Балбал тас па, әлде, сынтас па?..

Ұлан-ғайыр түркі даласында тарыдай шашылған  көнеден сыр шертетін бейне мүсіндерді  балбал тас деп  ұғынып келгеніміз рас. Бірақ, бұл балбал емес, сынтастар деген пікірлер де жиі айтылып жүр.

Шынында да, бағзы тарих жәдігерлері қалай аталады? – деген сауал ешкімді бейжай қалдырмаса керек. Біз де осы бір ойлардың жетегіне түсіп, өзімізше сыр тартып, тарихтың тереңіне үңіліп көрген едік. Балбал тас жайлы түсінігіміздің түбегейлі өзгеруіне Қытайдан келген қандасымыз Қуандық Көбенұлының тағылымды әңгімесі себеп болды. Біз қандас бауырымызды өзінің ата-анасын бабалар еліне  алып келген сапарында кезіктірген едік. Сол жолы ол хандар мен даналарға тұғыр болған Бурабайдың сұлу табиғатымен  алғаш рет қауышып, мауқын басқан-ды. Абылай алаңына  тоқтап, хан тағына да барып, ұлы бабаның ізі қалған жерлерді көрді. Жолай хан алаңына басқа жақтан әкелінген  балбал тастарды көріп, кәрі тарихтың сырға толы қатпарларына үңілген еді.
–Мына сынтастарды бұл жерге қайдан әкелді екен? – деді қытайлық қаламгер Қуандық Көбенұлы.
Бұл сынтас емес, балбал тастар екенін айтқанымызда, ол өзінің зерттеу еңбегін жайып салып, ағынан жарыла әңгімелей жөнелді.
–Жоқ, аға, бұл нағыз сынтастар, оның сырын айтайын, – деді де, тарихи жәдігерлер туралы тереңінен сыр ақтарды.
Оның айтуынша, Қытайдың қазақ көп шоғырланған Алтай аймағында сынтасқа қатысты жер атаулары өте көп екен. Сосын сынтас деген сөздің түп-төркініне үңіліп, оның келбеті адамға ұқсайтын құлпытас дегенді білдіретінін де ортаға салды. Сол Алтайда сынтасқа қатысты 30-40 жер атаулары бар болса, балбал тас жайлы бірде-бір жер атауы жоқ дейді ол.
Тарихқа жүгінсек, Күлтегін, Тоныкөк бабаларымызға құлпытастар орнатылған. Яғни, адам бейнесіндегі сынтастар. Ал, балбал таста ондай мүсіндік сипат жоқ. Ол қайтыс болған көсемнің сынтасының жанына өз руының, елінің таңбасы қашалған балбалдарды әкеліп қойып, құрмет көрсетуді білдіреді екен.
Шынында да, ойланарлық мәселе. Осы оймен энциклопедияны да ақтарып көрдік. Онда балбал көне түрік сөзі, соғу, қағу дегенді білдіреді делінеді. Түркологтардың пікірінше, тасты тіп-тік етіп қадап орнатқан белгілер деген мағынаны анықтайды.

Демек, балбал өліктің рухына арналып қойылатын ғұрыптық жөн-жосаның бірі болып табылады. Себебі, бағзы түркі заманында  мұндай қабір зираттары кесенеден салынғанын білеміз. Оған мәтін жазылатын бітіктас пен  тұғыртастан бөлек, яғни, бәдіздер – балбалдар да қойылады. Ежелгі түріктің ғұрыптық дәстүрлерінде дүниеден өткен қағанға немесе көсемге жоқтау айтып келетін елі өзінің рулық, тайпалық ерекшеліктеріне сай  таңбаларын қашап жазып, балбал тастарды алып келетінін түрколог ғалымдар  алға тартады. Сөйтіп, өлген адамның бейнесі бедерленген бедер тастан күншығысқа қарай  белгілі өлшеммен балбалдар, яғни, қол астындағы руларының таңбалары бар қазық қадалар орнатылған.
Энциклопедияда: «Балбал тас мүсін емес, дұрысында оның жанына тізбектеле қойылатын, сәл ғана өңделген, көбіне өңделмеген кішірек тас бағаналар. Ғұрыптық тас қоршаудың сыртындағы шығыс жақ іргесіне өлген адамның бейнесін беретін тас мүсін қойылса, одан әрі шығысқа қарай ондаған, кейде жүздеген балбалдар тізбегі орнатылады. Зерттеулерге қарағанда, балбалдар қаза болған батырдың өз бейнесін көрсетпейді. Мұндай  тас бағаналар қаза болған ардақты батырмен қоштасу рәсімін, оған ас беру салтанатына елдердің таксономикалық орналасу жүйесі бойынша арнайы келіп қатысқан және бір-бірден балбал тас әкеліп қойған түрлі рулық топтар мен жекелеген адамдардың құрметін көрсететін семантикалық өрісі кең нышандар болып табылады» делінеді.
Бұдан белгілі тайпа көсеміне арналып қойылатын  кешендер ғұрыптық рәсімдермен жалғасқанын көреміз. Әр ру, ел басылары өздерінің құрметі ретінде таңбалары қашалған балбал тастарды әкеліп орнатқан. Осылай тас белгілерді тізбектеп қадаған. Ғылыми тұжырымдарға негізделген түркологтар балбал тастар мүсін емес, оның жанына тізбектеле қойылатын кішірек тас бағаналар екенін айтып отыр.Тарихи деректерде атақты шешен, әрі ойшыл Иоллық әкесі Білге қағанға ескерткіш орнатқанда, оған: «Әкем Қағанға балбал тіктім» деген  екен.  Білге қағанға арналған балбал тастар тізбегі үш шақырымға созылып жатқанын да ғалымдар зерттеді. Ал, оның саны жеті жүзден асады екен. Бұл балбалдар өлген адамның бейнесін көрсетпейді, керісінше, оған құрмет көрсеткен елдің қоштасу рәсімін аңғартады. Балбалдар көп болған сайын оған құрмет көрсетуші елдердің де шоғыры көп екенін көруге болады. Қағанға бағынудың, не болмаса шекара аймағы белгіленбеген кезеңде жаңағы көсемге бағынышты елдің аумағын да осылай анықтаған сияқты. Ендеше біз өлген адамның бейнесі қашалған бедертастарды балбал деп өз ұғымынан алшақтатқанымызды байқаймыз. Адам кейпі бар мүсіндер сынтас екенін ғалымдар пайымдарынан да ұғынамыз.
– «Сынтас» деген сөздің астарына үңілсек, түбірі сын сөзінен құралады. Бұл жерде сын сөзі тасқа қашалған адамның келбеті деген мағына береді. Мұндай тас мүсіндер көсемдер мен сарбаздардың, абыздар мен бай манаптардың қабірлерінің басына қойылған ескерткіштер ретінде бізге жетті. Ондай мүсіндер жалаңбас, мұртты кескіндер арқылы қашалғанын көреміз. Кейде жағалы киім, сауыт-сайман асынып, бір қолы көкірегінде, ал, екінші қолы беліндегі байланған қаруында тұрған бейнеде кездеседі, – дейді Қуандық Көбенұлы. Ол сонымен бірге, шашы ораулы алқа, сырға тағынған күйінде де сынтастар көптеп көзге ұшырасатынын айтты. Мұны «келіншек тастар» дейді екен Алтай өңірінің қазақтары. Қандасымыз Алтай жерінде осындай 125 сынтас табылғанын да тілге тиек етті. Сосын тағы да өз өлкесіндегі тарихи жәдігерлердің сыр-сипаты жайлы әңгімесін әрі жалғады.
–Алтай қаласының іргесіндегі Шеміршек ауылы байырғы сынтас ескерткіштер қалың шоғырланған өлке саналады. Мұндағы бес сынтас адамның назарын ерекше аударады. Оның ұзындығы 55, ені 30 метрді құрайды. Қабір төртбұрыш таспен қоршалған. Көп сынтас-тарда жазылған жазулар толық зерттеліп болған жоқ.
Бұл сынтастардағы көзге ерекше көрінетін нәрсе – ойма жағалы, қаусырма етекті, кішкене жеңді киім киген адамның бедері дер едік. Ол оң қолына семсер ұстап, сол қолын иіп кеудесіне қойған. Бұл ұлықтық пен мәртебелі адамның нышаны іспеттес. Себебі, ол заманда қайтыс болған ел көсемінің аруағы осы таста болады, тас жығылмаса, оның рухы да мәңгі жасайды деген ұғым қалыптасқан сияқты. Қуандық Көбенұлы өзінің бұл пайымының астарын былай түсіндіреді. Ол бір қым-қуыт заманға толы тұс еді. Жаугершілік те көп болатын. Бүгін еңселі ел болса, ертең басқаның боданы болып шыға келетінін де тарихтан білеміз. Міне, жаңағы  бейнелі бедер тасқа қашалған көсемнің басы сындырылып,  жаугершілік заманда жаулап алған елдің ханына табысталған. Бұл елдің өз көсемінен айрылып, басқаның құлдығына түскенін де анықтай түседі. Тіпті, бір сынтастарда: «Біз де сіздей болғанбыз, сіз де біздей боларсыз» деген сөздер жазылғанын да жоққа шығаруға болмайды. Бұл екі ауыз сөздің астарында басқаның құлдық қамытын кигілерің келмесе кең даланы қызғыштай қорғаңдар деген өсиет жатса керек.
Алтай өңірінде кездесетін сынтастардың бірінде ит пе, бөрі ме, асқақ тұлғалы батырдың кейпі бар екен. Бірақ,  бөріге табынғанның себебін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Өзім Шоқан Уәлиханов  атындағы Көкшетау институтында оқып жүргенде, Қорқыт ата жырлары жайлы зерделегенім есіме түсті. Мәскеу мен Ленинград кітапханаларынан жаздырып алып, оқыған Бартольдтың, Жирмунскийдің ежелгі Қорқыт жырлары жайлы зерттеулерінде жаңағы көк бөрі жайлы да ауызға алынады. Алып Бамса жырында батырлар бөріге табынып, одан ақыл-кеңес сұрайтын тұсы бар еді. Бұл әлі ислам дінінің келмеген кезінде біздің бабаларымыздың көк бөріге табынғанынан хабардар етеді.
Бүгінде біз Көк бөрінің ұрпағымыз дейтініміз де осыдан қалған болуы керек. Қуандық Көбенұлына да көк бөрі жайлы тағылымның сонау Ватикан мен Дрезден кітапханаларынан табылған Қорқыт жырларынан бастау алатынын айтпай тұра алмадық.
Бабаларымыз неткен дана еді. Өздері жаугершілікте өмір сүрсе де, тасқа қашап, осындай ескірмес мұраны қалдырғаны нағыз ұлылықтың айқын нышаны болса керек. Жүз өзгеріп, мың түрленген кәрі тарихтың қатпарларында жатқан жәдігерлерді аршып алып, бүгінгі ұрпаққа табыстау біздің парызымыз. Мүсінді бедерлер балбал тас, жоқ болмаса, сынтас па?! Мәселе онда емес. Ең бастысы, бізге жеткен тарихтың осы бір сыры ұрпақ зердесіне ұсынылса деген ой еді бұл…

Бақыт СМАҒҰЛ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар