Көз ауруы қаяу түсірмесін

Облыс орталығындағы медицина саласының, оның ішінде көз емдеу жүйесі төңірегінде ұзақ жылдан бері қордаланып қалған талай мәселе таяуда қалалық перзентханада шала туған сәбидің көзіне ота жасау керек кезінде белгілі болды. Шала туған сәбиге ота жасау тіпті де мүмкін болмаған. Бұған себеп, қажетті медициналық жабдықтың жоқтығы. Ол құрғыр бола қалған күннің өзінде тиісті маман табылмағанын қайтерсіз. Сонда, мұндай дәрменсіздікке қалайша жол берілген!?

Оны айтасыз, жаңа туған нәресте ғана емес, есейіп келе жатқан балалардың ем-домына қатысты бүгінгі жағдай жаға ұстатарлықтай. Қазіргі күні облыс орталығындағы «Өркен» балалар бақшасында көруінде кемістігі бар 14 бала тәлім-тәрбие алады. Мүлде суқараңғы емес, әрқилы көз ақауы бар бүлдіршіндер.
–Бұрын, 1991 жылы «Аленушка» балалар бақшасында екі осындай топ болды. Әрқайсысында 15 баладан тәлім-тәрбие алатын. Кейін біздің «Өркен» балалар бақшасына көшірілді,–дейді бала бақшаның медбикесі Нина Каралаш,–өтпелі кезеңдегі қиыншылыққа төтеп бере алмай, бір тобымыз жабылып қалды. Өзгеріп жатқан дүние жоқ. Балалардың көздерін тексеруге қажетті аппаратура 1970 жылғы. Ертеректе жарты ставкамен жұмыс істейтін көз дәрігері болған. Әрбір бейсенбі сайын келіп, балаларды тексеріп тұратын. 2008 жылы ол да қысқартылып кетті. Бірақ, жалақы алмаса да, әлі күнге дейін қамқорлыққа зәру балаларға жаны ашып, қолынан келген көмегін көрсетіп тұрады. Аты-жөні Рахия Кәрімова.
Рахия Бәйкенқызы қазір облыстық аурухананың көз аурулары бөлімшесінде жұмыс істейді екен. Зейнет жасына. Бұл кісінің еңбектен қол үзбеуі осы саладағы дәрігерлердің жетімсіздігінен. Жалпы, белгіленген талап бойынша,
15 000 ересек адамға, 10 000 балаға бір көз дәрігері керек екен. Көкшетау қаласында балалардың көз дәрігері біреу ғана. Ал, облыстық балалар ауруханасында да, облыстық емханада да көз дәрігері жоқ.
–Балалардың көз аурулары туа және жүре пайда болады,–дейді Рахия Бәйкенқызы,–бір кездері әр көшені, әр үйді аралап, балалардың жанарын қадағалаушы едік. Қазір ондай жұмыс былай тұрсын, сырқат балаларды көрсетіп, кеңес алатын да жер жоқ. Бұл өте күрделі әлеуметтік мәселе. Қалыптасып отырған жағдайды түзету үшін ең алдымен кадр даярлау керек. Онсыз ештеңе де өнбейді. Жүре пайда болатын көз ауруларының бір парасы, алыстан көрмеу. Мен дәрігер ретінде ең алдымен ана денсаулығына, бала денсаулығына мұқият көңіл аудару керек деп есептеймін. Аналардың уақытылы дем алуы, дұрыс тамақтануы, жүйкесінің қалыпты болуы, бәрі әсер етеді.
Бұған өз тарапымыздан, білім саласындағы үздіксіз жүргізіліп жатқан реформалардың да әсерін, бағдарлама жүктемесінің ауырлығын, олардың күні бойы мектепте жүретіндігін қосқымыз келеді. Жас ұрпақтың жанары жарқырап тұруы үшін көп нәрсе керек. Мәселен, біздің қоғамда спорт үйірмелері қол жетімді ме, балалардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылып жатыр? Түбін қаузап келгенде, ойластыратын дүние аз емес. Айталық, белгілі бір медициналық құрал-жабдықты сатып алу жетімсіз. Егер ол жабдықпен жұмыс істей алатын білікті маман дәрігер болмаса, мұның қандай қажеттілігі бар?
–Ата-аналар әлі күнге дейін маған келіп өтініш айтады. Тегін көмектесемін,–дейді Рахия Бәйкенқызы,–балалар бақшасынан кейін бұл балалар жалпы білім беретін мектептерге барады. Өйткені, Көкшетауда көзілдірік таққан балалар оқитын мектеп жоқ. Жағдайы жеткендер Нұр-Сұлтан қаласына тіркеліп, сонда оқытуда. Ал, ауыл балалары ше? Облысымыздың Бурабай, Зеренді, Шортанды аудандарында ғана бір-бірден көз дәрігерлері бар. Оның өзі ересек адамдарды қарайтын мамандар. Қазіргі талап бойынша балаларды қарайтын дәрігер, ересектерді қарайтын дәрігер арнайы сертификаттарға ие болулары керек. Қалған аудандарда бір де бір көз дәрігері жоқ. Ертеректе диспансерлік есеп жүргізілетін. Көз ауруы бар әр бала қатаң есепте тұратын. Қадағаланатын. Қазір мұндай есеп мүлде жоқ. Көз аурулары қашаннан қоғамды алаңдатып отырған дерт. 1980 жылдардың басында облыстық көз аурулары ауруханасындағы 20 төсектік орынға 40 сырқаттан жатқызатынбыз.
Көз ауруларын емдеу ісінің кері кетуі 1999 жылы Көкшетау облыстық көз аурулары ауруханасының оңтайландыру саясатына орай жабылып қалған кезінен бастау алған. Бұл кез трахома тәрізді жұқпалы көз ауруының белең алып тұрған шағы. Жағдай солай бола тұра, қазіргі облыстық аурухананың жанынан бөлімше ғана ашылған. Балалардың көзін емдеу, міне, осы кезден бастап біржола тоқтатылған десе де болады.
–Кез-келген саладағы тәрізді дәстүр сабақтастығы үзілді,–дейді облыстық аурухананың көз аурулары бөлімшесінің меңгерушісі Берік Нұрқанов, – аға буын дәрігерлер облыстық ауруханаға келді. Орта буынның бірі Нұр-Сұлтан қаласына, бірі жекеменшік ауруханаларға ауысты. Ал, жаңа буынмен екі ортадағы байланыс үзіліп қалды. Менің ойымша, ең алдымен қалыптасып отырған жағдайды түзеу үшін облыс орталығында көз аурулары ауруханасын ашуымыз керек. Диагностикалық орталық керек. Кәдімгі «жүрек орталығы» тәрізді орталық болуы керек. Міне қараңыз, жүрек орталығында кардиология, кардиохирургия бөлімшелері, емхана, бәрі бір жерде. Ал, біз көз аурулары дәрігерлері әр жерде шашырап отырмыз. Екінші бір мәселе, материалдық-техникалық базаны нығайтып, қажетті медициналық құрал-жабдықтарды сатып алу қажет. Біз қазір компьютерлік томография жасай алмаймыз. Түсінікті болуы үшін айта кетейін, мысалы адамның басын компьютерлік томографияға түсіреді ғой. Сол тәрізді көз ауруларын анықтау үшін де компьютерлік томографияға түсіру керек. Бірақ, ол жоқ. Катарактіге ота жасайтын аппаратура 2000 жылы алынған. Екі рет есептен шығарып тастайтын уақыт өтті. Мәселен, осы орайда аса қажетті «Миллениум» аппаратурасын сатып алуға 23 миллион, оптикалық томография аппаратурасына 60 миллион теңге қажет. Лазерлік ота жасау тіпті мүмкін емес. Одан өзге де бүгінгі күні аса қажетті медициналық аппаратураларға зәру болып отырмыз. Осындай көзқараспен қазіргі бөлімшенің өзіне жабылып қалу қаупі туындап тұр.
…Емхананың дәлізінде кезек күткен кісі көп екен. Әсіресе, томпиып отырған сүйкімді балалар. Олар жарық дүниені көргісі келеді!
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар