Киіктер лағын өргізетін «Құралайдың салқыны»

«Құралайдың салқыны». Қыс мезгілі аяқталып, халық қалың киімін тастап, күн жылыған көктемде ауа райының қайта суытатыны бар. Бұл 14-27 мамырдың аралығына тұспа-тұс келетін кезеңді қазақ «Құралайдың салқыны» деп атаған.

Құралай – киіктің лағы. Халық ұғымында «Құралайдың салқыны» – мамыр айының екінші жартысынан басталып, оншақты күнге созылатын дауылды қара суық, құбылмалы күндер. Адамға да, малға да жайсыз қара суық түсіп, ызғырық жел соғып, тіпті кей жерде қар жауады.

«Құралайдың салқыны» салқыны аталатын себебі, бұл кездерде киіктер төлдеп, құралайдың лағының кіндігі түседі екен. Әр киік төлдер кезде желге қарсы жүгіріп, төлдеуге дайын болады екен. Құралайдың лақтары төлдеген кездегі қатты суық желден олардың үстері кеуіп үлгереді екен. Міне, тылсым табиғаттың құдіретті күші. Бір қызығы даланы кезген барлық киік «Құралайдың салқыны» күндеріндегі екі-үш күннің ішінде төлдеп үлгереді. Енесі жанында болмаған кезде құралай тапжылмастан жата береді екен. Бала кезімізде әжемізден естуімше, аналық киік кез-келген құралайдың лағын емізіп, бауырына ала береді екен. Демек, ыстық жазда да құралайдың далада жетім қалмайтыны, сондықтан. Яғни, құралайдың салқынында жел тұрып, жаңа туған лақ желге қарсы жүгіріп, тынысын ашып, тез аяқтанып кететін көрінеді.

Киіктер сағатына 60 шақырым жылдамдықпен жүгіре алады. Жаңа туған лақ екі сағатта аяққа тұрып, екі күнде енесіне еріп кете беретіні тіпті, ғажап.

Киік төлдеген суық кезде етке құмар дала жыртқышының тәбеті қашып, етке жақындай алмайды екен. Тек құралай аяғына тұрып, енесіне еріп жүре алатын шақта ғана жыртқыш аңдардың етке деген тәбеті қайта оралады.

Тағы бір қызық жайт – киік төлдер кезде сайын далада түйе­табан өсімдігі шығады. Оның жасылдау-қызғылт үлкен жапырақтары жаңа туған құралайды қырағы көз бүркіттен жасырып тұрады. Қазақ киікті қасиетті жануарлардың қатарына жатқызып, қызына Құралай есімін берген. Ауыз әдебиетінде киікке байланысты аңыз-әңгіме көп сақталған. Ақын-жазушылар да жанары үлкен, қара көзді аруларды құралайға, аққұбаша әдемі бойжеткенді ақбөкенге теңеген.

Бір аңызда Жерұйықты іздеген Асан Қайғы бір жерге «Қырында киік жайлаған, суында балық ойнаған» деген баға беріпті. Халық аузында діни қиссалардың бірінде Адам ата жерге түскен кезде пейіштен інжірдің бес жапырағын алып түскені айтылады. Жапырықтың бірін бал арасы, екіншісін жібек құрты, тағы бірін киік жеген екен. Қалған екеуін Адам ата жерге егіпті. Содан бері киік пейіштің жемісін жеген киелі аңға айналыпты.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар