Көргендердің қабырғасын қайыстырды

Тележәшіктегі көрініс адамның құйқасын шымырлататындай тым ащы болатын. Ол үйге іле біз де бардық.

Бұл арада әңгіме «КТК» телеарнасының Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі Айзат Тұрғынбекқызының кешкі жаңалықтарда бір отбасының тұрмыс-тіршілігі туралы елді елең ете түсірген өткір сюжеті туралы болып отыр.

Көкшетау қалалық әкімдігіне маңдай тірегенде сол жақ қанатта таяқ тастам жерде ғана Әбілқасымов көшесіндегі №41 үй бір жақ бүйіріне жанта-
йып жатқан көнетоз баспана. Есігінің алдындағы алқам-салқам албары да, ішке енгендегі күтімсіз кіреберіс те, уақыттың табынан тоз-тозы шыққан үйдің сыртқы кейпі де жан шошырлық.
Ал, ішкі жағы адам көргісіз. Бір үйлі жанның басындағы өткел бермес қиындық тәрізді дөңкейіп жатқан табалдырықтан сүрініп-қабынып, маңдайшаға маңдайыңды соғып, әрең кіресің. Айналымға келмейтін тар бөлменің еденіне тақтай төселіпті. Тақтайдың үстінде іргеден соққан желге қамсау бола алмайтын жұқа, көнетоз көрпешелер жатыр. Оның үстінде бірі көрпенің астына кірген, бірі үстінде келген адамға жанары жаутаңдап, мөлдірей қарайтын жеті жеткіншек. Бірнешеуі алқымына қысылған өксікті жөтелін жөндеп шығара алмай тұншығып жатыр. Отағасы Бақберген Мейірманов Қызылорда облысына қарасты Қазалы станциясының тумасы. 2005 жылы тіршілігі қайнап жатқан Астана қаласына қоныс аударған. Зайыры болашақтың  ендігі бағдары, жерұйығы Астана деп есептесе керек. Әйтсе де, Қазалыдан қоныс аударған қарапайым адамдар Астананың теңіздей толқып жатқан тіршілігіне сіңіп кете алмаған. Мамандығы жоқ та емес, бар. Өзінің айтуына қарағанда, темір-терсекке үйір, слесарь.
Астанада әуелі күзетте, содан соң кезіккен әрқилы қара жұмыста істесе керек. Кейін отбасындағы балалардың саны көбейген. Осы жерде өмірге үшем келген. Тек бір өкініштісі, үшемнің біреуі Дәрияның жүрегі ауырады. Елордада екі рет ота жасалған. Кейін дәрігерлер қиырдағы Кореяға апарып емдетуге кеңес берген. Басында баспанасы жоқ, шиттей жеті баласын қалай асырауды білмей жүрген Бақбергенге Кореядан гөрі көк аспан жуықтау.
–Қарапайым адамдардың көмек-жәрдемін көп көрдім,–дейді Бақберген Сержанұлы, –Астанада тұрғанымызда жағдайымызды көрген бір ауқатты адам бір жыл бойы айына жүз мың теңге пәтерақымызды төлеп, паналатты. Үш бөлмелі үй береміз деген біреулердің уәдесіне сеніп қалып, Ақтөбенің Қандыағаш станциясына да барып келгенбіз. Уәде орындалмай, Қандыағаштың көшесінде қаңғырдық. Ішке сыйған жеті баланың сыртқа сыймай сандалғаны сол тұс. Баспананы айтасыз, қара дауыл мен қара жауында қарағаштың түбін паналаған. Кей адамның жылуынан, жәрдемінен ағаш жапырағының жылы болатындығын осы жерде сезіпті. Тұрақты мекен-жайы болмағаннан соң балаларын мектепке бере алмаған. Салт басты, сабау қамшылы болса бір сәрі, жеті баланың бірін жетектеп, бірін көтеріп, енді бірін көрпеге орап жүріп, есігін қақпаған үй қалмаған. Амалдың жоқтығынан Астанаға қайтып келген. Онда тұрғын-үй кезегінде 10 мыңыншы болып тұрған.
Елордада қазір пәтерақы бағасы күйіп тұр. Әрі жеті баламен пәтер берушілер алғысы келмейді. Іргедегі Көкшетаудан жалдап тұратын арзанырақ үй табылған. Айына жиырма мың теңгеге. Астанадан көп жақсы. Тек мұнда да балаларын оқуға беруге қиындық туған. Тағы да тұрақты тіркелген мекен-жайы болмағандықтан. Әйтеуір, көптеп, көмектеп №1 орта мектепке Нұрсұлтаны мен Нұрдәулеті барып жүр. Нұрсұлтан алтыншы сыныпта, Нұрдәулет бесінші сыныпта оқиды, қалған бесеуі әлі мектеп жасына толған жоқ.
Кешегі сюжетте Бақбергеннің жұбайының егіз балаға аяғы ауыр екендігі, оны алғызып тастаймыз деп отырғандары айтылды. Жан ашуы, жанайғайы. Ашынғаннан шыққан сөз ғой. Кейін ақылға келіпті. Біз осы үйде болғанымызда құлақтанған жаны ізгі жұрт дүмеп келіп жатты. Алдымен Көкшетау қаласындағы Ғалым атындағы мешіттің имамы Нұрлан Әбенұлы бастаған жамағат. Солтүстік Қазақстан облысындағы Теңдік ауылының тұрғыны Орынбай қажы елге көшіріп аламын деп дұғай сәлем жолдаған.
–Үй де, соғым да беремін, жұмыс та болады, балаларын оқытамыз,–депті иманды қажы.
Біздің көзімізше жас, сымбатты бір жігіт бейнетке бөгіп жатқан босағадан аттады. Айтуына қарағанда, дәл орталықтағы №3 қазақ орта мектебінің жанындағы бос тұрған үйі бар екен. Сол үйге кіргізбекші. Тіпті, мекен-жайы бойынша тіркетпек. Аты-жөнін айтудан бас тартты. Қайырымдылық жасағанды айғайлап айтқан әбестік деді ол.
Қарашаның қара суығынан қалтыраған бойымыз адамдардың жан жылуын сезініп, жадырап кеттік. Иә, қоғамның бәрі түгел, тегіс безбүйректеніп кетпеген екен. Қарапайым адамдар, жүрегінде иманы бар жамағат келіп, көмек қолын ұсынып жатыр. Құлақтанбай қалған жұрт хабарсыз болмасын деп осы бір жанашыр сөзді оқырманға жолдағалы отырмыз. Елдің елдігін танытар иманды шаруаға ат салысамыз деген ағайынға облыстық «Арқа ажары» газетіне хабарласуларына әбден болады. Көзін ашқалы жоқшылықтың зардабын тартып, тоңып, жаурап, ашқұрсақ жүрген жеті бүлдіршінді жеткізіп жіберер арлы азаматтарымыз аз емес шығар, иншалла!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар