Елдің дамуы қатынайтын жолынан көрінеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылғы қыркүйек айындағы«Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауында еліміз үшін жол жүйесін жаңартудың маңызын ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, «Жалпы алғанда, Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуымыз қажет. Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – бұл стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды».

Бұл іргелі міндеттерді іске асыру үшін Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің аясы кеңейтіліп, қайта құрылып, жол инфрақұрылымын салу жұмысы осы ведомствоның  еншісіне берілетін болды. Сөйтіп, осы жұмыстарды жедел жолға қою еліміз бойынша жол желісін жақсарту қағидаттарына жол ашады.

Осы орайда, Ақмола, Көкшетау өңірлерінде жол мәселесіне жауапты басқарма ретінде аймағымыздың көлік-логистика саласында атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтейін. Ағымдағы жылы облыс бойынша жергілікті маңызы бар жолдардың құрылысын жөндеуге 60 миллиард теңге қаражат қарастырылған. Көзделген қаражатқа 120-ға тарта жоба іске асырылатын болады. Жалпы, барлық өңірлерді алғанда ағымдағы, орташа және күрделі жөндеу мен жаңа салынатын жолдардың ұзындығы 550 шақырымды құрайды. Басқарма тарапынан қаржы тапшылығына байланысты Ұлттық экономика және Көлік министрлігіне өтінімдер жібердік. Қажет қаражаттың сомасы 75 миллиард теңге. Бұл мәселе алдағы уақытта республикалық бюжеттік комиссияның отырысында қаралып, шешіледі деген ойдамыз. Бүгінгі таңда жұмысты бастауға мердігер компаниялар мен құрылыс материалдары дайын. Үкімет тарапынан көзделген қаражат бөлінсе, оны толықтай игеріп, іске асыруға күш салатын боламыз.

Сондай-ақ, биыл елімізде орын алған көктемгісу тасқынының салдарынан біршама жол желілеріне зақым келтірілді. Біздің аймақтың аумағы бойынша облыстық маңызы бар жолдардың 140 жерінен су жүрген. Оның ішінде барлық су жүрген жерлерді анықтап, тексеру барысында 20 шақырым жолды су шайғаны мәлім болды. Бұған қоса, аймақта су алған 3 көпір техникалық тексерістен өтуде. Оның қорытындысы шыққан соң тиісті құжаттарды әзірлеп, қалпына келтіру жұмыстарын бастаймыз. Қазіргі уақытта су тасқыны кезінде көлік қатынасы үзілген 38 ауылдың жол қатынасы жөнге келтірілді. Яғни, алғашқы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Енді су шайған бөліктерін бастапқы қалпына келтіру жұмысы қалды. Мұндай су шайған жолдар негізінен Атбасар, Астрахан, Жақсы, Жарқайың, Есіл аудандарында көрініс беріп отыр.

Сонымен бірге, Ақмола облысында жыл сайын автокөлік жолдарын жөндеу және жаңадан салу бағытында түрлі бағдарламалар іске асырылып келеді. Олар «Астана маңайындағы ауылдардың жолдарын салу және жөндеу», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары, сондай-ақ, Ұлттық Экономика министрлігі қаржыландыратын аймақтағы шағын қалалардың жолын салуға, жөндеуге арналған бағдарламалар.

Айта кету керек, соңғы үш жылда облысымызда 3 мың шақырым жол салынып, жөнделді. Оның барысында тек облыстық, аудандық маңызы бар жолдар қамтылса, биыл да осы жұмыстарды жалғастыра түсу жоспарымызда бар. Әрине, әлі де болса жолдарымыз жөнделсе екен, уақыт талабына сай түзу жолмен жүріп тұрсақ екен деген елді мекендер көп. Оны да түсінеміз. Алайда, барлық мәселені бөлінген қаржының көлемішешеді. Көбіне мұндайда алдымен ауыл тұрғындарының саны, көлік қатынасының азды-көптігі, өндіріс, шаруашылық, жұмыс орындарының бар-жоғына баса көңіл бөлінеді. Осы талаптарды ескере отырып, жұмысты ауқымдырақ жобалардан бастаймыз.

Ал, облыс орталығындағы жол төсеу, салу жұмыстары жылдағыдай өз ретімен жалғаса беретін болады. Бұл ретте, өздеріңіз көріп жүргендеріңіздей, Көкшетау қаласы көшелерінің жекелеген учаскелерінде жөндеу жұмыстары басталып та кетті. Ол үшін республикалық, облыстық және қалалық бюджеттерден бөлінген қаржыны пайдаланып жатырмыз. Бүгінгі таңда облыс бюджетінен қала көшелерін орташа жөндеу жұмыстарына 500 миллион теңге қарастырылып, кәдеге асырылуда.

Сөз соңында ел Президентінің жол инфрақұрылымына қатысты алға қойған міндеттерін шешу жолында Ақмола облысының жол салушылары мен жөндеушілері де қарап қалмайтындығын айтқым келеді. Аймағымызда республикалық маңыздағы 2260 шақырым жол бар. Ол жолдарды да қысы-жазы күтіп ұстау, тозған тұстарын жаңартып отыру – үлкен міндет. Осының бәрінен облыс тұрғындарын және аймағымызға қатынайтын басқа елдер мен аймақтардың азаматтарын сапалы жолмен қамтамасыз ету жөніндегі біздің де міндет-парызымыз туындайды. Сол сенімге сай болу үшін жол қатынасы мәселесін үнемі назарда ұстай түсеріміз анық.

Владимир КУЛАКОВ,
Ақмола облыстық жолаушылар
көлігі және автомобиль жолдары
басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар