Желілік маркетинг сан соқтырмасын

Ауырмайтын адам кемде-кем. Денсаулық сызат берсе болғаны, дәрі-дәрмек атаулыны іздеп шарқ ұратынымыз бар. Жасырары жоқ, дәрігер жазып берген дәрі-дәрмек былай тұрсын, емші-балгерлердің көмегіне жүгінетіндер де жоқ деуге болмас. Дәрігерлерден гөрі, бақсының болжағанына сенген халық, қайғысына қайғы, дертіне дерт жамап алып жатқаны да өтірік сөз емес. Әсіресе, елімізде қазіргі таңда коронавирус дерті ушығып жатқанда «пайдалы кеңестің» түр-түрі ғаламторда қаптап жүр. Оны айтасыз, соңғы жылдары желілік маркетинг жетегінде жүргендер көп. Бәрі жөн-ау! Бірақ… сол жұмыстың соңында жүргендердің арасында таныс-тамырға қарызданып, тіпті несие алып, кейбірі бизнесін де құрдымға жібергендері бар.

Желіліктер көбіне ББҚ (биологиялық белсенді қоспаларды) сатады. Бұрнағы жылдары біздің бір жақын танысымыз осындай желілік компанияға дистрибьютер болып қосымша жұмысқа орналасты. Бір ғажабы ол «алыстан дорбаламай» жақын жерден, яғни, өз жұмысында отырып-ақ, өз саудасын дөңгелетіп отырды. Қай ауруды айтсаң да, емі сол қыздан табыла қалатын. Белің ауырса пластырь, тісің ауырса арнайы паста, әйтеуір жүз дертіңе де ем табады. Бір қызығы, оқыған, зерек, көзі ашық азаматтар да осындай қисынсыз дүниеге сенеді. Біз осы мәселені алға тартып арнайы психолог мамандармен де пікірлестік.
– Айта кету керек, мұндай кәсіпті басқарып отырғандардың барлығы адам санасының ой-шұңқырын зерттеген білікті психологтар екендігін айтқым келеді, – деп бастады әңгімесін психолог Баян Әшетова. – Сол себепті де, олар әрбір адаммен қалай сөйлесу керектігін біледі. Бизнеске жұмылдыру мәселесін өз адамдарына үйретіп отырады. Ғаламторды ашып қарасаңыз, қарапайым қарым-қатынас этикасын үйрету сабақтарының арнайы видеолары, әдістемелік құралдар жетіп артылады. Байқасаңыз, желілік маркетингпен айналысатындардың мінез-құлықтары көбіне ұқсас келеді. Олар үнемі жайдары жүреді, жылы-жылы сөйлейді, біреуге жанашырлық танытады, жағдайыңмен санасады. Қазіргі адамдарға қарапайым адами жылулық жетіспейді. Кейбір адамдардың осы саудаға барын салып, тіпті қарызданып, қауқарланып жүретіндігі де олардың ойын дөп басып жанашырлық танытатын жандардың дер кезінде табылуынан. Тез байып кетуді көздейтіндер де жиі осы желілік маркетингке ұрынады, – дейді ол.
Иә, «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген. Осы күні әркім қолынан келетін іспен айналысып, күн көріп жатыр. Отбасындағы бірлік пен ынтымақ та, күнкөрістің жағдайына байланысты екендігі тағы рас. Өйткені, күнкөрісің, тұрақты жұмысың, ақшаң болмаса шаңырақтан береке қашары да белгілі. Бір ғана отағасының тапқан-таянғаны жетпейді. «Күректей» дипломы бар болса да, лайықты жұмыс таба алмаған соң белін буып, апа-жеңгелеріміз де отбасының қамы үшін базарға шығып, саудамен айналысып жүр, енді бірі осындай желілік маркетингтің соңында.
Айтпақшы, қазіргі таңда әлеуметтік ватсап немесе инстаграмм желілерінде «Оңай олжаға» кенелесіз деп үміттендіретін арнайы парақшалар мен топтар ашылған. «Екі мың теңге салсаңыз, екі сағатта сегіз мың қылып қайтарамыз» немесе «30 мың салсаңыз, 350 мың қылып қайтарып береміз», «Бар-жоғы төрт сағат ішінде миллионер атаныңыз» деген жарнамалар қаптап жүр. Біреуге бәлкім бұл қаражат ақша да емес шығар. Бірақ, көп ақша тапқысы келетіндердің басым көпшілігі қолы қысқа қарапайым қара халық қой. Соңғы тиынын белгісіз біреуге ақшамды екі еселеп қайтарып аламын деген үмітпен санап беріп, ақырында ақшасын қайтара алмай сан соғып қалса, өкінішті әрине…
Қазақ ежелден сенгіш халық. Өзгені қайдам, өзіміз сатушы қайтарып берген артық ақшаны да дүкенде тұрып санауға ұяламыз. Себебі, сатушы алдамайды деп сенеміз. Осының барлығы сайып келгенде қазақ халқына біткен аңғалдық, қарапайымдылықтан болар.
– Желілік бизнеспен айналысқаныма бірнеше жылдың жүзі болды. Жасырары жоқ, қосымша табыс көзі керек болды. Көп жылдар бойы мал дәрігері болып жұмыс істеген едім. Қазір елде ондай мамандықтар сұраныста емес. Бір танысым осы бизнеспен айналысуға шақырды. Қуана келістім. Бірақ, біраз қаражат керек екендігін естіген соң көңілім құлазып кетті. Жолдасыммен ақылдасып, несие алып осы жұмысқа ден қойдым. Несиеге алған барлық қаражатты салдым. Басында бизнесім өркендеп тұрды. Түрлі тренингтер, сан түрлі семинарлар, бәрі қызық болатын. Несиені уақытында төлеймін деп таныс-тамырға қарыздандым. Содан бизнес құрдымға кетті. Қысқасы, желілік маркетинг жетегінде жүріп көп танысқа қарызымды қайтара алмай жеккөрінішті болдым,– дейді басынан өткен жағдайды жыларман болып баян еткен Гүлмира есімді келіншек.
Жасырары жоқ, есепке келгенде қаржылық сауаттылығымыз төмен. Сол себептен де көбіне бәзбіреулерге есемізді жіберіп, жем болып жүрміз. Мұның ел экономикасына өте зиянды екенін түсінуіміз қажет. Сондықтан, біздің елде де бұл бизнес тәртіпке келтірілсе екен. Айта кету керек, желілік сауда жасайтындар үкіметке ешқандай салық төлемейді. Ал, бірқатар елдерде арнайы заң шығарылып, бұған тосқауыл қойылған. Осы мәселені алға тартып, бұрнағы жылдары депутаттар да Қазақстанда желілік маркетинг жүйесімен жұмыс істейтін компаниялардың қызметін шектеу туралы мәлімдеме жасағаны есімізде. Осыған байланысты халықтың арасында екі түрлі пікір туындаған. Осы бизнеспен айналысатындар кері пікір жазып өз ойларын ортаға салса, енді біреулері желілік маркетингтің жетегіне жастар кетпесе екен дегенді алға тартты. Себебі, маркетингтік қызмет түрін ұсынған жұмыс берушілер көбіне жастарды жұмысқа тартады. Өйткені, олар әр нәрсеге әуесқой, сенгіш, еліктегіш. Алды-артын аңдамайтын жастар жеңіл ақшаға әуес келеді. Жоғарыда келтірілген Гүлмираның басынан өткен жағдай кім-кімді болмасын ойлантса етті.
Қазіргі адамдардың көбі жұмысбасты, төсек тартып қалғаннан құдай сақтасын, дегенмен аяқ-қолы сау болса, жұмыс істей береді. Осындайда «жүз ауруға шипа» шөптер мен қоспаларды, дәрумендерді тықпалайтын саудагерлердің жолы болғыш-ақ.

Оңай олжа баянсыз болатыны анық. Оны қазақ халқы баяғыда-ақ айтып кеткен. Атадан балаға жеткен «Бұл не қылған батпан құйрық?» деген ертегіде-ақ байлықтың жолда жатпайтындығы айтылып еді ғой. Ең бастысы, «тегін ірімшіктің қақпанда ғана жататынын» қаперімізде ұстағанымыз абзалырақ-ау шамасы…

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар