«Игілік» қоғамдық қорының игі істері

Туберкулез ауруының алдын алуға маманданған «Игілік» қоғамдық қоры 2019 жылы Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының қаржылай қолдауымен әлеуметтік маңызы бар жобаны қолға алып, бұл күнде көптеген адамды осы игілікті істің шапағат шуағына бөлеп келеді. Таяуда қоғамдық қордың ұйымдастыруымен дөңгелек үстел жиыны болып өтті. Іс-шараға осы «Игілік» қоғамдық қорының төрайымы, Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бұрынғы бас дәрігері Айман Темірханова, «Луч надежды» қоғамдық қорының директоры, белгілі құқық қорғаушы Любовь Рубежанская мен Ақмола облысы бойынша Қызыл Ай қоғамы филиалының директоры Асхат Уәйісов қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.

Айман Темірханованың айтуынша, өз жұмыстарының өзегі – осы аурудың белгілері бар адамдар мен жалпы туберкулез ошағын анықтау, халықтың осал топтарын диагностикалауға қолжетімділікті жақсарту, еңбекпен түзеу орындарынан босап шыққан туберкулезбен сырқаттанушыларға қолдау көрсету, тағы сол сияқты шаралар болып табылады. Сонымен қатар, қоғамдық қор мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл мен әріптестік қатынастарды күшейту үшін Ақмола облысы жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасымен, қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен, полиция департаментінің жергілікті полиция қызметімен және көші-қон қызметі басқармасымен меморандумдарға қол қойып, бірлесе жұмыс атқарып келеді. Осындай меморандумдар облыстық туберкулезге қарсы диспансер, облыстық реабилитациялық наркология орталығымен, тағы басқа емдеу орындарымен де жасалды. Іс жүзінде бұл мекеме денсаулық сақтау, білім беру саласы, жергілікті полиция қызметі, әлеуметтік қорғау органдары, қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, миграциялық қызмет арасындағы байланыстырушы буынға айналды десек те артық емес.
Мамандардың пікірінше, туберкулез бүгінде әлем бойынша ең қауіпті жұқпалы індеттің бірінен саналады. Облыс аймағында аталған қауіпті індет бойынша аурушаңдық деңгейі біршама артып отыр. Олардың арасында балалар туберкулезі үлкен мәселеге айналды. Жыл басынан бері осы кесел салдарынан 4 адам қайтыс болған. 11 бала туберкулезге шалдыққан. Аршалы, Біржан сал, Бұланды, Есіл аудандары мен Көкшетау және Степногорск қалаларында көрсеткіштер жоғары.
–Туберкулез анықталғаннан-ақ оны уақытылы емдеу керек. Біздің басты мақсатымыз халықтың санитарлық ағарту және медициналық белсенділігін арттыру болып табылады.  Тұрғындарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Өкінішке орай, бізде осы жағы кемшін. Өз жұмысымызға волонтерларды да тартамыз. Қазіргі уақытта қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде, Көкшетау жоғары медициналық колледжі мен Щучинск жоғары педагогикалық колледжінде осы мақсатта жүздеген волонтер даярланды, – дейді қор төрайымы.
Айман Темірханованың өзі фтизиатрия саласының майталман маманы. Дәрігер дейтін мәртебелі мамандықты жүрегімен қалап, шеберлікпен меңгерген, ғұмырының саналы бөлігін осы салаға арнап келе жатқан тәжірибелі дәрігер, білікті маман, іскер ұйымдастырушы, оның мұрындық болуымен, бастамашылдық көрсетуімен осындай тілге тиек етерліктей игілікті істер жүзеге асырылып, ізгілікті де тағылымды, танымдық шаралар жалғасын тауып жатқандығын құптарлық іске балаймыз.
–Қазіргі таңда мемлекет алғы кезекке пациентті емдеуді емес, аурудың алдын алуды қойып отырғанда, біз атқарар жұмыс жетерлік, – деді Любовь Рубежанская да дөңгелек үстел отырысында өз ойын ортаға салып. – Өкінішке орай, туберкулезбен ауырғандар арасында әлі күнге осы аурудың зардабы мен қауіп-қатерін толыққанды сезіне бермейтіндер бар. Сондықтан, біздің миссиямыздың өзі осы бір маңызды мәселені облыстың әрбір тұрғынына жеткізе білуде жатыр.
Қысқа мерзім ішінде мыңдаған адамды ақпараттық-түсінік жұмыстарымен қамтып, полиция департаментінің, қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен басқа да арнайы контингенттің арасында оқыту семинарларын өткізіп тұрамыз. Туберкулезді дер мезгілінде анықтау және халықтың осал топтары арасында оның асқынып кеткен түрлерін тіркеу, 18 жасқа дейінгі балалар арасында туберкулезбен сырқаттану проблемаларын шешуде және тағы басқа мәселелерде өзгелермен бірлесіп, осы ауруды болдырмаудың ортақ бір шешімін табатынымыз айқын. Айта кетуіміз керек, балалардың арасындағы профилактикалық жұмыстардың бірі БЦЖ вакцинасын пайдалану болып саналады. Бала дүниеге келгеннен бастап алғашқы төрт күнде осы БЦЖ вакцинасын алуы керек. Ол туберкулезге баланың шалдықпауына бірден-бір тікелей көмек көрсететін, баланың денсаулығын қорғайтын екпе. Жыл сайын туберкулезден миллиондаған адам көз жұмады. Өкпе туберкулезімен ауырған және ем-дом қабылдамаған науқас ауруын 100 адамға жұқтыруы мүмкін. Бірақ, олардың барлығы туберкулезбен ауырмайды, себебі, ағзаның қорғаныс күші болып табылатын иммундық жүйе туберкулез тудыратын вирусқа қарсы тосқауыл бола алады. Ал, иммунитеті нашар, сонымен қатар, өкпе ауруына, қант диабетіне, асқазан жарасына, психикалық ауруларға шалдыққан, ішімдікке, есірткіге тәуелді және АИТВ-мен өмір сүріп жатқан адамдар туберкулез ауруына жиі шалдығады. Сондықтан, әр адам өз денсаулығына жіті болғаны абзал.
Осы орайда, адамдарға жақсылық жасауға үндейтін мекемелердің бірі Ақмола облысы бойынша Қызыл Ай қоғамының филиалы. Филиал директоры Асхат Уәйісовтың айтуынша, туберкулезге шалдыққан жандардың басым көпшілігі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар. Қор бастамасымен сондай отбасыларға азық-түлік пакеттерін үлестіреді екен. Ағымдағы жылы 70 отбасына осындай көмек көрсетілген. Бір азық-түлік пакетінің орташа салмағы 3 келіден 8 келіге дейін.
–Біз әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын отбасыларды аралап, оларға азық-түлікті тегін таратамыз. Бізбен «Игілік» қоғамдық қорының қызметкері Фариза Абдулаева бірге жүріп, аурудан сақтану жолдары туралы кеңінен ақпарат беріп, тұрғындарды құлақтандырып отырады, – дейді қор директоры.
Халқымыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген. Ендеше «Игіліктің», жоғарыда аталған қоғамдық ұйымдардың атқарып жатқан игі істері әлі талай оң нәтиже беретініне сенім зор.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар