Бүгінгі және ертеңгі күнмен үндес

«Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев. Одан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ. Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек» деген екен А.Байтұрсынов.

Белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметов «Абайдың адамгершілік мұраттары» атты кітабында, Абай өз заманының теңдесі жоқ ойшылы болғандықтан, оның адам болу туралы ойларының рухани өзекті желісін жетерліктей танып білу қастерлі міндеттеріміздің бірі болып саналмақ десе, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ойшыл Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шаралардың барысында халқымызға ой салатын, ұрпағымыздың санасының көкжиегін кеңейтіп, тəрбие-тағылым алатындай маңызды мағыналы істер атқаруымыз керек деп айтуы Абай іліміне ғылыми тұрғыдан мемлекеттік деңгейде өте жоғары мән берілетіндігін аңғартады.
Абайдың көз жетпес көкжиектей кең, теңіздей терең ойларын, алтындай асыл, қорғасындай салмақты сөздерін əрбір қазақ баласы, халқымыз санамен, жүрекпен қабылдап, өмірде рухани бағдаршамдай пайдалану керектігін сезінесің. Абайдың өз заманында айтқан ой-толғанысы қазіргі заманмен үндесіп тұруы халқының, бүгінгі ұрпақтың болашағын ойлаған кемеңгер көреген ойшыл екенінде жатыр. Сондықтан, Қасым-Жомарт Кемелұлының Абайдың кітабы мен Мұхтар Əуезовтың «Абай жолы» романы əрбір отбасында болуы керек деген ұсынысын толығымен қолдаймын. Абай тұлғасы мен мұрасын елімізде ғана емес, шетелдерде де насихаттау біздің рухани байлығымызды, мәдениетімізді халықаралық деңгейге көтеріп, Абайдың ұлылығын асқақтату болып табылады. Ең басты мәніс өткізілетін іс-шаралардың өскелең ұрпаққа тəрбиелік маңызы зор болуында жатса керек.
Президентіміз өз сөзінде Абайдың арманы халықтың арманы дей келе, халықтың арманы мен аманатын орындау жолында ештеңеден аянбаған дұрыс деп, жұмылып бірігуге шақырады. Халқымызға бірлік-береке беріп, ұлы Абайдың мерейтойын жоғары деңгейде өткізуге жазсын.
Мейрамбек ҚИЫҚОВ,
Ақмола облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің
төрағасы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар