Абай тағылымы – ұлт құндылығы

Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады. Мұндай сөзді есіткенде шайқақтап, шалықтанып не салбырап, салғырттанып есітсе, не есіткен жерде қайта қайырып сұрап ұғайын деп тұшынбаса, шыға беріп қайта қалпына кетсе, естіп-есітпей не керек?

Ұлтымыздың қымбат қазынасы – ұлы Абай мұрасы кешегіден де бүгінімізге қажет. Өйткені, XXI-ғасырдың жалынды жастары Абайды өз көздерімен танып, санасын жеңіл ойдан тазартып, рухани азыққа кенелер ме еді деп ойлайсың. Шынымен, ұлтымыздың ұлылығын күллі жаһанға паш етіп, өскелең ұрпақтың мінез-құлқын, салт-дәстүрлері мен рухани мәдениетін, оқу-білімін, адамгершілік тәрбие беру жолдарын зерделеп, тәтпіштеп айтуда Абайға жетер данагөй ақын жоқ. Жас толқын Абайдың қастерлі сөздерін іштей сезінсе ғана рухани бай болар еді деп тағы да ойлайсың…
Сөзімізді ұлы ойшылдың өлеңінен алынған үзіндімен жалғайық. «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған!». Ұлы ақынның фәниге аттанғанына 175 жыл өтсе де ақын шығармаларының сыны да, сыры да кетпей, керісінше ғасырдан артық тарихы бар әндері жанданып, дәмі одан әрі кіре түскен тәрізді. Былтырғы жыл Абай үшін той тойлау жылы емес, ой толғау жылы болғандай. Абай Алаш жұртының мақтанышы ғана емес, біздің ұлттық ұранымыз. Ол туралы айтылар сөз, жасалар істер әрқашанда ерекше болуы тиіс. Абай өлмес мұра қалдырды, оны алдымен өзіміз танып, сосын әлемге таныту – біздің ғұмырлық парызымыз.
Абайдың өзі болмаса да, қалдырған ізі, ғибратты сөздері бізбен мәңгі жасайды. Дәлелдің тағы бірі, біздің Көкшетау қаласындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатына Ұлы Абайдың есімі берілді. Күллі ұжымның қуанышында шек жоқ. Тіпті, оқу ордасы жанынан «Абай аллеясы» да бой көтерді. Алдағы уақытта ақын есімін иеленген білім ошағында мағынасы терең, берері мол тағылымды шаралар жалғасын табары сөзсіз. Рухани жаңғырудың өзегі осыдан бас-
талары хақ.
Иең далада алшаң басқан Алаш баласының күллі тіршілігі мен салт-дәстүрін, бүтін тарихын, кем-кетігін қара өлеңмен түгендеген жандар болса, солардың арасындағы шоқтығы биігі Абай. Өзі айтқандай, «Баласын медресеге біл деп берді, Шен алсын, қызмет қылсын деп бермеді». Жасынан ғылым мен мәдениетті қатар меңгерген хакім Абай қазақ баласының есепсіз мал жиғанын емес, оқу мен өнерге ден қойғанын қалады. Данагөй ақын өзінен кейінгі қазақ поэзиясының өкілдеріне де жарқын үлгі ретінде шырқау шыңнан көрінді. Бұл оның өлеңдерінің қазақ поэзиясының төл табиғатынан ажырамай, бір оқығанда-ақ көңілге қона кетіп, ойға ұялайтындығынан болса керек-ті. Қалай десек те, Абай – XX-XXI ғасырды байланыстырып тұрған әдеби алтын көпір иесі. Себебі, ол қазақ ағартушылығы мен ұлт поэзиясының маңдайына біткен алтын тұлға. Өлеңдері өміршеңдігін жоғалтпаған ақынның есімі де ел жадында мәңгі сақталары анық. Басқа­сын былай қойғанда, ақын айтқан бес асыл істі жүзеге асырып, бес дұшпан­ды бойдан қашырып жатырмыз ба деген ой­дың төңірегінде толғансақ та, талай жай­ға қаныға аламыз. XXI ғасырдағы өскелең ұрпақ, Абай айтқандай, ғылымды толық игерсе, өз тілін құрметтесе әрі шын мәнінде полиглот болса, ұлтымызға тек игілік әкелері сөзсіз.
Мақсат МҰРАТОВ,
Көкшетау қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар