Мерекеде жаңа нысандар іске қосылып, пәтер кілттері тапсырылды

Тәуелсіздік мерекесіне орай облысымыздың бірқатар аудандары мен қалаларында жаңа өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандар ашылып, тұрғын үйлер пайдалануға берілді.

Ақкөл ауданының Қарасай ауылдық округінде «Akkol beef» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал фермасы ашылды. Бұл жобаның жалпы құны 320 миллион теңгені құрайды. Ет өндіру бағытында қазақтың ақбас сиырын өсіруді қолға алған кәсіпорында жылына 100 бас ірі қара бордақылауға болады. Бастапқыда мұнда 5 адам еңбек етсе, толық қуатына шыққан кезде жұмысшы санын 10-ға дейін жеткізу жоспарда бар. Ферманың ашылуына Ақкөл ауданының әкімі Алпысбай Қайыржанов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
***
Щучинск қаласында көп балалы бес отбасы баспаналы болып, қуанышқа бөленді. Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев мәдениет үйінде қуаныш иелеріне жаңа пәтердің кілтін табыс етті. – Жаңа қоныс иелерін көптен күткен қуаныш – баспанаға қол жеткізуімен құттықтаймын. Әр отбасында береке мен бірлік болсын, – деді аудан әкімі құттықтау сөзінде.
***
Степногорск қаласына қарасты Изобильное ауылында жылына 40 тонна қоян етін өндіретін ферма ашылды. «Diet-kroliк» қоян фермасының басшысы Николай Андриенконың айтуынша, қазіргі заманға сай жабдықталған фермада бір мезгілде 5 мың қоян ұстауға болады. Осы арқылы жылына 40 тонна қоянның диеталық етін өндіру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда Ақмола облысы және Ресейден етті бағыттағы 60-тан астам қоян сатып алынды. Ферманың ашылуына Степногорск қаласының әкімі Еркебұлан Баяхметов қатысып, кәсіпкердің қолға алған ісіне сәттілік тіледі.
***
Біржан сал ауданында Степняк қаласының тұрғыны Анастасия Тәукелова «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша «Eco cleaning» экологиялық құралдарымен жұмсақ жиһаздар мен кілемдерді химиялық тазарту орнын ашты. Ол «Тәукелова» жеке кәсіпкерлігінің ашылуына аталмыш бағдарлама бойынша 505 000 теңге сомасында грант алды. Жаңа өндіріс орнында кілемдер, жұмсақ жиһаздар химиялық тазартудан өткіділеді, сондай-ақ, киім жуу бойынша қызмет көрсетіледі.
Бұдан бөлек, аудан әкімі Ермек Нұғымановтың қатысуымен көп балалы отбасыларға үш пәтерлі тұрғын үйдің кілттері тапсырылды. Лаура Нұғыманова, Клавдия Сакур және Нина Зыковалардың отбасы көптен күткен баспанаға ие болды.
***
Аршалы ауданының Арнасай ауылдық округінде ашылған жаңа спорт нысанын «Гутяр» және «Агроритм» шаруа қожалықтары бірлесіп салған. Ол үшін қожалық басшылары 3,400 миллион теңге көлемінде демеушілік қаржы жұмсапты. Заманауи хоккей кортында спортшылардың киім ауыстыратын жылы бөлме де бар. Ал, Волгодоновка ауылдық округінде «Қойгелді Астық» серіктестігі айына 10 мың бөлке нан пісіретін наубайхана мен азық-түлік дүкенін ашты. Наубайханада нанның 10 түрі пісіріледі. Жаңа нысанның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Талғат Мұханбеджанов халықты жоғары сапалы нан өнімдерімен қамтамасыз ету басты мақсат екенін атап өтті.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар