Зиянды қоспалар бала денсаулығына кері әсерін тигізуде

Балалардың улану фактілері соңғы кездері жиілеп кеткені рас. Тіпті, құрамында ағзаға зиянды қоспалары бар, бүлінген тамақты жеп қойып, қайтыс болған балалар жайлы да жағымсыз жаңалықтарды жиі құлағымыз шалатын болды. Сондай да мына бір мәселе жайлы қатты толғанамын.

Балалар денсаулығының нашарлап бара жатқаны көшелерде бұрыш-бұрышта сатылып жатқан донер тәрізді тіскебасарлардың, фастфудтардың, бояудан жасалған, түк пайдасы жоқ кәмпит, шырындардың әсірінен бе деп ойлаймын.
Кейде немерелеріме жейтін бірдеме алайын деп дүкендерге барсам, жөнді түк таба алмаймын. Сөрелерде ыңғай түрлі-түске боялған кәмпиттер, құрамында консерванттары бар шырындар мен сағыз сынды қоқыр-соқыр тұрады. Ал, соған бүлдіршіндер қызығады. Бауыр еті баласының көңілін қимайын деп ата-аналары жылтыр, неше түрлі суреттері бар қаптамадағы пайдасыз өнімдерді сатып әперіп жатады. Балаларға арналған өнімдердің қораптарын қарасаңыздар, ыңғай шет тілде жазылған сөздерді көресіздер. Балалар энергетикалық сусындарға, поп-корн мен чипсыға, «M&Ms», Kinder секілді тәттілерге әуес. Дүкенге дәл кіре-берісте жиырма, елу, жүз теңгеден сатылатын дөңгелек пішіндес тәттілер де бүлдіршіндердің көзін қызықтырмай қоймайды. Мені бір ойлантатыны, сондай тағамдар отандық дүкен сөрелеріне қайдан және қалай келіп жатыр?
Жуырда телефонымдағы «What’s up» деп аталатын әлеуметтік желіге бір баланың тамақтан уланып, тілге келместен қайтыс болғаны жөнінде ақпарат келіп түсті. Ол хабарламада баланың улануына себеп болуы мүмкін деген өнімдер тізімі қоса беріліпті. Солардың ішінде жоғарыда мен атаған тәттілер мен энергетикалық сусындар да бар болып шықты.
Осыдан бірнеше ай бұрын елімізде Coca-cola деп аталатын сусынды күнбе-күн ішіп, есінен алжасу жағдайына жеткен бозбала жайлы ақпаратты естігенімді тағы айтпай кете алмаймын. Ата-аналардың осындай сусындардың зиянды екенін біле тұра, ұл-қыздарына соны сатып әперетіні қынжылтады. Елорданың, басқа да ірі қалалардағы ойын-сауық орталықтарында тез әзірленетін тағамның бір түрі «KFC»-ді адамдар ауыздарының суы құрып сатып алып жейді. Негізі ол тағамның құрамында да ағзаға зиянды қоспалар өте көп. Ал, жуырдан бері KFC Көкшетауда да сатыла бастапты.
Жайшылықта балаларды елдің болашағына балаймыз. Сонда олардың денсаулығына немқұрайлы қарайтынымыз қалай? Баланың денсаулығы мықты, иммунитеті жақсы болуы үшін оның немен тамақтанатынына көңіл бөлуіміз керек. Бұрындары үлкендердің арасында сирек кездесетін обыр, инсульт секілді аурулар жылдан жылға жасарып барады. Бұл бір жағынан экологияның әсерінен және де пайдасынан зияны көп тағам өнімдерін тұтынудың салдарынан болып отыр. Бұлай жалғаса берсе, ұрпағымыздың келешегі қандай болмақ? Осыны ойласам, жаным түршігеді. Тұтынушылар құқығын қорғау, денсаулық сақтау саласына жауапты ведомстволар осы айтқан пікірлерімді назарға алса деген тілегім бар.
Бала кезімізде фастфудтардың бірі де болмайтын. Тәттілерді жылына бір рет жесек жейміз, әйтпесе дәмі қандай екенін де ұмытып қалатынбыз. Оның үстіне, ол кездегі тәттілер қазіргідей зиянды бояу-
лардан жасалмайтын. Қандай шырын ішкенімізді сұрасаңыз айтайын, күзде піскен алмалардан анамыз компот жасайтын. Көктемде орманға барып, қайыңның шырынын ыдысымызға ағызып алып, соны ішетінбіз. Көктемде қайыңның сабағын бойлап ағатын тәтті шырынның дәмі тіл үйіреді.
Ал, керемет күш-қуат беріп, әртүрлі аурудың алдын алатын халқымыздың қымыз, шұбат, айран, ірімшік, құрт, май секілді ұлттық тағамдары өз алдына бөлек әңгіме. Шетелден келіп жатқан «сырты бүтін, іші түтін» өнімдермен балалардың ағзасын улағанша, оларды ұлттық тағамдарымызбен нәрлендірейік.
«Ас – адамның арқауы» дейді дана халқымыз. Ұрпағымыз сау болсын десек, бүгіннен қамданайық.
Шынар НҰРМҰХАМБЕТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар