Ақмолалық былғары қолғап шебері кәсіби боксқа ауысты

Ақмолалық былғары қолғап шебері кәсіби боксқа ауысты

Бокстан 2018 жылы өткен жасөспiрiмдер арасындағы Олимпиада ойындарының күмiс жүлдегерi, 19 жасар Талғат Шәйкен әуесқой бокстан кетуге шешiм қабылдады.

Шаршы рингте топ жарып, жетістікке жетудің қиын жолын жас спортшы небәрі 10 жасында бастаған. Боксшының қоржынында жасөспірімдер Олимпиадасының күміс медалі мен жастар арасындағы Азия чемпионатының бас жүлдесі бар.
2019 жылы Талғат Шәйкен ересектер арасында өткен додада да сәтті өнер көрсетіп, Қазақстан Спартакиадасы аясында Қызылорда қаласында өткен республикалық біріншілікте қарсыластарынан басым түсті.
Бүгінде бокс әлемінің жаңа есігін ашқан Көкшетау тумасы «MTK GLOBAL» промоутерлiк компаниясымен келiсiм-шартқа отырып, кәсiпқой боксшылар арасында өнер көрсетуге ынталануда.
«Құрметтi достар, Сiздерге қолдау көрсеткендерiңiз үшiн үлкен алғыс бiлдiріп, кәсiби боксқа өтетінім туралы хабарлағым келедi. Мен «МТК GLOBAL» атты әлемдiк жетекші менеджерлiк компаниялардың бiрiмен келiсiм-шартқа отырдым. Алдағы уақытта қазақстандықтарды кәсiби рингте табысты өнерiммен қуантуға тырысамын» деп жазды Талғат Instagram-дағы өз парақшасында.
Жас боксшы әуесқой рингтегі қарсыластарын бiрнеше рет нокаутқа жiберiп, өзін мықты нокаутер ретiнде көрсеттi. «MTK GLOBAL KAZAKHSTAN» менеджерлiк компаниясының басшысы Асқар Салықбаев елiмiздiң жетекшi боксшыларымен келiсiм-шартқа қол қою – болашаққа инвестиция екенiн әр сұхбатында айтады.
19 жастағы боксшының беташар кездесуінің қай күні өтетіні әлі белгісіз. «МТК GLOBAL»-дың қазақстандық филиалы бар. Аталмыш филиал өз жұмысын 2019 жылы бастады. Беделді компанияның ең танымал клиенттері – WBC ауыр салмақты титулын иеленген ұлыбританиялық Тайсон Фьюри мен орта салмақта WBO чемпионы Билли Джо Саундерс.
Ботакөз БАҚБЕРГЕН,
Еуразия Ұлттық университетінің
журналистика факультетінің студенті.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *