Қуанышты игіліктің кілттері

Қуанышты игіліктің кілттері

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев астанамыз Нұр-Сұлтан қаласы күні қарсаңында қалалық және аудандық полиция бөлімшелеріне қызметтік автокөліктердің, бірқатар қала тұрғындарына «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жаңа пәтердің кілттерін табыс етті. Баспаналы болған отбасылардың шат-шадыман қуанышына Табиғат-Ана да ортақтасқандай, аспаннан нұр жауып тұрды…

Облыс орталығының Абылай хан алаңында өткен салтанатты шарада аймақ басшысы полиция қызметкерлері мен қала тұрғындарын астана күнімен құттықтады.
–Бұл күн әрбір қазақстандық үшін маңызды мереке. Еліміздің төрінен аз уақыттың әсем қала бой көтерді. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың зор еңбегінің жемісі. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы саяси-экономикалық ірі орталық ретінде әлем елдерінің беделді астаналарының қатарына енді. Мемлекеттік маңызы зор Астана күні қарсаңында біз барлық аудандық және қалалық полиция бөлімшелерін қызметтік автокөліктермен қамтыған дұрыс деп шешім қабылдадық, – дей келе, полиция бөлімшелерінің қызметкерлері мен учаскелік полиция инпекторларына автокөліктердің кілттерін табыс етті. Бұл автокөліктердің 20-сы полицияның кезекші бөлімдеріне, ал 18-і учаскелік полиция инспекторларына берілді. Атап өту керек, биылғы жыл «учаскелік полиция инспекторлары жылы» деп бекітілген болатын.
Қазіргі коронавирус пандемиясымен күреске, карантиндік талаптардың сақталуын қадағалауға атсалысқан полицейлер медицина қызметкерлерімен бірге тәулік бойы тік тұрып еңбек етуде. Блок-бекеттерде сіңірген еңбектері де айтуға тұрарлық. Пандемиямен күрес кезінде халық олардың көшеде жүріп, тәртіпті күзетулеріне ерекше мән беруде.
–Қазіргі індет дендеген уақытта тәртіп қатаң сақталуы керек. Індеттің таралмауына қосып жатқан үлестеріңіз үшін барлық жеке құрамға және департамент бастығы, генерал-майор Арманбек Баймурзинге алғысым шексіз, – деген облыс басшысы бұдан әрі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған жаңа үйлердің тұрғындарына пәтер кілтін табыстау салтанатына қатысты. Сарыарқада бой көтерген №9/9 үйде 80 отбасы өздерінің қоныс тойын тойлайтын болады. Бұрын мұндай салтанатты рәсімге пәтерге ие болып жатқан отбасылардың барлық мүшелері қатысып, қуаныштарымен бөлісетін. Алайда, қазіргі жұқпалы індетпен күрес кезінде салтанатты шараға карантиндік талаптарды сақтай отырып, отбасылардың тек бір ғана мүшесі қатысты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетті дамытудағы саяси бағыттарының бірі – әр қазақстандықтың баспанамен қамтылуы. Ал, бұл шара дәл осы мерекеге жарасып-ақ тұрғандай. Жыл басынан бері облыста 15 мың шаршы метрді қамтитын тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, 750 отбасы баспаналы болды. Жыл соңына дейін әлі де 50 мың шаршы метрді қамтитын тұрғын үйлер тұрғызылмақшы. Соңғы бес жылда облыс орталығында тұрғын-үй құрылысы саласында үлкен жұмыстар атқарылып, жоғарғы көрсеткішке қол жеткізілді. Мұның жарқын бір бейнесі Сарыарқа шағын ауданының бой көтеруі. Онда соңғы жылдары 45 көппәтерлі үйлер салынып, 3 мың пәтер кілті иелеріне тапсырылды және 14 үйдің құрылысы бас-талды. Осы жылы Көкшетау қаласында 41 мың шаршы немесе 800-ге жуық жалдамалы және несиелік пәтерлер пайдалануға берілетін болады,–деді облыс әкімі.
Баспаналы болған отбасыларға кілт табыстау кезінде алты баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған көп балалы ана Гүлайым Ерғалиева сөз алып, Елбасының салиқалы саясаты мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына өңірімізде бас-көз болып жүрген аймақ басшысына алғысын білдірді. Ол осыдан 10 жыл бұрын облыс орталығына отбасымен қоныс аударыпты. 6 қызы бар ананың сүт кенжесі небары бір жарым жаста екен.
Салтанатты шаралардан соң, өңір басшысы Сарыарқа және Көктем шағын аудандарының аралығындағы жол құрылысы жұмыстарының барысымен танысты. Мердігер компания – «Daloraz Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл аралықтағы жолдың ұзындығы 1,2 шақырымды құрайды. Әкім мердігер мен құрылысшыларға жұмыстың сапасына назар аударуды тапсырды.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен пікір бөліскен Ермек Боранбайұлы Астана күнімен құттықтай келе, бүгінде көрікті Көкшетау қаласы құрылыс алаңына айналып отырғандығына баса назар аударды. Биыл облысқа республикалық бюджеттен «Жол картасы» бағдарламасы аясында 45 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржы аудандар мен қалалардағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды ағымдағы жөндеу, күрделі жөндеу, жол құрылысы, аулаларды абаттандыру секілді жұмыстарға пайдаланылып жатқандығын айтты. Биыл облыс орталығында алдағы күзде өткізілетін форум аясында да елеулі жұмыстар атқарылуда. Көшелер жаңартылып, заманауи зәулім ғимараттар бой көтеруде.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *