Жолдау – жаңару жолы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына арнаған «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттері» атты Жолдауының негізгі бағыттарын талқылау мақсатында Ақмола облысына Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошанов жұмыс сапарымен келіп, еңбек ұжымдарымен, ғылыми қауымдастық және қоғамдық жұртшылық, этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесті. Кездесуді облыс әкімі Марат Ахметжанов кіріспе сөзбен ашты.
– Президент Жолдауы Қазақстанның дамуының жаңа кезеңіне жол ашып, жан-жақты жаңғыруға серпін беретін маңызды стратегиялық бағдар. Ақмола облысының тұрғындары еліміздің өркендеуіне бағытталған жаңа реформаларды белсенді қолдап, оларды жүзеге асыруға өз үлестерін қосып келеді. Біз үшін Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына «УК Строй» ЖШС директоры Манат Мусиннің, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Бағдат Рахметулинаның және Көкшетау құрылыс-технологиялық колледжінің оқытушысы Алена Малькова-Солопованың енгені үлкен мерей. Сонымен қатар, өңіріміздің тумасы Бэлла Газдиева да республикалық «Вайнах» этномәдени бірлестігінің өкілі ретінде Халық Кеңесінің құрамына кірді, – дей келе, өңір басшысы Халық Кеңесінің мүшелеріне ізгі тілегін білдіріп, жиында өзара мазмұнды ой-пікір алмасылатынына сенім білдірді.
Мәжіліс барысында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері мен өңірдің қоғам белсенділері және мекеме, кәсіпорын-ұйым басшылары өзекті тақырыптар бойынша баяндамалар жасады. Атап айтқанда, Халық Кеңесінің мүшесі Мәди Мырзағараев «Заң мен Тәртіп» идеологиясына тоқталса, Геннадий Шиповских логистикалық әлеуетті дамыту мәселелерін көтерді. Ал, «Қоржынкөл-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Әбілқайыр Ошақбаев агроөнеркәсіптік кешенді дамыту туралы баяндады. Сонымен қатар, Халық Кеңесінің мүшесі Олжас Сүлеймен Жолдауда жан-жақты көтерілген шағын және орта бизнесті қолдау бағыттарына арнайы тоқталды. Сондай-ақ, Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының директоры Нұрлан Жаров денсаулық сақтау саласын жаңғырту жұмыстары мен Мемлекет басшысының «Халық құрылысы» жобасын іске асыру аясында өңірде білім беру, дене шынықтыру-спорт, денсаулық нысандарын салып, жас ұрпаққа берудің мән-маңызын кеңінен тілге тиек етті. Ал, Халық Кеңесінің мүшесі Алена Малькова-Солопова білім беру саласын қолдау жайын сөз етті. Сондай-ақ, «Kokshetau engineering» серіктестігінің директоры Абай Болатов өңірде жүргізілген реновация жұмыстары бойынша атқарылған істерді ортаға салды.
Ел дамуының маңызды мәселелері талқыланған жиында бұдан әрі көпшілікке танымал қоғам қайраткерлері, белгілі қаламгерлер Жабал Ерғалиев, Нұртөре Жүсіп Мемлекет басшысымен қолға алынған реформалардың маңыздылығы туралы сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.
Кездесу соңында Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов қорытынды сөз сөйлеп, соңғы жеті жылда елімізде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүзеге асырылғанын атап өтті. Осы кезеңде әлеуметтік салаға 88 триллион теңге бағытталып, 3,6 миллион жұмыс орны ашылыпты. Ал шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 3,3 миллионнан 4,5 миллион адамға дейін өскен.
Жалпы, бұл өзгерістердің нәтижесі Ақмола облысының дамуынан да анық көрініс табуда. Өңір өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, «жасыл» энергетиканы дамытып, инвестиция тарту және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Осы реттегі, нақты нәтижелердің бірі – Digital Aqmola цифрлық қауіпсіздік жүйесі. Оны енгізу нәтижесінде өңірдегі қылмыс деңгейі екі есеге жуық төмендеді. Сонымен қатар, мемлекетке қайтарылған заңсыз иемденілген активтер есебінен Зерендіде спорт мектебі мен Көкшетауда Kokshe Arena спорт кешені, басқа да жаңа әлеуметтік нысандар салынды.
Осы орайда, алдағы міндеттерге тоқталған Халық Кеңесінің төрағасы саяси жаңғырудың, «Заң мен Тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, ұлттық жобаларды іске асыру, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту және энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Бұл бастамалар экономикалық өсімге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және шағын әрі орта бизнесті дамытуға ықпал етуі тиіс.
Ерлан Қошанов Жолдауда белгіленген әлеуметтік басымдықтарға да жеке тоқталып өтті. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету саласы мамандарының жалақысын 40 пайызға дейін арттыру көзделген. Сондай-ақ, ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Бұл өзгеріс шамамен 1,8 миллион азаматты қамтиды. Бұдан бөлек, инклюзивті білім беруді дамыту міндеттері де белгіленді.
Ерлан Қошанов бұл күні облыс орталығындағы Digital Aqmola орталығын, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған №20 мектеп-гимназиясын және Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын аралап, аталған мекемелердің жұмыс барысымен танысты. Әсіресе, Digital Aqmola мекемесінің қызметкерлері іске асырып жатқан цифрландыру жұмыстарына өзінің жоғары бағасын беріп, ондағы соны тәжірибелерді өзге аймақтарға таратудың маңызын атап өтті.
Сапар қорытындысы бойынша Ерлан Қошанов айтылған ұсыныстар мен өтініштер жүйеленіп, алдағы жұмыс та ескерілетінін атап өтті. Кеңес төрағасының сөзінше, өңір тұрғындарымен тікелей диалог орнату Халық Кеңесі жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып қала бермек.
Бұған қоса, Халық Кеңесінің мүшелері бұл күні орман шаруашылығы қызметкерлерімен, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттері және оқытушыларымен, сондай-ақ, этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесті. Кездесулер барысында өзекті мәселелер талқыланып, Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар айтылды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

