Өнеркәсіпті қала, көркейіп, өсе бер!

Облыс әкімі Сергей Кулагин Степногорск қаласының 50 жылдығына арналған салтанатты шараға қатысып, қала тұрғындары мен меймандарын мерейтоймен құттықтады.

Моноқалалар санатындағы Степногорск шаһары соңғы жылдары көркейе түсуде. Сәнді нысандар бой көтерді. Өндіріс ошақтары қалыпты жұмыс істеуде. Облыс орталығынан кейін екінші қала саналатын Степногорск өздерінің жарты ғасырлық тойына тыңғылықты әзірлікпен келгендігін аңғартты.
Салтанатты шараның негізгі бөлігі қалалық әкімдіктің алдындағы орталық алаң мен «Горняк» мәдениет үйінің жанында өтті. Әр жерде орнатылған билбордтар мен баннерлерде қаланың өсіп, өркендеу жолы айшықты көрініс тапқан. Сондай-ақ, қол жеткен жетістіктер LED экран арқылы да кеңінен насихатталып жатты.

«Қайырлы таң, Степногорск!» мерекелік шарасы автокөлік және мотоциклшілер шеруімен басталды. Ашық алаңдағы сахна төрінде ән шырқалып, билер орындалды. Балалар фестивалі мен бүлдіршіндердің өз қолдарымен жасалған көрмедегі әртүрлі туындылар көпшілік қауымды бейжай қалдырған жоқ. Жұрт назарына спорттық сайыстар да ұсынылды. Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, асық ату, армрестлинг, гир көтеру сайыстарынан жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. Алаңда түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылды. Әсіресе, «Жас-тар ЭКСПО-2017» павильонының әсем жабдықталуы жұртшылық көңілінен шықты дей аламыз.
Облыс әкімі Сергей Кулагин Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, соғыс және еңбек ардагерлері, қаланың құрметті азаматтары және зиялы қауым өкілдерімен бірге, Тутұғырдың ашылуына арналған айшықты шараға қатысып, сөз сөйледі.
– Степногорск қаласының мерейтойы баршамыз үшін жарқын мереке. Жарты ғасыр тарихы бар қаланың өсіп-өркендеуіне сіздер лайықты үлес қостыңыздар. Жастық шақтарыңыз осы жерде өтті. 
Қала небір қиыншылықтарды артқа тастап, өткен мерзім ішінде айтарлықтай өркендеді. Облысымыздың  мәдени-әлеуметтік және экономикалық жағынан дамуына сүбелі үлес қосып отырғандығы сүйсінерлік жай. Моноқалалар санатындағы шаһардың болашағы жарқын,–деп барша қауымға сәттілік тіледі.
Түс ауа «Горняк» мәдениет үйінде өткен салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде де облыс әкімі қаланың дамуына зор үлес қосқан бұрынғы КСРО-ның машина жасау министрі Е.Славский, Целиноград тау кен-химия комбинатының алғашқы директоры С.Смирнов, Целиноград облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Кручина, Степногорск қалалық атқару комитетінің алғашқы төрағасы А.Серов және қаланың іргетасын қаласуға атсалысқандардың есімдерін құрметпен атады.
Концерттік бағдарламада әнші Парвиз Назаров тамылжыта ән шырқады. Астана қаласы Ұлттық музыка академиясының қазақ халық-аспаптар оркестрі, облыстық филармония мен Степногорск қаласының шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Кешке таман мерекелік шара «Степногорск – достық қаласы» музыкалық фестиваліне ұласты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Степногорск қаласы.         
Суретте: Тутұғырды ашу салтанаты.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар