Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясына – 80 жыл
Тұтас бір өңірдің мәдени және өнер шежіресіне айналған Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы биыл өзінің 80 жылдық концерттік маусымын ашқалы отыр. Осы уақыт аралығында филармония сахнасынан талай буын өнерпазы түлеп шығып, өңірдің мәдени өміріне өзіндік үлесін қосты. Ел басынан небір қиын-қыстау кезеңдер өткен жылдардың өзінде филармония әртістерінің бірі әнімен халықтың рухын көтерсе, бірі күйімен көңілге медеу болып, енді бірі биімен көрерменге қуаныш сыйлады. Сол дәстүрдің жалғасы ретінде бүгінде филармония құрамында Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен симфониялық оркестр, «Айнакөл» фольклорлық ансамблі, «Гәкку» би ансамблі, камералық ұжымдар, эстрадалық және этно бағыттағы шығармашылық топтар жұмыс істейді. Олар ұлттық өнерді дәріптеп қана қоймай, қазақ музыкасы мен мәдениетін елімізде және халықаралық сахналарда кеңінен танытып келеді. Біз жуырда филармонияның 80 жылдық мерейтойына орай, осы өнер ордасының директоры Нұргүл Шайкеновамен жолығып, киелі шаңырақтың өткен тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі, алдағы жоспарлары туралы сұрап, білген едік.
– Нұргүл Ескендірқызы, енді бірер күннен соң Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының 80 жылдық мерейтойы аталып өтпекші. Өнер ұжымы үшін бұл айтулы меженің маңызы мен салмағы қандай?
– Сексен жылға жуық уақыт ішінде өнер ордасы талай тарихи кезеңді бастан өткерді. Бірнеше мәрте құрылымдық өзгерістерден өтіп, түрлі шығармашылық ұжымдармен толықты. Осы уақыттардың қойнауында талай адамның тағдыры, мыңдаған концерт, жүздеген шығармашылық жоба, сахнаға шыққан сан буын өнерпаздың еңбегі жатыр. Осы жылдардың ішінде филармония Ақмола өңірінің мәдени өмірімен біте қайнасып, халықтың өнерге деген талғамын қалыптастыруға өзіндік үлесін қосты. Бүгінгі сахнада тұрған әрбір ұжымның, әрбір өнерпаздың артында үлкен тарих бар. Сондықтан, біз үшін 80 жылдық мерейтой өткенді еске алып, жеткен жетістіктерді түгендейтін кезең ғана емес, өнердің келешегіне көз жүгіртіп, алдағы мақсаттарды айқындайтын маңызды белесіміз деп санаймыз.
Филармониямыздың тарихы Көкшетау облысы құрылған сонау 1944 жылдан соң арада екі жыл өтіп барып, 1946 жылдан бастау алады. Сол кезеңде Көкшетау қаласында жұмыс істеген кинотеатрдың джаз оркестрі мен қазақ-орыс-драма бригадалары халықтың музыкалық сауатын арттыруға, көпшіліктің өнерге деген қызығушылығын қалыптастыруға қызмет етті.
Ал, 1946 жылғы 7 желтоқсанда Еңбекшілер депутаттары Кеңесі Көкшетау облыстық атқару комитетінің «Облыстық концерттік-эстрадалық бюро құру туралы» №33/5 шешімі қабылданып, облыстық концерттік-эстрадалық бюро құрылды. Осы шешім өңірдегі кәсіби концерттік қызметтің ресми басталуына жол ашты. Сөйтіп, әр жылдарда бюро жетекшілігінде болған Михаил Правдин, Фридгут, Валентин Власенколар өңірдің мәдени өмірін қалыптастыруға айрықша үлес қосты. Бұдан кейін Көкшетау облыстық филармониясы құрылып, оның да алғашқы жетекшілері Николой Пикуза, А.Смаилбеков, Майра Тсенова, Владимир Кулинич, белгілі музыкант Юрий Айтжановтардың есімі филармония архивінде мәңгілік қатталып қалды. Ал, 2003-2015 жылдары Ақмола облыстық филармониясының директоры болған Людмила Багапованың еңбегі филармония тарихында ерекше құрметке ие. 2015 жылдан бастап Базарбай Кәкенов филармония директоры қызметін атқарды. Әр басшының өзіндік қолтаңбасы, өзіндік кезеңі бар десек, сол кезеңдердің барлығын біріктіретін ортақ құндылық өнер деп ойлаймын. Бүгінде біздің алдымызда да сол құндылыққа сызат түсірмей, алдыңғы буынның еңбек жолын әрі қарай үзбей жалғау міндеті тұр.
– Филармония тарихында бірнеше рет қайта құрылу, жаңа мәртебеге ие болу кезеңдері болған екен. Осы өзгерістердің өнер ордасының дамуына әсері қандай болды?
– Иә, филармония тарихында бірнеше маңызды кезеңдер болды. 1963 жылы облыстық концерттік-эстрадалық бюро «Целинконцерт» бүкілодақтық гастрольдік-концерттік бірлестігінің Көкшетаудағы бөлімі болып қайта аталды. Ал, 1965 жылдан бастап Көкшетау мемлекеттік облыстық филармониясының дербес шығармашылық-концерттік қызметі өз жұмысын бастады. 1998 жылы Көкшетау облысының таратылуына байланысты филармония қайта тіркеліп, кейін Ақмола мемлекеттік облыстық филармониясы ретінде өз жұмысын жалғастырды. 2004 жылы филармонияға әйгілі ақын, әнші-композитор, жерлесіміз Үкілі Ыбырайдың есімі берілді. Бұған қоса, бүгінде өзіміз отырған бұрынғы Теміржолшылар мәдениет сарайы ғимаратының 2009 жылы біздің филармонияға берілуі де шығармашылық ұжымдардың жұмысын кеңейтуге мүмкіндік алған маңызды шешім болды. Сол кезден бастап осы ғимаратта талай концерт, фестиваль, шығармашылық кештер көптеп өтіп келеді.
Енді шығармашылық ұжымның дамып, оның өркендеуіне зор үлес қосқан, тарихымызда аттары алтын әріптермен жазылып қалған айтулы өнер майталмандарына келсем, олардың барлығына жеке-жеке тоқталып, есімдерін түгел атап шығу мүмкін болмаса да, аты аталмай қалған өнер иелерінен кешірім сұрай отырып, бірқатар өнерпаздарға тоқталып өтсем деймін. Біз филармонияның сексен жылдық тарихын сөз еткенде, Көкше өңірінің кәсіби өнерінің қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірген Мұса Асайынов сияқты белгілі тұлғаларды айналып өте алмаймыз. Оның есімі Көкше өңірінің өнер тарихымен тығыз байланысты. Ол жас кезінен кәсіби сахнаға араласып, 1946-1951 жылдары концерттік эстрадалық бюроның әншісі болып қызмет істеді. Оған дейін Петропавл облыстық филармониясына әнші болып қабылданған болатын. Кейін Көкшетауға келіп, жергілікті өнерпаздар тобын құрып, оның көркемдік жетекшісі болды. Мұса Асайыновтың тағы бір үлкен еңбегі Арқа ән мектебінің асыл мұрасын, соның ішінде Үкілі Ыбырайдың әндерін кейінгі ұрпаққа жеткізуі. Сондықтан, оның шығармашылық жолы біздің филармониямыздың бүгінгі бағытымен де үндеседі. Сонымен қатар, Манарбек Қасымұлы Бексейітовтің де есімі біздің филармония тарихымен тікелей байланысты. Ол Көкше өңірінің мәдениетін дамытуға бар ғұмырын арнаған көрнекті дирижер, композитор әрі ұстаз болды. Әсіресе, 1990 жылдардың басындағы ұлттық өнер үшін аса маңызды кезеңде оның еңбегі айрықша көрінді. 1993 жылы филармония жанынан қазақ халық аспаптары оркестрін құру ісі қолға алынып, келесі жылы 1994 жылдың мамыр айында жаңа ұжымның тұсаукесер концерті өтті. Оның алғашқы жетекшісі әрі бас дирижері Манарбек Бексейітов болды. Сондай-ақ, белгілі рок музыканттар Алексей Кравченко, Алик Грановскийлардың да есімін осы киелі өнер ордасынан бөле-жарып қарауға болмайды. Ал, ҚР еңбек сіңірген әртісі, кәсіби опера әншісі Любовь Әділованың есімі филармонияның симфониялық оркестрімен шығармашылық байланыста болған белгілі солистердің қатарында аталса, ҚР еңбек сіңірген артисі Ғазиза Жұмекенова көптеген халық әндері мен композиторларының шығармаларын киелі сахнада жоғары кәсіби деңгейде орындап, көрерменнің зор ықыласына бөленген әнші ретінде халық жадында қалды. Содан соң филармония қабырғасында көп жылдар қызмет еткен ҚР еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкембаева, ҚР еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі Бисара Мәкенова, ҚР мәдениет қайраткері Мереке Бекмағанбетов, ҚР мәдениет саласының үздігі Әбсалық Салық, белгілі солист, эстрада жұлдызы, ҚР Мәдениет қайраткері Мара Есмұханова, белгілі дәстүрлі әнші, ҚР мәдениет қайраткері Гүлжан Ахметовалардың еңбегі мен қайталанбас өнері ел есінен ешқашан өшпек емес.
– Сіз сексен жылдық тарихы бар филармонияның қалыптасу жолы мен одан кейінгі тыныс-тіршілігіне кеңінен тоқталдыңыз. Ал, бүгінде филармония қандай шығармашылық құрылым ретінде танылып отыр? Оның құрамындағы ұжымдар мен негізгі өнер бағыттары туралы айтып өтсеңіз.
– Бүгінде филармонияны бірнеше өнер саласын тоғыстырған үлкен шығармашылық ағза деуге болады. Филармония құрамында симфониялық оркестр, Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрі, «Айнакөл» фольклорлық ансамблі, «Гәкку» би ансамблі, камералық музыка ансамблі, камералық хор, «BIPL MUSICAL» театралдық студиясы және «Орда» этно тобы бар. Осының өзі біздің шығармашылық мүмкіндігіміздің қаншалықты кең әрі ауқымды екенін көрсетеді. Өйткені, бір көрермен классикалық музыканы тыңдағысы келеді, екіншісі күй кешін күтеді, үшіншісі ұлттық биді тамашалауға келеді. Балалар үшін арнайы қойылымдарымыз да, жастарға арналған заманауи жобаларымыз да бар. Яғни, біз көрерменге өнердің сан алуан қырын бір шаңырақтың астында ұсынуға тырысудамыз. Осы ретте, ұлттық өнерді халықаралық деңгейде танытып жүрген «Айнакөл» фольклорлық ансамблі – «Айнакөл» біздің мақтанышымыз. Ансамбль 2004 жылы құрылған. Оның алғашқы жетекшісі Руслан Қойшыбаев болса, қазіргі жетекшісі Мадияр Абай. Ұлтымыздың музыкалық мұрасын сақтау, жаңғырту және оны көрерменге заманауи түрде жеткізу бағытында жұмыс істеп келе жатқан ұжымның гастрольдік сапарлары да аз емес. «Айнакөл» ансамблі Түркия, Испания, Беларусь, Әзербайжан, Үндістан, Қытай, Корея сияқты елдердегі мәдени іс-шараларға, 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысты. Шығармашылық топ жетекшілігі осы үшін «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының медалімен және Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, ансамбль 2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мәдени бағдарламасына қатысты. Ал, 2026 жылы Испания мен Францияда өткен «Festivals du Sud» халықаралық фестиваліне қатысып, қазақтың бай мұрасын еуропалық көрерменге таныстырды.
Енді өзіндік көркемдік қолтаңбасы бар филармониямыздағы «Гәкку» өнер ұжымына тоқталсам, бұл ансамбль 2007 жылы құрылған. Жетекшісі режиссер-хореограф, Мәдениет саласының үздігі Гүлмира Ордабаева.Ұжымның репертуарында елуден астам би қойылымы бар. Ансамбль республикалық және халықаралық байқауларда бірнеше рет жүлделі орындарға ие болды. Үндістанда, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Қытайда, Кипрде, Татарстанда, Кореяда және басқа да елдерде өнер көрсетті. Атап айтқанда, 2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында «Astana Arena» стадионында өнер көрсетуі де ансамбль үшін маңызды белес болды. Ал, осы жылдың қаңтарында «Гәкку» Қазақстан атынан Үндістанның бірнеше қаласында өткен халықаралық фестивальге қатысты. Испания мен Франциядағы «Festivals du Sud» фестивалінде де өнер көрсетті. Ұлттық биді әлемдік сахнаға алып шығу үлкен еңбек екенін жақсы білесіз деп ойлаймын. Оның артында күнделікті тынымсыз дайындық, шығармашылық ізденіс, сахналық тәртіп пен үлкен жауапкершілік тұр.
– Сіз осы филармонияны 2018 жылдан бері басқарып келесіз. Осы жылдарды өзіңіз үшін қандай еңбек мектебіне балайсыз? Қандай жобалар өмірге келді?
– Бұл жылдар мен үшін расында да үлкен еңбек мектебі. Өйткені, өнер ұжымын басқару деген тек шығармашылық жоспар құру емес, әр әртістің талабын, ұжымның мүмкіндігін, көрерменнің талғамын қатар ескеріп, барлығын бір арнаға тоғыстыру. Бұл талай бізге жаңа тәжірибе, жаңа жауапкершілік әкелді. Басшылыққа келгеннен кейін ең алдымен, филармонияның шығармашылық мүмкіндігін кеңейтіп, көрерменмен байланысты жаңа деңгейге көтеруге мән бердік. Бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі концерттік бағытты сақтай отырып, тың жобаларға да жол ашуға тырыстық. «Көкшетау – тал бесігім», «Ғасырлар үні», «Гәккулеткен, аққу жеткен – Көкшетау» секілді қалыптасқан фестивальдердің мазмұнын жаңартып, олардың аясын кеңейтуге күш салдық. Бұл жобалар арқылы Көкшетауға еліміздің әр өңірінен ғана емес, шетелдерден де өнерпаздар келіп қатысып, шығармашылық байланыстар орнады. Мәселен, 2011 жылы алғаш рет ұйымдастырылып өткізілген «Көкшетау – тал бесігім» фестивалі араға жылдар салып отырып, төрт рет ұйымдастырылды. Осы жылдарда көкшетаулық көрермен елімізге танымал өнер майталмандары Қапаш Құлышева, Абзал Мұхитдинов, Қайыржан Жолдыбаев, Алмас Серкебаев, Еділ Құсайыновтармен бірге көптеген шетелдік музыканттардың өнерін тамашалады. Олардың қатарында Нұржамал Үсенбаева, Сүндет Байғожин, Дәурен Ғалымов, Италиядан келген Массимилиано Фикер мен Даниэль Занфардино сияқты көптеген танымал тұлғалар болды. Осы аталған фестивальдер бағдарламасында ұлттық ән өнері мен әлемдік классикалық музыканың үздік туындылары қатар орындалып, Көкшетау сахнасы халықаралық шығармашылық байланыстар үшін ашық өнер алаңына айналды. Әрине, бұл жылдардың ішінде оңай кезеңдер де болған жоқ. Пандемия кезінде қалыптасқан концерттік жүйе түбегейлі өзгеріп, көрерменмен тікелей жүздесуге мүмкіндік шектелді. Сол кезде онлайн жобаларға көшіп, өнерді халыққа басқа форматта жеткізуге тура келді. Бұл да біз үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Кейін қалыпты жұмысқа қайта оралғанда, сол кезеңде қалыптасқан жаңа мүмкіндіктерді жоғалтпай, әлеуметтік желілер мен цифрлық платформаларды тұрақты түрде пайдалануды жалғастырдық. Сексен жыл бұрын осы өңірде кәсіби өнердің негізін қалаған азаматтардың еңбегі бүгінгі біздің жұмысымызбен жалғасып жатыр. Ертеңгі ұрпақ та бүгінгі еңбегімізді жалғастыруы тиіс. Меніңше, өнердегі сабақтастық дегеніміз осы. Мұнда әр адамның шығармашылық табиғатын түсіну, өнерпаздың талабын қолдау, көрерменнің сұранысын сезіну және ұжымның ішкі бірлігін сақтау маңызды. Мен үшін ең бастысы, шығармашылық адамдарға мүмкіндік беру. Біздің ұжымда әртүрлі буын өкілдері еңбек етеді. Соңғы жылдары халықаралық жобаларға қатысу, жаңа шығармашылық ұжымдарды қалыптастыру, ұлттық бағыттағы жобаларды көбейту және көрерменмен жаңа форматта жұмыс істеу біздің ізденістеріміздің бір парасы дер едім.
Бұл ретте, ең алдымен, кәсіби өнердің сапасын сақтауымыз керек. Екіншіден, ұлттық өнерді дәріптеуді жалғастыруымыз қажет. Үшіншіден, жастармен жұмысты күшейту маңызды. Сонымен қатар, халықаралық мәдени байланыстарды кеңейтіп, көрерменмен жаңа форматта жұмыс істеуге тиіспіз. Бүгінгі көрерменнің талғамы өзгеріп келеді. Сондықтан, дәстүрлі концерт формасымен ғана шектелу жеткіліксіз. Балаларға арналған танымдық бағдарламалар, театрландырылған қойылымдар, камералық концерттер, этно жобалар мен заманауи музыкалық бағдарламалар көрерменге жол табудың түрлі тәсілі. Бірақ, жаңашылдыққа ұмтыламыз деп ұлттық негізден ажырап қалмауымыз керек. Осы арада, елдің ыстық ықыласына бөленіп, өнер ордасының шырағын жағып жүрген филармонияның бүгінгі жұлдыздарына да кезек келгендей.
Ақмола облыстық филармониясының басты байлығы кәсіби шеберлігімен, өзіндік өнерімен көрермен жүрегінен орын алған әншілері. Ұжымымызда әр буынның талантты өкілдері еңбек етіп келеді. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Жарқымбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шолпан Базарқызы, Мәдениет саласының үздігі Ләззат Едрісова, Жанат Есов, Аякөз Қалмағанбетова, Эльмира Төлеубаева, дәстүрлі ән өнерінің өкілі Сәрсенбай Хасенов және лирикалық тенор Серік Бекмолдин сынды өнерпаздар бар. Жәмила Жарқымбаева опера сахнасында мол тәжірибе жинақтаған лирика-колоратуралық сопрано. Ол еліміздің ірі театрларында еңбек етіп, әлемнің бірқатар елдерінде өнер көрсетті. Ал, Шолпан Базарқызы талай жылдан бері филармония сахнасында еңбек етіп келе жатқан, лирикалық-драмалық сопрано иесі, жас әншілерге тәлім беріп жүрген ұлағатты ұстаз. Сонымен қатар, кейінгі жылдары Аякөз Қалмағанбетова, Сәрсенбай Хасенов, Серік Бекмолдин секілді өнерпаздар өздерінің шығармашылық ізденістерімен ерекшеленіп жүр. Әсіресе, Сәрсенбай Хасеновтің дәстүрлі ән мұрасын зерттеп, ұмыт қалған әндерді тауып, насихаттауы ұлттық өнеріміз үшін аса құнды еңбек. Бүгінде филармония әншілері жеке-жеке концерттер беріп, республикалық және халықаралық байқауларда жүлде иеленіп, ұлттық өнерімізді ел ішінде ғана емес, шетел сахналарында да лайықты танытып келеді. Біз осындай өнерпаздарымызбен мақтанамыз және олардың шығармашылығын қолдау филармонияның басты міндеттерінің бірі деп білеміз.
– Сексен жылдың сеңгірінде тұрған филармонияның жұмысында қордаланып тұрған, шешімін қажет ететін мәселелер бар ма, жоқ па деген сауал да осы арада өз-өзінен сұранып тұрғандай.
– Әрине, кез келген шығармашылық ұжымның шешімін күтетін өзекті мәселелері болады. Бізде де назар аударуды қажет ететін бірқатар мәселе бар. Айталық, соңғы жылдары гастрольдік сапарлардың саны азайып отыр. Өңіраралық филармониялармен өзара ынтымақтастық туралы келісімдеріміз де бар болғанымен, кей жағдайда арнайы шақырту алған жерлердің өзіне қаржылық мүмкіндікке байланысты бара алмай қалатын кездеріміз бар. Ал, үлкен шығармашылық ұжым ретінде гастрольге шыққанда сапалы концерттік бағдарлама ұсынып, барлық ұжымдарымызды толық көрсетуге тырысамыз. Бұл, әрине, қосымша шығынды қажет етеді. Материалдық-техникалық мәселелер де бар. Артистердің сахналық киімдерін кезең-кезеңімен жаңартып отыру, жаңа музыкалық аспаптар алу, жергілікті өнерпаздардың шығармашылық кештерін жоғары деңгейде ұйымдастыру үнемі назарымызда болғанымен, мұның барлығы белгілі бір қаржылық мүмкіндікті талап етеді. Тағы бір өзекті мәселе репетициялық бөлмелердің тарлығы. Филармония ғимараты тарихи нысан болғандықтан, оның ішкі кеңістігін кеңейту оңай емес. Біздің мысалы, оркестрлік ұжымдарымыз 30-40 шаршы метр шамасындағы бөлмелерде дайындалады. Ал, құрамында 40-50-ге жуық музыканты бар оркестр үшін мұндай кеңістікте толыққанды репетиция жасау қаншалықты мүмкін деп ойлайсыз? Дегенмен, бұл қиындықтар шығармашылық жұмысымызды тоқтатуға себеп емес. Керісінше, қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ұжымның жұмысын одан әрі жетілдіруге тырысып келеміз. Ең бастысы, өнерпаздардың ынтасы бар, шығармашылық әлеуеті жоғары. Сол мүмкіндікті толық пайдалануға жағдай жасалса, филармонияның бұдан да ауқымды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндігі мол.
– Көкшетау Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай сынды саңлақтардың әні қалған қасиетті өнер өлкесі. Сондықтан, сол дәстүрдің үзілмей, кейінгі буынға жалғасуы филармония үшін де үлкен жауапкершілік екені анық. Алайда, соңғы жылдары дәстүрлі әншілердің қатары сиреп, осы бағыттағы орындаушылық мектептің әлсіреп бара жатқаны байқалады. Бұған қандай себептер әсер етіп отыр? Филармония басшылығы бұл мәселені шешу үшін қандай жұмыстар атқарып келеді?
– Дұрыс айтасыз, бұл өте орынды мәселе. Көкшетаудың ән мектебін, әсіресе, атақты сал-серілерімізден жалғасқан дәстүрлі ән өнерін сахнада орындап қана қою жеткіліксіз, оның табиғатын түсінетін, мектебін жалғастыратын жас орындаушыларды тәрбиелеуіміз керек. Дәстүрлі әншілердің қатарының сиреуіне бірнеше себеп бар. Ең алдымен, бүгінгі жастардың өнерге деген талғамы өзгерді. Қазір заманауи эстрадаға, жаңа музыкалық бағыттарға қызығушылық басым. Дәстүрлі әннің өзіндік мақамын, кең тынысын, мәтіндік ерекшелігін меңгеру үшін үлкен еңбек пен ізденіс қажет. Бұл бір-екі жылда қалыптасатын дүние емес. Ұстаздан шәкіртке берілетін сабақтастық та болмай тұр деп ойлаймын. Екіншіден, дәстүрлі әншілерге сахналық мүмкіндік пен тұрақты шығармашылық орта қажет. Жас орындаушыны бір байқауға қатыстырып немесе бір концертке шығарып қоюмен мәселе шешілмейді. Оның репертуарын қалыптастыру, дауыс мүмкіндігін жетілдіру, белгілі бір ән мектебінің ерекшелігін меңгерту, үлкен сахнаға дайындау үздіксіз жүргізілетін жұмыс. Біз осыны ескере отырып, дәстүрлі өнерді филармония жұмысының маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырамыз. Репертуарымызда Арқаның дәстүрлі ән мектебі өкілдерінің шығармалары тұрақты орын алып келеді. «Гәккулеткен, аққу жеткен – Көкшетау» секілді дәстүрлі музыкалық фестивальдардың мақсаты да осы мұраны кеңінен насихаттау, әр өңірден келген өнерпаздардың басын қосып, тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау болатын. Мұндай жобалар жас орындаушы үшін үлкен мектеп деп ойлаймын. Алайда, бұл жобалардың барлығы дерлік бүгінде қаражаттың тапшылығына орай, тоқтап тұр. Негізі, бұл мәселені тек филармонияның міндеті деп қарауға болмайды. Дәстүрлі ән мектебін қалыптастыруға музыкалық оқу орындары, осы саладағы ұстаздар, мәдениет мекемелері және өнер ұжымдары бірлесе атсалысуы қажет. Сонда ғана бүгінгі жас орындаушы ертең сахнаға шығып, Арқа әншілерінің аманатын келесі ұрпаққа жеткізетін кәсіби маман болып қалыптасады. Бізге Арқа әндерінің қадірін білетін, табиғатын бұзбай орындайтын лайықты ізбасар тәрбиелеу үшін көп жұмыс атқару қажет. Сонда ғана сіз айтып, біз сезініп отырған олқылықтар орнына келеді.
– Міне, өзіңізбен манадан бергі әсерлі әңгімеміз де соңына таяған сыңайлы. Ендеше, филармонияның бүгінгі 80 жылдық мерейтойына орай, көрерменге қандай тілек айтар едіңіз?
– Ең алдымен, көрермен қауымға концерттерімізге келіп, бізді үнемі қолдап отыратындары үшін алғыс айтқым келеді. Филармония сексен жыл бойы өмір сүріп, өзіндік өнер жолымен көрініп келе жатса, оның басты себебі халықтың осы өнерге деген ықыласы. Сондықтан, бұл 80 жылдық мерейтойды тек біздің ұжымның мерекесі деп емес, өнерді қадірлеген халықтың мерекесі деп қабылдасақ, дұрыс болады. Алда да осы жылдар ішінде қалыптасқан дәстүрді жалғастырып, жаңа шығармашылық жобалармен толықтыра береміз. Ұлттық өнерді дәріптеу, кәсіби музыканы кеңінен насихаттау, өнер ұжымымыз есімін иеленген Үкілі Ыбырайдың, басқа да саңлақтарымыздың шығармашылық мұраларын кейінгі ұрпаққа аманаттау біздің алдағы ең маңызды міндеттеріміздің бірі. Сексен жыл бұрын басталған өнер жолы жалғаса береді. Өйткені, өнердің ғұмыры халықпен бірге. Халық барда өнер де бар. Алдағы уақытта да фестивальдер мен шығармашылық жобаларды көбейтіп, жас өнерпаздардың танылуына мүмкіндік беріп, филармонияның гастрольдік ауқымын кеңейтсек деген жоспарымыз бар.
– Мерейтой алдындағы мазмұнды әңгімеңізге көп рахмет. Біз де газетіміздің шығармашылық ұжымының атынан Сіздерді осы айтулы күндеріңізбен құттықтап, жаңа тың белестерге көтерілу жолында үлкен сәттіліктер тілейміз!
Сұхбатты жүргізген Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

