Жылыту маусымына дайындық мәселелері пысықталды

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында жылыту маусымына дайындық жоспарымен және инженерлік құрылыстардың, атап айтқанда, Көкшетау қаласының №2 аудандық қазандығының жай-күйімен танысты.

Премьер-Министрге Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса энергетика кешені инфрақұрылымының жағдайы туралы баяндады. Қазіргі таңда қаладағы жылу желілерінің тозу деңгейі 43 пайызды құрайды. Жылыту маусымына дайындық аясында 6 шақырым коммуникацияны жөндеу жоспарланған, бұл жыл қорытындысы бойынша көрсеткішті 41 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Қаланы «Көкшетау Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жылумен қамтамасыз етіп отыр. Ұйым балансында 4 қазандық бар.

Биыл Үкімет Қаулысына сәйкес, екі жылу көзін – №1 және №2 аудандық қазандықтарды жөндеуге резервтен 816 миллион теңге бөлінді. Жазғы уақытта нысандарда қазандық агрегаттарының, конвективтік бөлік пакеттерінің, қыздыру беттерінің және шикі көмір бункерлерінің ақауларын жою жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Олжас Бектенов №2 қазандықтың жағдайын тексерді. Нысан 1998 жылы пайдалануға берілген, қазіргі уақытта 56 мың абонентті жылумен қамтамасыз етіп отыр. Қазандықтың өндірістік шекті қуаты сағатына 300 Гкал-ға жетеді. Жөндеу жұмыстарынжүргізу апаттық жағдайды азайтуға және жылыту маусымында халықты жылумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

–Осыған дейін атап өткенімдей, қыстың көзі қырауда қиындықты болдырмау үшін жаз айларында барлық күш-жігерді жұмсау керек. Мемлекет басшысы коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сапалы әрі үздіксіз жылу беруді қамтамасыз ету – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Қаражат бөлінді. Жүктелген жұмысқа барынша жауапкершілікпен қарау керек. Біз өткен тәжірибені ескеріп, жіберілген қателіктерден сабақ алып, ерте бастан белсенді әрекет етуіміз керек, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бүгінде Көкшетауда қаланың жылу және электр энергиясына деген өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз ететін жылу-электр орталығын салу жобасы пысықталып жатыр. Оның жылу қуаты сағатына 520 Гкал, электр қуаты 240 МВт-ты құрайтын болады деп жоспарланып отыр.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар