Ата Заң – тәуелсіздік кепілі

Ата Заң – тәуелсіздік кепілі

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен және Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәмидің қатысуымен онлайн-режимінде еліміздің негізгі Заңының 25 жылдығына арналған «Ата Заң – тәуелсіздігіміздің тұғыры» атты конференция болып өтті.

Конференция жұмысына Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров, «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің басшысы Жабал Ерғалиев, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен А.Мырзахметов атындағы университеттің ғалымдары қатысты. Конференцияны ашып жүргізген облыс әкімі
Ермек Маржықпаев өз сөзінде Конституция қоғамымыздың тұрақты дамуының кепілі екенін, ең басты құндылығымыз тәуелсіздікті, бейбітшілік пен тұрақтылықты бекіткенін атап өтті. Барлық мемлекеттік институттар мен әр қазақстандықтың басты мақсаты –құндылықтарды келешек ұрпаққа сақтап, тапсыру. Онлайн-конференция аясында Қазақстанның конституциялық дамуының тарихи аспектілері қаралды. Шараға қатысушылар мемлекеттік және қоғамдық өмірді жаңғыртуға ықпал ететін, сондай-ақ, қазіргі заманғы демократиялық қоғамды ілгерілетуге серпін беретін пікірлерімен алмасты, ұсыныстарын айтты.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми өз құттықтау сөзінде Конституция мемлекеттің, оның тәуелсіздігінің, біздің барлық жетістіктеріміздің негізі екенін атап өтті. Төраға өз сөзінде Ата Заңымыздың қабылданып, жұмыс істеуіне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың зор тарихи үлесі бар екендігін атап көрсетті және ол өз сөзінде ақмолалықтар мен көкшетаулықтарды алдағы қос мереке – Нұр-Сұлтан қаласының күнімен және Елбасының мерейлі 80 жасқа толуымен құттықтады. Негізгі Заң қоғам мен мемлекеттің келбетін анықтап, олардың мүддесі мен құндылығын қорғайды. Конституцияны білу және оның қағидаттарын сақтау, оны құрметтеу – кез-келген демократиялық мемлекеттің міндеті. Конституциялық Кеңес жұмысы Қазақстан Республикасы Конституциясының барлық нормаларын орындауды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл туралы Қазақстан Рес-публикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі Әлібек Темірбеков пен Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров баяндап берді. Ол өз сөзінде қазақ халқының далалық басқару жүйесінің ерекшелігіне тоқталып, әз-Тәукенің Жеті жарғысының далалық заңдылықты қалыптастырудағы тарихи маңыздылығын тереңдете баяндады. Қазіргі уақытта қазақстандық қоғамның өсіп-өркендеуіндегі Конституцияның рөлі зор екендігін атап өтті.
Онлайн-конференция барысында «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің басшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев өз сөзінде тәуелсіздікті қалыптастыру мен орнықтырудағы Елбасының рөлін ерекше атап көрсетті. –Қазіргі уақытта ешқашан сөз тигізуге болмайтын жеті қасиетті дүниеміз бар,–деді ол. Олар: Тәуелсіздік. Жер. Ата Заң. Тұңғыш Президент. Көк Ту. Әнұран. Елтаңба. Міне, осы жеті қасиетті біз бүгінгі және келер ұрпақтарымыздың санасына сіңіруге тиістіміз. Және де әрбір мемлекеттік қызметкердің алдында Қазақстан Республикасының Конституция-
сы да тұруы керек қой.
Содан кейін А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы Мәди Елубаев, аталмыш университеттегі халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі Ардақ Қапышев, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры Аманай Сейітқасымов сөз сөйледі. Өңір басшысы Ермек Маржықпаев Конституция еліміздің дамуының сенімді іргетасы екенін атап өтті.
–Біз жаңа қоғам, жаңа мемлекет құрудамыз, жаңа экономиканы дамытудамыз. Ата Заңға арналған шара астанамыз Нұр-Сұлтан қаласының мерекесі қарсаңында өтіп отырған қазақстандықтар үшін маңызды. Мемлекетіміздің қалыптасуына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің сүбелі үлесін қосты,–деді облыс басшысы.
Онлайн-конференцияға қатысушылардың пікірлері Конституция мемлекеттің негізгі мызғымас заңы деген тұжырымға тоқайласып жатты. Оның әр бабы мемлекеттік органдар мен барлық қазақстандықтардың заңнамалық және өзге де шешімдері мен істерінде жүзеге асуы тиіс.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *