Жоспарланған құрылыстар уақытында, сапалы салынсын

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Шортанды ауданында болып, жаңа құрылыс нысандары мен өндіріс орындарын және білім мекемелерін аралап көрді, ондағы істің барысымен танысып, тың міндеттерді белгіледі.

Облыс әкімі ең алдымен аудан орталығында салынып жатқан 36 пәтерлік тұрғын үйдің жағдайымен танысты. Құрылысы өткен жылдың сәуір айында басталған 4 қабатты тұрғын үй осы жылдың наурыз айында пайдалануға берілмекші. Шортанды аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Владимир Рибтің айтуынша, бұл тұрғын үй көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін тұрғызылуда. Атап айтқанда, 24 пәтері көп балалы отбасыларға, қалған 12 пәтері жағдайы төмен отбасыларға беріледі деп күтілуде. Өңір басшысы жаңа тұрғын үйдің бүгінгі жағдайына оң бағасын беріп, тұрғындарға пәтерлерді бөлу мәселесінің тым созылып кеткендігін айтып, осы жағын жеделдетуді тапсырды.
Бұдан кейін Ермек Маржықпаев «Полимер-Пласт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, өндіріс орнының қуатымен танысты. Нұр-Сұлтан қаласы мен қала іргесіндегі елді қажетті полиэтилендік өнімдермен қамтамасыз етіп отырған өндіріс орнында барлығы 35 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын 1200 тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы. Тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған серіктестікте орташа айлық жалақы 130 мың теңгені құрайды.
Әрі қарай өңір басшысы Төңкеріс ауылындағы балабақша құрылысында болды. Екі қабатты балабақша 140 орындық болады деп жоспарлануда. «Петростройлюкс», «Анвар Сагат», «Карагандастройпроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің құрылыс жобасы бойынша балабақшаны салуға жалпы 562,8 миллион теңге қаржы бөлінген көрінеді. Нысанды аралап шыққан облыс әкімі құрылыс қарқынының баяу екеніне ескерту жасады. Сонымен қатар, болашақ балабақшаның ауылдың сыртында орын тепкеніне көңілі толмады.
Сапар соңында облыс әкімі Бозайғыр орта мектебі мен осы ауылдағы мектеп-интернат пен колледждің тыныс-тіршілігімен танысты. Өткен жылы мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін 164 миллион теңге бөлініп, шатыры мен жылу жүйесі, электр желісі толығымен ауыстырылып, әйнек-есіктері жаңартылған екен. Қазақ және орыс тілдерінде білім беретін мектептің оқушыларымен әңгіме барысында Ермек Маржықпаев оларды спорттық жетістіктерімен құттықтады. Сонымен бірге, мектептің іші жылы болғанымен, спорт залының салқындау екенін аңғарып, білім ордасының басшысына осы мәселге назар аударуды тапсырды. Ал, колледждің директоры Марат Хамзинге студенттер санын арттыру міндеті жүктелді.
–Егер 445 орындық білім ордасында 146 ғана студент оқыса, оны күрделі жөндеуден өткізу үшін қомақты қаржы бөлудің маңызы болмай қалады. Сол себепті алдымен, оқу орнын білім алушыларға толтыру жағын қарастыру қажет, – деген облыс әкімі сапар барысында басқа да бірқатар өзекті мәселелерге назар аударып, олардың шешу жолдарын қарастырды.
Айтолқын АМАНГЕЛДІ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар