Алматыда «Қайраттың» өзін жеңген «Оқжетпес»

Премьер-Лиганың ХХІV турында кішігірім сенсация жасады

Иә, бұл сенсация дерлік нәтиже болды. Алматыда «Оқжетпес» бұған дейін турнир кестесінің көш басында тұрған «Қайратты» 0:1 есебімен ұтып кетті. Матч қарсаңында мамандар мен букмекерлік кеңселердің бәрі жеңісті алдын ала халық командасы – «Қайратқа» беріп қойған еді.
Оның да жөні бар. «Қайрат» бұған дейін 47 ұпаймен жоғарыда айтқанымыздай, топ бастап тұрса, жерлестеріміздің одан тура 20 ұпайы кем болатын. Яғни, 27 ұпаймен «Оқжетпес» біраздан бері турнир кестесінің сегізінші сатысында келе жатқан. Оның үстіне чемпионаттың өткен екі айналымында да әуелі 4:1, кейін 1:2 есебімен «Қайрат» жеңіске жеткен-ді.
Рас, Көкшетауда өткен екінші ойында төрешінің бүйрегі көрінер-көзге «Қайратқа» бұрып, айып алаңындағы екі бірдей ойын тәртібін бұзушылықтары үшін 11 метрлік айып добын тағайындамаған еді. Кейін төрешілік-сараптама комиссиясы төреші бұл жағдайда қателесті деп шешіп, оны чемпионаттың үш ойынына төрешілік етуден аластатып тынған.
Сол жолы-ақ «жеңілгенімен, жеңіс «Оқжетпестікі» еді» деп ойынның нәтижесіне риза болмаған жанкүйерлеріміздің дегені осы жолы ақыры болды. Алдын ала «Қайраттың» пайдасына айтылған болжамдарға қарамастан, «Оқжетпес» сырт алаңда азулы қарсыласын ұтып, өзінің қай командаға болсын оңай есе жібере қоятын клуб емес екенін тағы бір дәлелдеді.
Мұның алдында рас, команданы сәтсіздіктер айналсоқтап кеткен болатын. Соның ішінде соңғы турда өз алаңында Шымкенттің «Ордабасынан» 4:0 есебімен жеңілгені жанға қатты батқан еді. Оны бір есептен кейінгі кезде команданың бір топ белді ойыншыларының жарақат алуы, басқа да себептерден ойынға қатыса алмауымен де байланыстыруымызға тура келеді.
Ал, бұл жолғы жеңіс әрине, жерлестеріміздің өз күшіне сеніп, чемпионаттың қалған ойындарын бірқалыпты, біз күткендегідей өткізулеріне дем беретіндігі анық.
Сонымен, көпшілік күтпеген нәтижемен аяқталған бұл соңғы ойын қалай өрбіді? Осыған келсек, Алматыдағы орталық стадионға жеті мың жанкүйер жиналып, көпшілік арасында «халық командасы» деген атауы бар «Қайратты» толассыз қолдап отырды. Біздің «Оқжетпес» алаңға мына құраммен шықты: қақпашы Багинский, Калинин, Кислицын, Димов, Дайыров, Бобко, (Абдулин 88), Дмитриев, Сапаров, (Түлиев 81), Зорич (Ерсәлімов 59), Данило, Молдақараев. Матчқа қызылордалықтар Данияр Сахи, Төребек Жақсылық және павлодарлық Рустам Сүйінов төрелік етті.
«Қайраттың» бас бапкері Алексей Шпилевский бұл ойында Исламхан, Сейдахмет, Эсеола, Қуат, Дугалич сияқты негізгі ойыншыларға сенім артты. Алайда, ойынды «Қайрат» емес, «Оқжетпес» ширақ бастады. Данилоның айып алаңынан соққан добын қорғаушы Дугалич кері қайтарды. Бірден іске белсене кіріскен Зорич те сол жақтан айып добын соғуға мүмкіндік алып, қарсыластарын тағы бір мазалап қойды. Ал, матчтың жетінші минутында Молдақараев пен Дмитриев айып добын тез ойынға қосып, оны сол жақтан алға ұмтылған Бобкоға тастады. Ол болса, өз қапталында ішке біраз кіріп барып, допты қиғаштай айып алаңына жіберді. Міне, осы арада «Қайраттың» ойыншылары Әбікен, Политевич және Сүйінбаевтың арасынан бұл допқа жылдам иелік ете білген Зорич оны салған бойда қақпаға тепті. Әрі күтпеген, әрі қатты келген допқа қақпашы Покатилов еш қайран жасай алмай, тоблода 0:1 есебі жарқ етті.
Сөйтіп, «Оқжетпес» алға шықты. Бұдан кейін біздің ойыншылар қорғанысқа көп көңіл бөліп, ара-тұра ғана қарсы шабуылға шығып отырды. Ал, «Оқжетпестен» гол өткізіп алған қайраттықтар болса, бар күштерін салып, бірінші таймда есепті теңестіріп үлгеруге ұмтылды. Бірақ, ол ойлары бола қойған жоқ. Қонақтар сәтті қорғанғаны өз алдына, бұл күні бірнеше қиын доптарды қайтарған қақпашымыз Багинский де тек биіктен көрінді. Екінші таймда да үсті-үстіне үздіксіз шабуылдаған «Қайрат ойыншыларының өкінішіне орай, доп қақпаға дарымай қойды. Сөйтіп, екі команданың биылғы екінші кездесуіндегі әділетсіздік орнына келгендей болып, «Оқжетпес» сырт алаңда өзіне аса қажет үш ұпайды олжалап кетті.
Аса қажет дейтініміз, енді жерлестерімізді өзінен кейін тоғызыншы орында тұрған «Тараздан» 14 ұпай бөліп тұр. Яғни, «Оқжетпес» биыл Премьер-Лигада қалады деп сеніммен айтуға болатын сияқты. Тіпті, бұдан әрі де осылай батыл ойнап, қарсыластарына есе жібермесе, өзінен үш ұпай ілгері тұрған Қарағандының «Шахтерімен» де жетінші орын үшін күресуге мүмкіндігі бар.
Тағы бір айтарымыз, «Оқжетпестің» өз алаңында 1 қыркүйекте «Астанамен» өтетін ойыны кейінге қалдырылды. Бұған Еуро Лиганың іріктеу ойындарына қатысып жатқан «Астана» клубы басшыларының өтініші себеп болды. Олардың бұл ойынды кейінге қалдыру жөніндегі бұйымтайына біздің клуб қарсы болған жоқ. Несі бар, бұл да отандық футболға жанашырлықтың бір үлгісі. Сөз соңында осы турдағы қалған ойындардың нәтижесі туралы да айта кетсек, «Ордабасы» 3:2 есебімен «Шахтерден», «Тобыл» 2:0 есебімен «Атыраудан», «Жетісу» сырт алаңда 0:2 есебімен Қызылорданың «Қайсарынан» басым түсті. «Астана» өз алаңында «Таразды» ойсырата ұтты. Есеп 5:0. Ал, «Ақтөбе» мен «Ертіс» 1:1 есебімен тең түсті. Енді «Оқжетпес» чемпионаттың кезекті ойындарын 14 қыркүйекте Қостанайда жергілікті «Тобыл» командасымен жалғастыратын болады.
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар