Бір біргеміз! «Халық алғысы» медалі – ел алғысының көрінісі

Елордада өткен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған «BIZ BIRGEMIZ» онлайн-форумына Ақмола облысы да бейне байланыс арқылы қатысып, облыс әкімі Ермек Маржықпаев бір топ еңбеккерлерді «Халық алғысы» медалімен марапаттады.

Аталмыш іс-шараның мақсаты – білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласында жемісті жұмыс істейтін және пандемиямен күресте ерекше көзге түскен азаматтарды  мадақтау.

Форум аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей эфирге қосылып, қазақстандықтарды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындауға шақырды. Сонымен қатар, ол өз сөзінде коронавирус инфекциясын жұқтырып, қайтыс болған жандардың отбасыларына көңіл айтып, науқастарға тезірек сауығып кетулеріне тілектестігін білдірді.

–Әлемдегі барлық елдерде, соның ішінде Қазақстанда да күрес шаралары жүргізілуде. Бұл өте ауқымды әрі өте күрделі жұмыс. Осыған орай, мемлекет тарапынан теңдессіз шаралар қабылданды. Корнавируспен күресу үшін бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратылды. Шағын және орта бизнес өкілдеріне бірқатар жеңілдік жасалды. Елбасының бастамасымен құрылған «Біз біргеміз» қорынан да көлемді қаржы бөлініп, мұқтаж жандарға нақты көмек беріліп жатыр. Бұл жұмысты «Нұр Отан» партиясы белсенді түрде жүзеге асыруда. Осының бәрі бірлігіміздің бекемдігін көрсетеді. Дегенмен, бұл аса жұқпалы дерт азаматтарымыздың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп, халықтың әл-ауқатына нұқсан келтіруде. Осындай күрделі кезеңде барша жұрт жауапкершілік танытудың қаншалықты маңызды екенін түсінді деп ойлаймын, – деді Президент. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әр адам өзі мен жақындарының денсаулығына мұқият болуы керегін айтып, індетті жеңу – әр азаматтың өз қолында екенін атап өтті.

Сонымен қатар, форум барысында онлайн режимде еліміздің әр аймағындағы пандемиямен күресте елеулі еңбек етіп, қажырлылық танытқаны үшін республика бойынша түрлі қоғамдық саланың 343 маманы «Халық алғысы» медалімен мараптталды. Оның ішінде 60 дәрігер және 39 полиция қызметкері «Халық алғысы» медалінің иегері атанды. Елордадағы мамандарды Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева марапаттады.

Форумға барлық министрліктің  бірінші басшыларымен қоса, барлық облыс әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысып, өз өңірлерінің ержүрек те белсенді еңбеккерлерін, нақтырақ айтсақ, елімізді жайлаған қауіпті індетпен күресте ерекше көзге түскен азаматтарын марапаттады.  Қазақстан Республикасы Президентінің атынан Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев та ақмолалықтарды құттықтап, «Халық алғысы» медалін табыс етті. Олардың ішінде Көкшетау техникалық институтының басшысы Сырым Шәріпханов, волонтер Ирина Катухова, Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Сәбитова, волонтер, «Ақмола және «Жаңа толқын» қорының төрайымы Жайнагүл Қаббасова, Зеренді аудандық «Зерен» газетінің бас редакторы Светлана Ким, Ақмола облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары Әсет Бәйзебеков, Бурабай ауданындағы «Жұлдыз» шипажайы мектеп-интернатының медициналық бөлімшесінің меңгерушісі Галина Детевалар бар.

Қазіргі кезде әлемді дүрліктірген пандемиямен күресте денсаулық сақтау ісі еліміздің ең маңызды жетекші саласына айналды. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері және волонтерлер де алдыңғы шепте болды. Осыған орай, форум барысында бір топ спикерлер де сөз алып, ізгі ниеттерін білдірді.

Форум соңы Ибрагим Ескендірдің орындауындағы «Біз біргеміз» әніне ұласты. Иә, біз біргеміз, бар қиындықты бірге еңсереміз.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,

«Арқа ажары» газетінің өз тілшісі.

 

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар