«Кіші сержант Балташ Сейітов вице-адмиралды тұтқындады»

Әкеміздің бұл өмірден өткеніне он жылға таяп қалды.  Төрт ұлы мен екі қызы, он екі немересі мен жиырмадан астам шөбересі басымыз бірге қосыла қалғанда ата-анамыз Балташ Омарұлы Сейітов пен Рәш Сәниқызы Қосшығұловтарды еске аламыз.

Әкей өзі туралы өте аз айтатын. Әсіресе, соғыстан кейінгі жылдары өзін де үйден сирек көретінбіз. Өйткені, партия органында қызмет атқаратын. Тек соңғы жылдары ғана құрметті демалысқа шыққан кезінде біздің үлкен отбасы мүшелері бір дастархан басында жиналып, әкеміз бен анамыздың өмір жолынан аз-мұз шерткен сырларын көкейге түйіп оралатынбыз.

Тұтқиылдан басталған Ұлы Отан соғысы әкеме Степняк қаласында оқып жүрген орта мектепті де бітіруіне мұрша бермей, өзінің Көкшетау облысы Чкалов ауданындағы бұрынғы Октябрь, қазіргі Амандық ауылына қайтып келеді. Ер-азаматтардың бәрі дерлік елін қорғау үшін майданға аттанған. Сондықтан, 17 жастағы жасөспірімге ауылдық Кеңестің хатшысы міндетін жүктейді. Ол кезде ауылдық Кеңестің құрамына төрт бірдей колхоз кіретін. Әкем үшін хат тасушымен бірге майданнан қара қағаз келген отбасыларына кіріп, осы ауыр хабарды естірту ең қиынның қиыны болғанын өзі көзі тірісінде ара-тұра айтып отыратын.

Келесі жылдың тамызында мектепте бірге оқыған 9 сыныптасымен өз еркімен біздің әкей де майданға аттанады. Свердловск қаласына дейін пойызбен бір айдан астам жүріп барған. Өйткені, жолшыбай әскери эшалон соғысқа алынған жаңа жауынгерлермен толықтырылып отырған. Сол бетпен Ленинградтың түбіндегі Волхов майданына келіп түседі. Осында кейін 105-інші полк болып қайта құрылған батальонның құрамында Неваның жағалауындағы даңқты қаланы қорғайды. Ладога көлінен өтетін «Өмір жолы» бәріміздің де есімізде болар. Блокадада қалған ленинградтықтарға азық-түлік пен қару-жарақ тек осы көл арқылы ғана жеткізілетін. Күн-түн демей қаланы тоқтаусыз атқылау, ленинградтық тұрғындардың аштықтан қатты әлсіреуі, кеңес әскерлерінің қаланы азат етудегі жанқиярлық ерлігі, бәрін де көрген әкем мен оның қарулас жолдастары блокаданы бұзып, зұлым жауды Балтық жағалауына қарай қуады. Латвияның астанасын азат еткені үшін полкқа «Рига полкы» атағы беріледі. Бұдан әрі Белоруссия жеріне кіріп, Гродно, Бароновичи қалаларын азат етуде өзге әскери құрамдармен бірге, осы біздің әкелеріміздің еншісіне тиеді. 1945 жылы көктемге қарай Польша аумағын жаудан азат етеді. Жойқын шабуылмен оның астанасы Варшаваны алады. Әсіресе, Одер өзеніндегі қиян-кескі ұрыстардан соң жаудың басты ұясы – Берлин қаласына жақындайды. 1945 жылдың 28 сәуірінде әкемнің полкы осы Берлиннің көшелерінде ұрыс жүргізіп, соғыс аяқталғанын білген жауынгерлер көптеген үйлерде, балкондар мен терезелерде капитуляцияның белгісіндей ақ жалауларды көреді.

Бұдан екі-үш күн өткен соң әкемді білетін біздің даңқты жерлесіміз Рақымжан Қошқарбаев өз полкінің туын алғашқы болып Рейхстагтың қабырғасына тігеді.

Әкем кейін маршал Г.Жуков пен фельдмаршал Кейтель екеуінің Германияның тізе бүккені жөніндегі актіге қол қою рәсімін күзеткен топтың ішінде болады. Одан соң қарулас жолдастарымен бірге Постдам конференциясына қатысушыларды да күзетеді. Берлинді алғаны үшін құрамында Балташ Сейітов те қызмет еткен 105-інші Рига полкі Жауынгерлік  Қызыл Ту орденімен, ал, Рейхстагты шабуылдауға қатысқаны үшін Қызыл Жұлдыз орденімен наградталады.

Ал, әкемнің жеке ерлігіне келсем, соғыс аяқталарда метро, ғимараттардың жертөлелерінде тығылған неміс әскерлері де аз емес еді. Гитлер және оның айналасын тірідей қолға түсіру 3-інші Екпінді армияның ерекше бөліміне жүктеледі. Осы армия құрамындағы 105-інші полк та бұл оқиғалардың бел ортасында болғаны интернеттегі «Служившие в 105-м» атты деректі мақалада кеңінен баяндалады. Онда мынадай да жолдар бар: «Кузьминнің жауынгерлері имперлік канцелярияны, атап айтқанда, Гитлердің кабинетін күзетті. Бірнеше күн оларға Геббельстің кабинетінде тұруларына тура келді. Берлинде сол 2 мамыр және одан кейінгі күндері көптеген ірі әскери қылмыскерлер ұсталып, тұтқындалды. Кіші сержант Балташ Сейітов герман флотының вице-адмиралын, кіші сержант Банников фашистік «Берлинер Беобахтер» газетінің редакторын ұстады. Біздің шекарашылар, сондай-ақ, Берлин жандармеясының бастығын, Гитлердің жеке кеңесшісін,  Геббельстің жеке стенографисткасын, Риббентроптың жеке күзет офицерін, Одердегі Франкфурт қаласының бургомистрін тұтқынға алды».

Осы мақаланы оқып, танысқан біздер әрине, әкеміздің жау соңғы демі бітуге таяп, жаралы арыстандай не істерін білмеген сол күндері Берлиннен қашып шыққысы келген вице-адмиралды қолға түсіргенін ерекше мақтан тұтамыз. Осы оқиға, яғни, әкеміздің ерлігі туралы 1945 жылғы 25 мамырда «Сталинский войн» газетінде де жазылған екен. Бұл басылым бүгінде біздің отбасылық архивімізде сақтаулы. Бұл альбомда сондай-ақ, Балташ Сейітовтың Ұлы Жеңістен кейін Берлин көшелерінде түскен фотосуреттері де бар. Үйге соғыс аяқталған соң араға бес жыл салып, 1950 жылы ғана оралған әкеміз өз полкында асқан мергендігімен де көзге түсіп, бірде өзі әскери жарысқа барған Мәскеуде немістің «Зауэр» фирмасының жеке үлгімен жасалған 16 калибрлі қосауыз мылтығын сыйлыққа алғанын да айта кетсем артық емес.  Әкем мен анам екеуі соғысқа дейін де бір-бірімен таныс еді. Өзі туған Қарағаш ауылында, тылда еңбек еткен анамыз 1939 жылы Мәскеуде Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысқан Сәни нағашы атамыздың қызы еді. Көрнекті жерлес ақынымыз Жақан Сыздықов осы оқиғаға байланысты атамызға өлең де арнағанының бір себебі, ол кезде бұл көрмеге біздің теріскей өңірден барған еңбек озаттары некен-саяқ-ты. Менің нағашы атам солардың алғашқыларының бірі болатын.

Әкем соғыстан оралған соң анам екеуі отау тігіп, Чкалов аудандық атқару комитетінде қызмет атқарды. Кейін жоғары партия мектебін бітірген соң он бес жылға жуық Көкшетау облыстық партия комитетінің әкімшілік және қаржы-сауда бөліміне жетекшілік етті. Анам екеуі бізге лайықты білім алуымызға жағдай жасап, бәріміз де әр сала бойынша өмірден өз орнымызды таптық. Әкемнің наградаларына тоқтала кетсем, олар өте көп. Тек бейбіт замандағы еңбегінің өзі Еңбек Қызыл Ту, үш мәрте«Құрмет Белгісі», көптеген медальдармен атап өтілген. Бұған Қазақстанның тәуелсіздік жылдары «Құрмет» ордені қосылды. Сол бір сұрапыл майдан даласын бірінші дәрежелі Отан соғысы ордені мен «Жауынгерлік ерлігі үшін»медалі, басқа да көптеген марапаттары еске салса, 1945 жылдың 27 мамырында тағы бір Қызыл Жұлдыз орденіне ұсынылғанын  өзі де, біз де білмейді екенбіз.  Бұл туралы «105-інші Рига полкі» интернет-бетінде осы полк командирі В.Алексеевтің естеліктерінде айтылады. Бұл награда өз ойымша, тегі, сол вице-адмиралды тұтқындағаны үшін ұйғарылған болуы керек. Бірақ, белгісіз себеппен тапсырылмай қалып қойған.

Кейін бұл полк шекара полкі болып қайта құрылғаннан кейін әкеміз де осы шекара ардагерлері санатына жатқызылып, осы тұрғыдан да лайықты құрмет көріп жүрді. Арнайы шақырулармен Петропавл шекарашылар отрядында болып тұратын, Астанада да Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті шекара әскерлері  тарапынан сый-құрметке бөленетін. Осылайша, елдің үлкен қошеметімен өмірден өткен аяулы да асыл әке орны әлі де ойсырап тұр. Көзі тірісіндегі жарқын бейнесі, отты күндердегі өшпес ерлігі мен бейбіт замандағы ел үшін тындырған іргелі еңбегі жүрегімізде мәңгі сақтала бермекші.

Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ,
Қазақстаның құрметті журналисі. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар