Бұл – әділ әрі нақты қолдау!

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дәурен Әділбековтің қатысуымен өткізілген «Дөңгелек үстел» мәжілісінде қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жаңа заңдық актілер әңгіме өзегіне айналды.

Облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасындағы маңызды жиынға «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының, Көкшетау қалалық тұрғындарды жұмыспен қамту орталығы мен бөлімдерінің өкілдері шақырылды.
Мәжілісті ашқан Дәурен Әділбеков ҚР Парламентінің күзгі сессиясында ел азаматтарын, оның ішінде көп балалы отбасыларын қолдаудың жаңа үрдісіне, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа механизмдеріне қатысты бірнеше заң қабылданды, – деп атап көрсетті. Бұл орайда 2020 жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бастау алатындығы да маңызды. Адамдар өмірін жақсарту үшін бұл механизмдер нақты тәжірибеде жұмыс істеуі қажет.
– Мен табысына қарамастан барлық көп балалы отбасыларына қолдау көрсетушілер қатарында болдым, – деді сенатор. Жаңа бастамалар халықтың көкейіне қонады деп ойлаймын. Мұнда әділдік бар, әлеуметтік қолдау бұған нақты мұқтаж адамдарға көрсетілуі тиіс.
Облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова өз баяндамасында өткен жылы 9 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылғанын атап көрсетті. Биылғы жылы көп балалы отбасыларына тағайындалатын арнайы мемлекеттік жәрдемақыларды ескере отырып (әр балаға 10-11 мың теңге), АӘК алушылар саны 4,5 мың адамды құрап, екі есе қысқарады деп күтілуде. Жұмысты тыңғылықты ұйымдастыру мақсатында аудандарда жаңа форматтағы мәжілістер мен семинарлар өткізілді, «Ашық есік» күндері тәжірибеге орнықты. Реформаның басты мақсаты – оның уақытша сипатында, яғни, адамдарға қиын өмірлік жағдайлардан шығуға септесу, оларға жұмыс тауып беріп, отбасын өз бетінше қамтамасыз етуге ықпалдасу. Басқарма басшысының айтуынша, азаматтарды әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жұмыстар негізінен аяқталған. Әлеуметтік тұрғыда әлжуаз отбасыларының балаларын кепілді көмекпен қамтамасыз ету мақсатында «Есіл» ұлттық компаниясымен және тауарлы жеткізуші ұйымдармен келісім-шарттар жасалыпты. Бұл орайда Жаппай оқыту қоры, білім беру басқармасы белсенділік танытатыны анық.
Мәжілісте тұрғындардың хал-жағдайын жақсартуда мемлекеттік және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру, қаржылық төлемдер жүйесін жетілдіру мәселелеріне де маңыз артылды.
Дәурен Әділбеков «Дөңгелек үстел» мәжілісінде айтылған мәселелердің барлығы жұмыс сапарының қорытындысымен Сенат талқылауына ұсынылатынын атап көрсетті.

Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар