Жас көрермендердің көзайымына айналды

Көкшетауға  гастрольдік сапармен келген Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Ақмола облыстық орыс драма театрында француз жазушысы Антуан де Сент-Экзюперидің балаларға арналған «Кішкентай ханзаданың оралуы» ертегісін сахналады.

Ертегіде өмір мен өлімнің мәні, махаббат пен достықтың​ құндылығы және бақытқа бастар жол туралы​ мәңгілік сұрақтарға жауап табуға​ тырысатын сәттер көп. Аңғал да ашық, шынайы кішкентай ханзада – күнделікті өмірдің​ кереметтеріне​ және адамдар​ арасындағы​ қарым-қатынастың​ мәні мен маңыздылығына кішкентай көрермендердің көзін жеткізе түскендей. Өйткені, ертегіні тамашалау арқылы кішкентай көрермендер сахнадағы Кішкентай ханзадамен ертегіде ойнағандай Ұшқышпен бірге самғады.

Алдымен, ертегінің авторына қысқаша тоқталсақ, Жан Марк пен Мари Марктың бес баласының бірі Антуан де Сент-Экзюпери 1900 жылы 29 маусымда Францияның Лион қаласында дүниеге келген. Кішкентай кезінде әкесі дүние салғанымен ол үшін балалық шағы тәтті естеліктерге толы болған. Ол арман жетегінде жүріп, балғын шағын мәңгі жүрегінде сақтайды. Сол тәтті естеліктерін өзінің шығармаларында қолданған. Мысалы, кішкентай ханзаданың бейнесін кітап бетінде суреттегенде сол естеліктерін пайдаланған. Экзюпери өзінің осы шығармасын Германияның Францияны жаулап алған 1940 жылдары жазыпты.

Бүгінгі өсіп келе жатқан ұрпақ бізден кейінгі өскелең жастарымыз болмақ. Қоғамда сол жастарға тәлім-тәрбие берудің жүгі ата-ана мен мектеп табалдырығынан бөлек балалар әдебиетіне түсетіні сөзсіз. Ел аузындағы аңыз әңгімелер мен ертегілерді ұштастыра отырып жазып шығу әрине, оңай емес. Жалпы әдебиетте баланың психологиясына, қабылдауына ауырлау, түсінік-танымына мүлде жат шығарма көптеп кездесетіні белгілі. Демек, айналасын енді танып келе жатқан бүлдіршінге лайықты шығарма жазу тым қиын. Әлі де қазіргі уақытта балаларға арналған шығармалар саны мүлдем аз. Мәселен, әр жылдары жарияланып отыратын мемлекеттік байқауларға келіп түскен немесе жеңімпаз болған шығармалар қалың оқырманға жетпей жатады. Осы тұрғыдан алғанда «Кішкентай ханзаданың оралуы» кішкентай көрермендерге үлкен әсер қалдырғандай.

Қойылымда ұшақтың қозғалтқышында ақау пайда болып, ұшқыш механиксіз және жолаушыларсыз ұшып, өз планетасынан мың шақырым қашықтықта жатқан Сахара шөліне қонуға мәжбүр болады. Міне, осылайша қойылым кішкентай ханзада мен Ұшқыштың кездесуінен басталады. Ханзада өзінің жердегі болған шытырман оқиғаларын көрерменге баяндайды. Қойылымда бар-жоғы екі актер ойнайды.  Олар балалармен жақсы байланыс жасайды. Яғни, рөл орындаушылардың бүлдіршіндермен байланыс орнатуы қойылымның маңызын аша түскендей. Сонымен қатар, Ханзада өзінің жер планетасындағы раушан гүлі жайлы әңгімелеп жатқанда сахнада глобус тәріздес жердің пішінінде жасалған реквизит жақсы көрініс табады. Себебі, спектакльдегі көркемдік элементтер балалардың таным-түсінігіне қиындық тудырмауға арналған.

Қойылымда кішкентай ханзада күніне он рет күннің батуына қарауды жақсы көретінін айтылады. Ханзада рөлінде ойнаған актер біздің жерлесіміз  Нариман Елубайдың жарқын даусы мен кейіпкердің мінезі әдемі ұштасқанын байқаймыз.

Қорыта айтқанда, театрдың бұл қойылымы көрерменнің көңілінен шығуға тырысты. Бүлдіршіндер үшін актерлермен, яғни, ханзадамен байланыс орнатып, қойылған сұрақтарға жауап беру қызықты болды. Әрбір көрермен есейе келе өмірдегі, қоғамдағы немесе күнделікті тұрмыстағы көптеген мәселелерді ұмытып, көптеген жағдайларға мән бермейтіндігі жайлы адамгершілікке толы шығармамен танысып кетті десек болады. Негізінен бұл – ертегі болып саналғанымен тек балаларды емес, үлкендерді де терең ойға батырып әлемге басқа көзбен қарауды үйрететін керемет туынды. Сөзіміздің соңын Антуан де Сент-Экюперидің «Үлкендер де кезінде алдымен кішкентай бала болған, бірақ көбісі бұл туралы ұмытқан» дейтін өз сөзімен аяқтасақ болғандай.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар