Ешбір қарсыласыңнан тайсалма, «Оқжетпес»!

«Оқжетпес» футбол клубының өткен маусымдағы ойынына ақмолалық жанкүйерлер риза. Бірінші лигадан Премьер-Лигаға енді оралғанына қарамастан, жетінші орыннан көрінуі команда үшін үлкен табыс. Маусымның басынан-ақ осы «Оқжетпесті» біріншілік аутсайдерлерінің бірі санаған мамандардың өзі бұл болжамдарынан аузы күйіп, сөздерін қайтып алғаны мұндайда алдын ала ешбір командаға да бал ашуға болмайтынын анық көрсетсе керек.

Жерлестеріміздің тіпті, біріншілік соңында алтыншы орынға да тұрақтауға мүмкіндіктері бар еді. Егер өз алаңында ойда жоқта «Тараздан» 2:3 есебімен жеңілмегенде, қайта ұтып тұрған ойында есе жібермей, одан әрі жігерлілік танытқанда, жеңіс те, сонымен бірге, алтыншы орын да біздікі еді. Бұл ретте, «ойын келісілген» деген жанкүйерлер сөзінің де жаны бар. Өйткені, сол тұста жоғары топта әупірімдеп әзер қалған «Тараздың» халі тым мүшкіл еді. Ал, «Оқжетпесте» ешқандай қауіп жоқ болатын.
Бірақ, қанша айт-айтпа, жоққа жүйрік жетпейді. Біз үшін жетінші орынның өзі «Оқжетпестің» чемпионаттың бір жүлдесін алғанымен бірдей. Өйткені, бұған дейін ала-құла өнер көрсетіп, 2017 жылғы алтыншы орыннан кейін келесі жылы сол Премьер-Лигадан түсіп қалғаны, одан қайта оралғаны, бәрі есте. Дәл осылай болған одан бұрынғы маусымдарды да шолып шықсақ, «Оқжетпеске» жетіспейтіні тұрақтылық. Яғни, маусым сайын ала-құла ойнау. Алдағы маусымда да осыдан қорқамыз. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, команданың өзі де осыны баса ойлап, намысқа тырысса, құба-құп.
Жергілікті жерлерде Премьер-Лигадағы командалардың тізгінін ұстап отырған облыстық әкімдіктер. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев та «Оқжетпестің» ойынынан қалмайды. Аймақ басшысының өзі жанкүйер болғаны әрине, футболшылардың да көңіл-күйін көтеріп, намысқа тырысуларына жақсы.
Жуырда команданың бас бапкері Андрей Карпович осы әкімдік жағынан келе жатыр екен. Қарсы ұшырасып, өткен маусымдағы ойындарына жылы лебізімізді білдіруді өзімізге парыз санадық. Кәдімгідей риза болып қалды.
–Биыл «Оқжетпестің» ойынына келесіздер ме? – деп жатыр.
–Келеміз, әрине,–деген сөзіміз барша жанкүйерлердің тілегіндей бәлкім, көңілінің бір түкпірінде жүрер.
Өткен жылы команда ұжымдық ойын көрсетті. Алаңда 11 футболшының бәрін іс үстінде көрдік. Орталық шеп пен шабуыл шебі жаман болған жоқ. Қарсыластар қақпасына 44 доп соғып, он екі клубтың арасында бұл көрсеткіш бойынша алтыншы нәтижеге табан тірегеніміз соның арқасы. Есесіне өзімізге голды көп жіберіп алдық. 49 доп ең соңынан алғанда төртінші көрсеткіш екені оңды емес, әрине. Демек, қорғаныс олқы деген сөз. Оны ойын үстінде де сан байқадық. Өз қақпамызға гол саны мұнымен де шектеліп қалмас еді. Қайта жартылай қорғаушылар мен шабуылшылар қорғанысқа көмекке көп келді. Ұжымдық ойын дегеніміздің өзі осы ғой. Оны алғы шептегі ойыншылардың соққан голдарының бір-бірімен шамалас болуынан да аңғарасыз. Көш басын жеті доппен Милан Стоянович бастап тұр. Алты доппен Данило Алмейда да біраз қуантқан жайы бар. Одан әрі әрқайсысы бес-бестен жиырма доп Жасұлан Молдақараев, Таңат Нөсербаев, Санат Жұмаханов және Артем Дмитриевтің еншісінде. Матчтан матчқа ойыны ұнаған Дарко Зоричтің төрт голына және есіміз қалмаған.
Өйткені, бұл миллиондарды баураған футбол ғой! «Әркімнің өз туған жері – Мысыр шаһары» демекші, ойнап кетсе, «Оқжетпестің» де көзімізге әлемдік футбол грандтары «Юнайтед Манчестер» не «Ливерпуль» болып көрінері бар. Рас, командаға кейбір легионерлер үйлеспей, олармен шарт күн ілгері бұзылса да, алаң үстінде осындай бір-бірімен тіл табысқан, жинақы, азулы команда құра білген жас жаттықтырушы Андрей Карповичке өткен жылғы сәтті маусым үшін ешқандай өкпе жоқ.
Сонымен, қанжығаға жетінші орынды байлап, клуб қараша айында демалысқа кетті. Ә дегеннен бізді келер маусымға бапкер де, команда құрамы да өзгермесе екен деген ой билеген. Өйткені, «Оқжетпестің» араларында шебер орындаушылар да баршылық, осы қалыптасып қалған құрамымен алда бұдан да жақсы ойын өрнегін көрсетуге мүмкіндігі мол еді, біздіңше. Бірақ, футболда бір маусымның құрамы бір маусымға сай келе бермейді. Ойыншылар ауысып-түйіседі, контрактілері бітеді. Контракт демекші, былтыр олардың көбімен шарт та бір-ақ маусымға жасалған. «Оқжетпестің» орташа ғана бюджеті бар екенін ескерсек, өз құнын арттырып, молдау ақша сұраған, сөйтіп, қазіргісін місе тұтпаған жақсы ойыншыларға да олай істер жағдай жоқ. Қолымыздағы деректерге қарағанда, командадан бразилиялық белді шабуылшы, техникасы жоғары Данило Алмейданың кетуіне де осы себеп болды. Клубтың ойыны жақсы черногориялық Дарко Зоричті де әйтеуір, өйтіп-бүйтіп келісіп, әзер ұстап қалған жайы бар. Бұл арада аузынан мұндай сөз шықпаған легионер «Оқжетпестің» барлық бұрыштамалары мен стандартты айып доптарын шебер орындайтын сербиялық Милан Стоянович қана сияқты. Өзіміздің есімдері белгілі Нұрлан Дайыров, Александр Кислицин, украиналық Иван Бабко, тағы кей футболшылар да әртүрлі себептермен командамен хош айтысты. Әлеуметтік желілерде бас жаттықтырушыға қатысты да осындай сыбыстар болмады емес, болған. Біз содан қорқып едік. Өйткені, Андрей Карпович жас та болса өз міндетіне мығым, келе салысымен «Оқжетпестің» ойынына жаңаша леп берген білікті бапкер. Сондықтан, қаңтардың басында облыс әкімі Ермек Маржықпаев келесі маусымда да команда тізгініне отандық осы жаттықтырушыны жөн көріп, онымен еңбек шартын ұзартқанына, ал, Карповичтің өзі болса, бұл шешімді үлкен жауапкершілік, зор ықыласпен қабыл алғанына бір серпіліп қалғанымыз айдан анық.
7 қаңтардан бастап команда Түркиядағы оқу-жаттығу жиындарына кірісті. Қазір осындай екі жиын артта қалды. Бұл күндері Анталияда оның ең соңғы – үшіншісі өтуде. Осы аралықта клуб командадан кеткен ойыншылардың орнына бір топ жаңа футболшыларды да қабылдап үлгерді. Атап айтқанда, оқу-жаттығу жиындарында жаттықтырушылар штабы шама-шарқын байқап көрген ресейлік шабуылшы Исламнұр Абдулавов, сербиялық шабуылшы Марко Обрадович, былтыр бірінші топтан Премьер-Лигаға шыққан Ақтаудың «Каспий» командасында ойнаған қорғаушы Талғат Күсепов, беларусьтік қорғаушы Алексей Гаврилович биылғы маусымда «Оқжетпесте» ойнайтын болды. Кезінде Мәскеудің «Локомотив» командасында тәрбиеленген 29 жасар қорғаушы Даниил Чертов та араға үш жыл салып, командаға қайтып оралды. Сондай-ақ, клубтан кеткен бір бразилиялықтың орнына (Данило Альмейда) екінші бір бразилиялық қорғаушы Жиан дос Сантос Мартинс та биылғы маусымда бізде доп теппекші. Бұл екі ортада Көкшетау футбол клубының түлектері, екінші лигада өнер көрсететін «Оқжетпес М» командасының ойыншылары Әділ Батталов пен Арман Төлегеновтің де негізгі құрамға алынғанын естіп қуандық. Шынында, бұрын да, қазір де жанкүйерлер аузынан жиі шығатын сөз – команда құрамында ақша үшін сонау жердің түбінен келетіндер мен отыздың бел ортасынан асып, футболдағы карьерасы аяқталуға жақын «кәртәміштер» емес, неғұрлым өзіміздің жергілікті жастар ойнауы керек. Өйткені, олар алаңда 90 минут құр уақыт өткізу үшін жүрмейді, өздері өсіп-өнген осы елдің намысын ойлап, барын салады.
Солай деуін дейміз ғой. Алайда, бұған Қазақстан кәсіпқой футбол федерациясының биылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақтың құрамына кіретін мемлекеттердің футболшыларынан легионер атауын алып тастау туралы шешімі қырсығын тигізбесе. Біраз футбол мамандары енді ондай елдерден ойыншылар қаптап, біздің өз жастарымыздың шеберлер командасында ойнауы қиындайды деген пікірде. Бір есептен, бұл сөздің де жаны бар. Неге десеңіз, Қазақстанда футболшылар ақшаны күреп табады. Ал, жоғары айлық пен контрактіге шеттен кімдер үйір келмейді?!.
Биылғы жаңа маусымға дайындығын аяқтап та қалған «Оқжетпес» туралы да міне, көкейіміздегі бір үміт, бір күдік осындай. Әрине, команда жаңарған құраммен былтырғыдай өнер көрсетсе, алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Алайда, бас бапкердің өзі:
–Қазіргі уақытта команда толық жасақталды деуге әлі ерте. Негізгі құрам шамамен 75 пайызға белгілі болып отыр. Кейбір позициялар бойынша әлі де болса, сапалы екі-үш ойыншы керек. Уақыттың аз қалғанын ескеріп, қазір осы бағытта тездете жұмыс істеп жатырмыз, – деп шындыққа сүйенуі әр жаңа маусымға әзірліктің оңай еместігін аңғартады. Команданың бүгінгі таңдағы қауқары мен қарымы қандай, осы қалпымен ертеңгі күні неменеге қабілетті? Осы жағын оқу-жаттығу жиындарында басқа шетел клубтарымен өткен бақылау ойындары да біршама айқын аңғарта түскендей. Оның нәтижелері мынадай: «Оқжетпес» – Венгрияның «МТК» клубы 1:3, «Оқжетпес» – «Волунтари» (Румыния) 1:1, «Оқжетпес» – «Балтика» (Ресей) 1:2, «Оқжетпес» – Болгарияның «Черно Море» клубы 2:2, «Оқжетпес» – «Славия» (Болгария) 0:0, «Оқжетпес» – «Енисей» (Ресей) 1:2, «Оқжетпес» – «Қызылқұм» (Өзбекстан) 0:2, «Оқжетпес» – Қытайдың «Чжэцзян Гринтаун» клубы 1:0. Барлығы сегіз ойында бір жеңіс, төрт жеңіліс, үш тең ойын. Таяу күндері кезекте тағы осындай екі матч тұр.
Әрине, бақылау ойындары – дайындық барысындағы неше түрлі эксперименттер жасалып, көбіне екі құраммен ойнайтын жолдастық кездесулер. Оларға қарап, команда туралы түпкілікті ой түюге болмайды. Дегенмен, 4 жеңіліс… Қалай айтқанда да, бәрін енді наурыздың 7-сі күні басталатын біріншілік ойындары шешеді. «Оқжетпес» осы күні Шымкентте жергілікті «Ордабасымен» күш сынасады. Әйтеуір, өткен жылғы алғашқы ойында Талдықорғанда «Жетісудан» 5:1 есебімен омақаса асқандай болмаса болғаны. Бір қуаныштысы, кейін жерлестеріміз ойынды түзеп әкеткен. Биыл да өзіміздің сүйікті командамызға сенгіміз келеді. Тек тағы бір мәселе – стадионның жайы. Ол да жасанды футбол алаңы мен трибуналары жөндеу тілеп, федерацияның назарына ілігіп тұр. Осының салдарынан тағы да Көкшетауға футбол кешеуілдеп, клуб өз жанкүйерлерінің қолдауынсыз сырт алаңда ұпай жоғалтып, дағдармаса жарады.
Ал, жалпы, биыл футбол маусымы елімізде 29 ақпан күні Астана мен Қызылорданың «Қайсары» арасындағы Суперкубок үшін кездесумен ашылады. Соған алып-ұшқан біз қош келдің жаңа футбол қызығы дейміз. Әрине, осы жолда «Оқжетпеске» де алға, ешбір қарсыласыңнан тайсалма деп тілек қосарымыз да анық!
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар