Өзің де ауырмау, баланы да ауыртпау үшін тазалыққа сүйен

Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жыл басынан бері белең алған ротавирустық инфекцияның алдын алу шаралары туралы айтылды.

Брифинг барысында баяндама жасаған Ақмола облыстық эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Серік Омархановтың айтуынша, бұл – ротавирус жедел ішек инфекциясы. Онымен әдетте кішкентай балалар жиі ауырады.

– Ақмола облысында ағымдағы жылдың басынан бері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ротавирустық инфекциямен ауырғандар санының 7 есеге өсуі байқалады. Мәселен, сәуір айында 70 жағдай тіркелсе, өткен жылдың осы кезеңінде 10 жағдай тіркелген болатын. Ротавирустық инфекцияның артуы суық мезгілдермен тұспа-тұс келеді де, жылы мезгілдерде аурудың төмендеуі байқалады.Облыс бойынша аурудың жоғары көрсеткіші 2024 жылы наурыз айында байқалып, сәуір айында 20 пайызға төмендеді, – дейді өз сөзінде Серік Сексенбайұлы.

Сондай-ақ, ротавирустық инфекциямен сырқаттанудың ең көп саны Көкшетау қаласында орын алған. Мұнда 41 жағдай тіркелсе, аудандар арасынан Бурабайда 14 жағдай анықталған. Ал, ауырғандардың жасына келетін болсақ, 1-ден 3 жасқа дейінгі балалар арасында 52 жағдай тіркеліп, сырқаттанғандардың 74 пайызын құраған. Сонымен бірге, вирус ағзаға ластанған заттардан және қолдың кір болуынан енеді. Және де науқаспен байланыста болған кезде дұрыс жуылмаған өнімдер мен сапасыз суды тұтыну кезінде жұғуы ықтимал.

–Ротавирустың алдын алу үшін жеке гигиенаны сақтау, қолды уақытылы жуу, тек мұқият жуылған және дұрыс өңделген тағамдарды тұтыну, қайнатылған немесе сүзгіден өтіп, тазартылған суды ішу сияқты шараларды ұмытпаған жөн. Оған қоса, тұрмыстық қажеттіліктер үшін пайдаланылатын су тазартылуы немесе хлорлануы керек. Мектепке дейінгі балалар мекемелерінде ротавирусты алдын алу ерекше маңызға ие. Ол мынадай шараларды қамтиды: балалар мен қызметкерлер арасында гигиеналық білім беруді арттыру, оның ішінде қолды үнемі жуу және антисептиктерді қолдану арқылы денсаулық пен санитарлық нормалардың сақталуын қадағалау, санитарлық-эпидемиологиялық және профилактикалық бақылауды күшейту. Сол сияқты, инфекцияны анықтау кезінде оның алдын алу үшін карантиндік шараларды енгізу. Үй-жайларды, ойыншықтар мен оқу материалдарын үнемі залалсыздандырып, балалардың иммунитетін нығайту үшін дәрумендік құрамы жоғары тамақтарды берген дұрыс болады, – деген баяндамашы журналистер тарапынан туындаған сауалдарға да жауап берді.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар