су тазарту жүйесін жаңғырту қажет екенін айта келе, меймандардың ұсынып отырған жобасы туралы нақтылап сұрап білді.
− Көкшетау қаласының су тазарту жүйесін жаңғыртуға біз де мүдделіміз. Ұсынып отырған жобаларыңыз талаптан шығып жатса, неге бірлесіп жүзеге асырмасқа? Қала әкімі мен «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорыны, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандарынан жұмыс тобын құрып, қажетті мәліметтер, инженерлік карталарды ұсынамыз, − деді облыс әкімі Ермек Маржықпаев.
Француздық компания өкілдері әйгілі Суэц каналын салғанын мақтан тұтады. Компанияның Қазақстан аумағында 25 жыл жұмыс істеген тәжірибесі бар. Осы уақытта елімізде бірқатар жобаларды жүзеге асырған. Оның ішінде Қызылорда, Шымкент, Жаңаөзен тәрізді қалалардың су тазарту жүйесін жабдықтаған. Өткен жылы көрші Солтүстік Қазақстан облысының Соколов гидронысанында жаңғырту жұмыстарын жүргізіпті.
Кездесуді қорытындылған облыс әкімі жобаны жүзеге асырмас бұрын алдымен оны жан-жақты зерттеп, екіжақтың ұсыныс-талаптарын қарап барып нақты бір шешімге келетінін кесіп айтты.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар