Мақсат – халықтың әл-ауқатын жақсарту

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі мен Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен «Экономикалық зерттеулер институты» акционерлік қоғамы ұйымдастырған өңірлік семинарда Қазақстанда тұрақты даму мақсаттарының жүзеге асырылуы кеңінен түсіндірілді.

Жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қоғам, жекеменшік сектор өкілдері қатысқан семинардың мақсаты тұрғындарға тұрақты даму мақсаттарының не екенін түсіндіру болып табылады. Шара іскерлік ойын түрінде өтті. «Экономикалық зерттеулер институты» акционерлік қоғамы Стратегиялық әзірлемелер және тұрақты даму орталығының директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Бақытгүл Хамбар:
– Тұрақты даму мақсаттарын 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдер бірлесіп қабылдаған болатын. Бұл әлемдік деңгейдегі мақсаттардың жүйесі. Оның негізі бағыты әлемдегі әртүрлі ресурстардың шектеулілігін ескере отырып, болашақ ұрпаққа дұрыс ресурстар қалдыру үшін, барлық адамдардың әл-ауқатын жақсарту үшін әрекет жасау. Арнайы бекітілген 17 тұрақты даму мақсаты бар. Атап айтсақ, ашаршылықты, кедейшілікті жоюға, климаттың өзгеруімен күрес, жақсы білім беру, денсаулық сақтау жүйесі, гендерлік теңдікке, экономикалық өсімге, қоршаған ортаны қорғауға байланысты мақсаттар, – деді семинар қатысушылары алдында сөйлеген сөзінде.
Экономикалық зерттеулер институтының болжамынша, 2050 жылға дейін жер бетіндегі халық саны 9,6 миллиард адамға жетеді. Олардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жер тәрізді үш планетаның ресурсы қажет болады екен. Алдағы уақытта мұндай проблемаларды болдырмау, ресурстарды сақтап қалу, мүмкіндіктерімізді дұрыс пайдалана білу үшін біз бүгіннен қамдануымыз керек, дейді шара ұйымдастырушылары. Бұл мәселеге БҰҰ-ға мүше елдердің барлығы баса мән беріп отыр. Үстіміздегі жылы біздің мемлекет Нью-Йорк қаласында өткен ауқымды саяси форумда осы мәселелерге байланысты ерікті ұлттық шолу жасаған екен.
Өз сөзінде Бақытгүл Хамбар тұрақты даму мақсаттары, ең алдымен халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтінін атап өтті. Сонымен қатар, біздің елімізде кедейшілік көрсеткіші ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде ақша алатындар санымен өлшенетінін, соңғы 18 жылда Қазақстанда кедейшілік 48 пайыздан 4,3 пайызға дейін, ал, бала өлімі 8,3 пайызға, яғни 2,5 есеге, ана өлімі төрт есеге төмендегенін айтты. Әлем бойынша 783 миллион адам кедейшілікте өмір сүріп жатқаны туралы деректерді келтірді. Республика бойынша, ана мен бала өлімі азайғанымен, өңірлерде үлкен айырмашылық бары, бала өлімі Солтүстік Қазақстан облысында жиі тіркелетіні, ал Ақмола облысында ана өлімінің коэффициенті жоғары екені семинарда айтылды.
«Экономикалық зерттеулер институты» акционерлік қоғамы осындай семинарды еліміздің он төрт аймағында өткізіпті. Шара барысында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен мемлекеттік қызметшілер бірлесіп, өңірдегі түрлі проблемаларды шешу жолдарын қарастырды. Айтылған барлық тілектер үйлестіруші органға ұсынылады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар