Қазақстанның атынан өнер көрсетті

Мәдени байланыс

Жуырда Қазақстан Республикасы Елшіліктерінің ұйымдастыруымен Үндістан мен Ресей елдерінде ақмолалық шығармашылық ұжымдар қатысқан мерекелік концерттер өтті.

Бұл іс-шараларға Ақмола облысының әкімі қолдау көрсетті. Үндістан астанасы Нью-Делиде Зеренді ауданының «Арқа әуені» халықтық фольклорлық ансамблі, Қосшы қаласынан «Тарту» фольклорлық ансамблі, сондай-ақ, Диана Байзолла, Аслан Мұхамедияров, Айдын Хамза және Дінмұхаммед Амалбек сынды жеке орындаушылар өз өнерлерін ортаға салды. Олар шетелдік көрермендерді қазақ музыкасының өзіндік ерекшелігімен, халық әндерімен және ұлттық дәстүрлердің бай мұрасымен таныстырды.

Ал, Ресей Федерациясында өткен осындай концерттік бағдарламаға Целиноград ауданының Мәдениет үйі жанындағы «Тұмар» этно-эстрадалық ансамблі және жеке орындаушылар Олжас Сүлеймен, Бекәділ Мектепбергенов, Азамат Сәкенов, Ермек Қасым, Гүлайша Аманжол мен Айнұр Байнулдинова қатысты.

Ақмолалық өнерпаздар сөйтіп шетелдік көрермендерге ұлттық өнер туындылары мен әлемдік классикалық музыканың жауһарларын ұсынып, Қазақстанның мәдени әралуандығын сан қырынан жеткізе білді.

Бұл сапардың тағы бір ерекшелігі, «Арқа әуені» мен «Тарту» ансамбльдерінің шетелдегі мәдени іс-шараларға алғаш рет қатысып отырғаны. Соған орай, шығармашылық ұжымдар халықаралық сахнада өңір намысын абыроймен қорғап, ұлттық өнердің қайталанбас болмысын және халықтық дәстүрімізді кеңінен паш етті.

А.ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар