Төлеуханның ет тірлігі

Қарапайым еңбек адамы Төлеухан Ромбай «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде мал басын көбейтіп, кәсібін дөңгелетіп отыр.

Соңғы жылдары ауылдық жерде шағын кәсіпкерлікке жұртшылықтың ынтасы артып келеді. Әсіресе, ауыл тұрғындары үшін мал шаруашылығымен айналысу қолайлы екені белгілі. Осыған Ерейментау ауданындағы Новомарковка селосының тұрғыны, жеке кәсіпкер Төлеухан Ромбайдың тіршілігі айқын дәлел. Аз уақыттың ішінде мал басын көбейтіп, кәсіпкер атанған оған бұл салаға алғашқы келген кезде біраз қиындықты бастан өткеруге тура келді.
– Сонау 2007 жылы жолдасым екеуіміз алты баламен Моңғолиядан ата жұртқа қоныс аударған едік. Көпбалалы отбасы үшін бір мемлекеттен екінші мемлекетке қоныс аудару оңай шаруа емес. Әрине, бастапқы кезде қиындықтар болды. Дегенмен, жергілікті әкімдік пен ондағы мамандардың көмегінің арқасында бар қиындықтарды артқа тастап, қазір шаруамыз өрге домалай бастады. Алғашқы келген кезде ауыл әкімі Григорий Самойленкоға барып, көмек, ақыл-кеңес сұраған едім. Білікті де, адамгершілігі мол әкім бірден менің жағдайымды, көпбалалы екенімді түсініп, қолдан келгенше ақыл-кеңесін айтып, тіпті, 50 гектар шабындық жер алуға кеңес берді. «Бұл саған мал шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік» деген еді әкім. Кейін көп ұзамай осы азаматтың шарапатымен мал шаруашылығын қолға алдым, – дейді кәсіпкер.
Төлеуханның мал шаруашылығымен айналысып жатқанына 4-5 жылдың жүзі болып қалыпты. Осы аз ғана уақыттың ішінде кәсіпкер бірқатар табыстарға қол жеткізіп үлгеріпті. Бұған әрине, оның күн-түн демей тынымсыз еткен еңбегі мен жұмысқа деген құлшынысының арқасында қол жеткізді десек қателеспейтіндейміз.
– Шаруашылығымызда 30-дан астам жылқы, 20-дан астам ірі қара күтілуде. Шаруамен бүкіл отбасыммен бірлесіп айналысамыз. Бие байлап, сиыр сауып,
сүтті сүттей, қымызды қымыздай сатудамыз. Елімізде дені сау, ерінбеген адамға мал асырап табысқа кенелуге барлық жағдай жасалынған. Бес адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Олардың айлығын уақытылы төлеп тұру менің міндетім. Өткен жылы аталған бағдарлама арқылы несие алып, қасапхана аштым. Оның қуаты күніне 10-12 бас малды союға әбден жетеді. Қасапханада 2 адам жұмыс істейді, – дейді келешекті болжаған кәсіпкер.
Кәсіпорынды толық қуатына шығаруды көздеген кәсіпкер болашақта қой шаруашылығын қолға алып, жұмысшыларына баспана салуды да жос-
парлап отыр.

Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар